Тыңнан түрен салған тұлға
Бұл күндері облыстық ардагерлер кеңесінің бастамасымен өңірде көрнекті қоғам қайраткерлері, Ұлы Отан соғысының ардагерлері Қали Аманбаев пен Камали Дүйсембековтің туғанына 100 жыл толуы кеңінен атап өтілуде. Екеуі де қыстың басы – желтоқсан айында туып, арпалыс, алақұйын заманды бастарынан кешкен. Жоқшылықты, жетімдікті көріп, қан майданға, туған елін жаудан қорғауға аттанған. Қалекең Кеңестер Одағының үш мәрте Батыры Иван Кожедуб сияқты қырандарға авиамеханик ретінде қызмет етсе, Кәмекең жау танкілерін жайратып, өзі Батыр атанды, жауынгерлік ерліктің жоғары белгісі – «Даңқ» орденіне үш мәрте ие болды.
Бұдан кейін бейбіт еңбек жылдары екеуі де бір облыста тұрғанымен жолдары екі айрылды. Қалекең сол кездегі теңеумен айтқанда «идеология майданының жауынгері» болса, Кәмекең бар саналы өмірін соғыстан кейін күйзеліп қалған қазақ ауылын қаз тұрғызып, халқының тұрмысын түзеуге арнады. Екеуінің де бұл салада жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлық. Камали Дүйсембековтің өмір жолы газеттің өткен сандарындағы басылымдарына өзек болды, сондықтан бұл жолы Қали Аманбаев сынды қайраткердің ғибратты ғұмырына тоқталайық.
Қали Аманбаев 1924 жылдың 21 желтоқсанында Қарқаралы ауданының қазіргі Мамыраев селолық округіне қарасты табиғаты әсем Жыландыбұлақ деген жерінде дүниеге келген. Бұл қасиетті топырақтан «бір өзі – бір театр» атанған атақты актер Қалибек Қуанышбаев, Кеңестер Одағының Батыры Мартбек Мамыраев, ауылда алғаш трактор меңгерген қазақ қыздарының бірі, Еңбек Ері Нұрбақыт Қабдыкәрімова, тұңғыш қазақ ғарышкері Тоқтар Әубәкіров, басқа да танымал азаматтар туғанын атап өтейік.
Өзінің орыс тілінде, қайтыс боларының алдында жарық көрген «Жизнь, отданнная Отчизне» атты естелік кітабында Қалекең шыққан тегін, жастық шақта отбасының көрген тұрмыс тауқыметін бүкпесіз баяндайды. Руы – бізге атақты «Қыз Жібек» жырынан белгілі жағалбайлы, нағашылары – қалың темеш. Шешесі Сұлуха төрт жасында қайтыс болып кетеді. Өгей шешеден мейірім шуағын көре алмайды. Үлкен әкесі Әлібектен туған ағайынды Аманбай, Шабанбай, Құсайын ашаршылық жылдары күнкөріс қамымен жаңадан ашылып жатқан Қарағанды өндірісіне келіп, шахтаға түседі. Бірақ, ауыр жұмыстың зардабынан әкесінің інілері қайтыс болып, Аманбайдың өзі №1 көлбеу шахтасында забойшы және тіреуші болып істейді де, 1937 жылы зейнеткерлікке қол жеткізеді. Үлкен ұлы Айсаны үйлендіргеннен кейін қол қусырып отырмайын деген ниетпен жер үсті жеңіл жұмысқа өз ұжымына қайтып оралады. Ажал айдап барды дейміз ғой мұндайда, бірінші жұмыс күнінің өзінде мертігіп, қайтыс болады. Бұл кезде жас Қали небәрі 13-те еді. Сөйтіп, жетімдіктің зардабын көруге тура келеді. Өзінен 1,5 жас үлкен Мұқаш деген ағасы әкесінің інісінің, ал, Қали үлкен ағасы Айсаның қолына барады. Ағасы Айса болса, милицияда қызмет істеп жүріп, сотталып кетеді. Жеңгесі төркіндеріне кетіп қалады да, Қали құдайы көрші Бейсембай мен Айшаның үйін паналайды. Осы мейірімді жандар 17 жарым жастағы жігітті әскерге шығарып салады.
Жастық шақта басынан кешкен қиындықтар оны тезірек жетіліп, білім алуға, қызмет істеп, өзі-өзін асырай алуға, туыстарға, достарына, көрші-қолаңға, жалпы адамдармен тығыз қарым-қатынаста болуға баулыды. «Әке-шешесіз жетім өмір адам тұлғасының қалыптасуына, қылықтарына, мінез-құлқына, психологиясына әсер етпей қоймайды… Өзімнің еңбек жолымда, қай жерде жұмыс істесем де, мен әрдайым байсалды болып, шектен шықпауға тырыстым, бірге жұмыс істеген жолдастарыма бірқалыпты, қате пікірсіз қарайтым болдым. Қажет еткен адамға көмек қолымды ұсындым. Қайсыбір адамды нақақтан жамандайтын әдет бойыма дарымады», – деп жазды кейін естелік кітабында Қали Әлібекұлы.
Әбүйір болғанда жас Қали жақсы ортада өседі, қаладағы іргелі оқу ордасы – Жамбыл атындағы мектепте оқып, тәрбие алады. 1941 жылдың жазында милицияның паспорт бөліміне жұмысқа тұрып, тиын-тебен таба бастайды. Соғыс басталған жылы облыстық білім бөлімі оныншы сынып оқушыларын он айлық мұғалімдер курсында оқытады. Өйткені ол кезде мектепте бала оқытатын мұғалімдер саны азайып қалған еді. Физика-математика бөлімін кілең «беске» бітірген Қалиға бұл мамандық – бір жапырақ анықтама қағаз алдағы өміріне біраз азық болады. 1942 жылдың 12 маусымында әскерге шақырылып, Ленинград маңынан Қазақстанға, Петропавл қаласына көшірілген Селищенск әскери мектебінде авиамеханик әскери мамандығына оқиды. Міне, осы кезде ұшақтардың құрылымын оқып-үйренуге мұғалімдер курсында физика-математика пәндерінен алған білімінің көп пайдасы тиеді. Ал, 1943 жылы сәуір айының соңында курсанттар Дала майданының 5-әуе армиясы 240-шы жойғыш әуе полкі құрамында кескілескен шайқасқа кіреді. Көп ұзамай ұшқыштар Курск-Орел иініндегі сұрапыл соғыстың қайнаған ортасынан табылады. Жоғарыда айтқанымыздай, қазақ авиамеханигі Қали Аманбаев кейін Кеңестер Одағының Батыры атағына үш мәрте ие болған аға сержант Иван Никитович Кожедубтың ұшағына қызмет көрсетті. Ол Курск түбіндегі шайқастың алғашқы жеті күнінде жаудың бес ұшағын жайратты, барлығы соғыс жылдары 62 ұшақты атып түсірген еді. Авиациядағы одан арғы қызметі Мәскеу гарнизонының 14 запастағы полкінде жалғасты. Әскери қызметінің соңында ол 1946 жылдан 1950 жылға дейін 176-шы гвардиялық әуе жойғыштар полкында қызмет етті. Қазір кеңінен қолданылып жүрген реактивті ұшақтарды игеруге тура келген. Мәскеу әскери округінің партия активі мектебінде саяси білім алады. Сөйтіп, өмірінің сегіз жылы әскери қызметке арналды. Бұл жылдары да өмірден көп нәрсені үйреніп, орыс тілін жетік меңгеріп, саяси даярлығы да шыңдала түскен еді.
Елге оралғанда басты мақсаты жоғары білім алып, үйлену, отбасын құру және тағдыры бұған белгісіз туған-туыстарын табу болды. Әскерде жүргенде де оларды ойлап, қамығатын. Үлкен ағасы Айса Киров атындағы шахтада посадчик болып істеп, 1943 жылы үйінді астында қалыпты. Одан кейінгі ағасы Мұқаш майданнан мүгедек болып оралады, мұғалімдер институтын бітереді, бірақ 1948 жылы ауыр науқастан қайтыс болады. Осылардан басқа жақын, жанашыр туыстары, ақыл беріп, қол ұшын созатын ешкімі жоқ еді.
Өзінің естеліктерінде Қалекең өміріне елеулі бетбұрыс болған үш оқиғаны, үш белесті үнемі атап өтіп отырады. Партиялық жұмыста болып, жоғары лауазымды қызмет атқарғандарын емес. Олар өзіне жүктелген аса жауапты, өзі үшін де, қоғам үшін де тың істер еді. Қалекеңді тыңнан түрен салған тұлға деуіміз содан.
1949-1950 оқу жылы Қарағандыда көмір бассейнінің шахталары үшін арнайы дайындық жүргізетін жаңа үлгідегі 7 жылдық кен-техникалық училище ашылған екен. Оның басты ерекшелігі оқу орнына көмір өнеркәсібінде еңбек әулетін қалыптастыратын шахтерлердің балалары қабылданып, толық мемлекеттік қамқорлықта болады. Жеті жыл оқытатын себебі оған 5-сынып оқушылары алынып, орта арнаулы білім алады және «Көмір кен орнын ұқсату» және «Тау-кен механигі» мамандары даярланады. Мұндағы оқыту мен тәрбие жұмысы суворов училищесі сияқты еді. Оқушылары мұнтаздай таза бірыңғай киім үлгісімен қалаға шыққанда қызыға қарамайтын адам болмайтын. Қалидың әскери қызметі, саяси білімі ескеріліп, осы училище директорының орынбасары қызметіне тағайындалады. Бір жылдан кейін Ленинград қаласындағы еңбек резервтері курсына оқуға жіберіледі. Жігерлі жас жігіт курспен қоса Ленинград мұғалімдер институтын да бітіреді. Қос қызыл дипломмен келген маман бірден өз училищесіне директор болып тағайындалды. Училищеден бассейннің талай айтулы мамандары оқып шығып, өмірге жолдама алды. Осы училищеде ол өзінің өмірлік серігі Валентина Витольдовнамен танысып, 1953 жылы отбасын құрады. Қалекең жоғары білім алу жөніндегі арманын жүзеге асырып, Алматыдағы педагогикалық институтын, жұбайы Қарағанды пединститутын аяқтайды. Өмірге Сайран атты ұл келді. Ол кейін Нүрия атты қызға үйленіп, Қарағандыдағы белгілі азамат Бәрімбек Бейсеновпен құда болады. Екі немеренің қызығын қызықтап та үлгерді.
Өміріндегі екінші елеулі белес – ол Қарағандыда жаңа құрылып жатқан телестудияға тап болуы. Оқиға былай болған. 1953-1958 жылдары Қалекең партиялық жұмысқа ауысып, қалпарткомның нұсқаушысы, ұйымдастыру бөлімі меңгерушісінің орынбасары және ЖОО мен мектептер бөлімінің меңгерушісі болады. Соңғы бөлім қысқартылатын болып, Қали Әлібекұлына обкомның нұсқаушысы, мединституттың партбюро хатшысы және жаңадан құрылайын деп жатқан телестудия директорының лауазымын ұсынады. Қалекең көп ойланбастан телестудия тізгінін ұстауды қалайды. Бұған қала басшылары таң қалып, әрі партиялық жұмысты менсінбегеніне намыстанып қалады. «Мен, әлі жас едім, 34 жасымда жаңалыққа ұмтылдым, көпшілікке беймәлім істі танып-білгім келді. Ол кезде бұл телевидение еді, – деп жазыпты еселігінде біздің кейіпкеріміз.
Әрине, телевизия ол кезде жалғыз Аманбаев емес, көп мамандарға өмірдің жаңа университеті болғаны шындық. Ең бастысы, телестудияның шығармашылық ұжымын қалыптастыру, журналистерді, жұмысқа білікті режиссерлерді, кино-телеоператорларды, дикторларды, дыбыс режиссерлері мен дыбыс операторларын шақыру болды. Жұмысқа бел шеше кірісіп кетті. Сөйтіп, 1958 жылдың 31 тамызында Шахтер күні құрметіне Қарағанды телестудиясы алғашқы хабарын беріп те үлгерді. Қалекең телестудия мен телерадиокомитет басшылығы қызметінде 17 жыл болып, Қарағанды тарихында өшпес із қалдырды. Тамаша журналистер мен телевизия ісінің техникалық кадрларын тәрбиелеп шығарды. Өзінің естелік кітабында барша қоян-қолтық еңбек еткен әріптестерінің есімен ілтипатпен атап өтеді. Саяси білімін жетілдіру мақсатында СОКП Орталық комитеті жанындағы Мәскеу жоғары партия мектебін, ҚазМУ-дің аспирантурасында оқығаны да бар.
Қалекең Қазақстанда телевизия орталығын құрудың алғашқы пионері болып қана қоймай, тележурналистиканың теориясы мен практикасына елеулі үлес қосқан ғалым да. Ол 1972 жылы Қазақстанда телевизияның даму тарихына арналған кандидаттық диссертация қорғап, кейін бұл жұмысын монография ретінде жария етті. Бұл кітап көп уақытқа дейін тележурналистика жұмысын ұйымдастыру, оның жанрлары бойынша оқулық құрал ретінде пайдаланылып келді. Қалекең телевизия саласында қызмет атқарған жылдары республиканың еңбек сіңірген мәдениет қызметкері және КСРО-ның Құрметті радисі атақтарына ие болды. Бір қызығы, журналистика баспасөз, радио және телевизия сияқты үштағаннан тұрса, соның радио саласы туралы диссертация қорғап, «Алматыдан сөйлеп тұрмыз» деген тұңғыш зерттеу еңбегін жариялаған Қарағанды журналистерінің ұстазы Рамазан Сағымбеков еді.
Бұдан кейін ол 12 жыл партия қызметінде болды, облыстық партия комитетінде насихат бөлімі меңгерушісінің орынбасары, ғылым және оқу орындары бөлімінің меңгерушісі және 1974-1986 жылдары идеология жөніндегі хатшысы болып, лауазымды қызметтер атқарды.
Өміріндегі тағы бір айтулы белес – бұл соғыс және еңбек ардагерлері қоғамдық бірлестігін құрып, 14 жыл бойы оның облыстық кеңесінің төрағасы болуы еді. Мұнда да бәрін жаңадан бастауға тура келді. Шығармашылыққа кең жол ашып, аға ұрпақ өкілдерін өздерінің мүдделері мен құқықтарын қорғауға жұмылдыру қажет болды. Сөйтіп, 1987 жылдың ақпан айында құрылтай конференциясы өтіп, облыстық кеңес жұмысын бастады. Облыстың барлық қалалары мен аудандарында ардагерлер кеңестері, кәсіпорын, мекемелерде бастауыш ұйымдар құрылды. Оларға әдістемелік көмек көрсетіп тұру қажет. Бір жағынан алғанда, құрылымы жағынан ардагерлер кеңесі партия, кәсіподақ, комсомол, басқа да қоғамдық ұйымдарға ұқсас, бірақ, мұнда өмірлік тәжірибелері мол, шын мәнінде іскер азаматтар топтасқан. Қалекең бұл жұмысқа да әдеттегідей білек сыбана кірісіп, жұмысты іскерлікпен ұйымдастыра білді. Осы кезеңде ол облыстық телевизия мен партия органдарында істеген тәжірибесін бар қырынан жарқыратып, өзін жалынды публицист ретінде көрсете білді. Оның қаламынан ардагерлер қозғалысының өзекті мәселелері бойынша республикалық және облыстық басылымдарда 127 мақала шыққан екен. Өмірінің соңғы кезеңінде денсаулығына байланысты қоғамдық жұмыстан қол үзгенде замандастары туралы жазған естеліктері өз алдына бір төбе. Ол өмірлік досы Төлеутай Түсіпбеков туралы кітапша шығарса, облыстың белгілі азаматтары: Еңбек Ері Ә.Сағынов, соғыс ардагерлері Т.Әбдіразақов, М.Имашев, еңбек майталмандары С.Әубәкіров, Н.Төлепов, Г.Презент, Р.Омарбекова және т.б. жарқын бейнелерін суреттеді. Әскери қызметі мен ерен еңбегі үшін аталғандардан басқа ІІ-дәрежелі Отан соғысы, Еңбек Қызыл Ту, «Халықтар достығы», «Құрмет белгісі» және Тәуелсіз Қазақстанның «Құрмет» ордендерімен, көптеген мерекелік медальдармен, одақтық және республикалық ардагерлер ұйымының құрмет белгілерімен марапатталды.
Айта берсек, Қали Аманбаевтың еліне, халқына сіңірген еңбегі орасан зор. Оның бастаған істерін, әсіресе, ардагерлер қозғалысын дамыту бағытындағы бастамаларын облыстық ардагерлер кеңесі жалғастырып отыр. Облыстық кеңес өздерінің тұңғыш төрағаларын еске алып, шахмат пен бильярдтан турнир ұйымдастырып, қос майдангер – Қали Аманбаев пен Камали Дүйсембековтің құрметіне дөңгелек үстел кездесуін ұйымдастыруға ұйытқы болды. Игілікті шаралар жалғасын таба бермек.
Дегенмен, бұдан 18 жыл бұрын, қайтыс болуына жыл толғанда жазылған әріптесіміз Е.Лұқпановтың («Сапты тастамаған солдат», «Орталық Қазақстан», 27 .04. 2006 ж.) мына сөздері әлі де өзекті болып тұр: «Бұл күнде артында қуушысы бар, лауазымды қызметте жүрген, не болмаса бизнесті меңгерген балалары өз әкелері есімін Қарағанды көшелеріне бергізіп, олар тұрған үйлерге ескерткіш тақта орнатқызып жатқанын көріп жүрміз. Лауазымды қызметте, болмаса ақшалы орында қызметте жүрген бауыр-туысы болмаса да, Қалекеңді жақсы білетін, оның қамқор-шапағатын көрген іні-бауырларының ардагер есімін мәңгі есте қалдыру шараларын жүзеге асыратындығына бек сенеміз. Ең бастысы, халық жүрегінен орын алу ғой, ал, Қалекең болса, азамат, майдангер, басшы, қаламгер ретінде көптің құрметіне бөленіп, жүрегіне жол тапқан жан». Бұған қосып, аларымыз жоқ.
Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист,
облыстық ардагерлер кеңесінің жауапты хатшысы.