Бас тақырыпЖаңалықтар

Тың мүмкіндіктердің тыңғылықты бағдары

Биыл Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауын залда отырып тыңдау мүмкіндігіне ие болдым. Әсері бөлек болады екен. Сонда да, Президент Жолдауының мыңыздылығы менің залда отырғанымда емес, көтерген жүгінің салмағы мен алдағы күндердің күн тәртібіне шығатын мәселелердің өзектілігінде екенін сезінуіміз керек.

Сурет аptamedia.kz

Елімізде соңғы жылдары жүргізілген саяси реформалардың оң нәтижелеріне салмақты баға бере отырып ой сабақтаған Мемлекет басшысы кейбір мәселелерге көңілі толмайтынын ашық айтып, көптеген жағдайларға қатысты сыни пікірін де іркіп қалған жоқ. Шағын және орта бизнеске мемлекеттік қолдау көрсету ауқымы артып, негізгі тетіктері барынша жетілдірілгеніне қарамастан, осы салалардағы өнім көлемінің ел экономикасындағы үлесі мардымсыз екенін өткір сынаған Қасым-Жомарт Кемелұлы:

Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Бұл жаман көрсеткіш емес. Бірақ осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмаймыз. Екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны 6%-ға да жетпейтіні жасырын емес. Орта бизнесте бұл көрсеткіш жоғарырақ болғанымен, бәрібір көңіл көншітпейді, — деді.

Сондай-ақ, Президент ел Үкіметі мен жергілікті әкімдердің кемінде 15 жылдан бері масылдық психологияға байланғандар мен әлеуметтік алаяқтардың «қолдаушысы» болып келе жатқанына қынжылыс білдірді.

Мемлекеттің көз алдындағыдан басқаны көрмей, бәріне көне беретін әлеуметтік саясаты жүзден астам түрлі жеңілдіктің пайда болуына әкеп соқтырды. Осы жеңілдіктерді әперемін деп «көмек қолын» созатын жылпостар да көбейді. Біз әлі күнге дейін бұрынғы КСРО аумағындағы және одан тыс басқа да аймақтардағы қақтығыстарға қатысқан азаматтарға арнайы төлемдер жасап, медициналық қызмет көрсетіп келеміз. КСРО-ның ыдырағанына 35 жыл болса да, ардагерлеріміз барған сайын «жасарып», көбейіп барады. Мемлекет өзінің негізгі міндеттерін орындаудан бас тартпайды. Бірақ әлеуметтік жеңілдіктерді қолдан көбейту — елді дамытуға, яғни мектеп, аурухана, көлік инфрақұрылымдарын және басқа да нысандар салуға жұмсалуы қажет қыруар қаражатты желге шашу деген сөз, деді. Шынымен-ақ, ойланатын мәселе…

Сонымен қатар, жасанды интеллект дәуірінің тың талаптарына тыңғылықты дайындық қажеттігін тілге тиек еткен Мемлекет басшысы ел алдына «алдағы үш жылда Қазақстан міндетті түрде жаппай цифрлық елге айналу қажет» деген стратегиялық мақсат қойды. Ол үшін тездетіп «Цифрлық Кодекс» қабылдауымыз қажеттігіне баса көңіл аударды.

Тұрмыс-тіршілігін тылсым әлем тұңғиығынан тамырландырып, әдет-ғұрып, дағдыларын даналықпен ұштастыра білген қазақ халқы үшін «жеті» саны киелі саналады. Еліміздің негізгі даму бағыттарын қамтыған Президент Жолдауындағы басым міндеттердің жеті бағытқа жіктелуінде де тарихи мән жатқан секілді. Әрине, тізбелей берсек, басым бағыттар саны жетіден асып кетері даусыз. Соған қарамастан, бүгінгі әлемді әбігерге салған геосаяси сын-қатерлер дәуірінде Қазақстан үшін кезек күттірмейтін міндеттер ретінде тағдалған жеті маңызды бағыт таңдалған. Барлығы да өте маңызды міндеттер.

Биылғы Жолдаудың басты жаңалығы қос палаталы Парламенттік жүйеден бір палаталы Парламентке көшу реформасы туралы бастама. Кез-келген өзгеріс, келелі реформаны халықтың ой-талабы, ұсыныс-пікірінсіз қабылдауға болмайтынын жиі айтатын ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл мәселені де халық талқысына қалдыруды ұйғарды. Яғни, бастама бір жыл егжей-тегжейлі талқыланып, 2027 жылы Жалпыхалықтық Референдумға шығарылады.

Ел экономикасының инвестициялық ахуалын оңтайландыру, өңдеу өнеркәсібін дамыту, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғырту, көліклогистика саласын өркендету, жер мен су ресурстарын тиімді пайдалану секілді өте өзекті мәселелер бойынша Үкімет пен жергілікті атқарушы билік органдарына нақты тапсырмалар жүктелді.

Әсіресе, жер телімдерін мақсатты әрі тиімді пайдалану мәселесіне қатысты қарапайым халықтың асыл мұратымен астасқан Президент ойлары мені ерекше сезімге бөледі.

Мемлекет басшысының:

Мен игерілмей бос жатқан және заңсыз алынған ауыл шаруашылығы жерлерін кері қайтарып, оны қайта бөлу туралы тапсырма бердім. Жер иесіз қалмауға тиіс, жерді тек қана оның қадірін білетін азаматтарға беру керек.

2022 жылдан бері жалпы аумағы 13,5 миллион гектардан астам жер қайтарылды. Бірақ әкімдер соның 6 миллион гектарын ғана жаңа жер игерушілерге бөліп берген. Иесін тапқан жер өндірістің ошағына, инвестиция көзіне, қайнаған еңбектің ортасына айналуы қажет. Бұл – анық нәрсе, деген сөзінен Президенттің елге, жерге деген жанашырлығын, Қазақстан мемлекеті үшін басты құндылық саналатын жер мәселесіне асқан жауапкрешілікпен қарайтындығын аңғаруға болады.

Бұл мәселеге AMANAT партиясы да беленділікпен атсалысып, миллиондаған гектар жердің мемлекет меншігіне қайтарылуына зор үлес қосқандығын мақтанышпен айтқым келеді.

Жалпы, ел Президентінің биылғы Жолдауы ертеңге деген халық сеніміне серпін беріп, мемлекет қауіпсіздігін нығайту, адам капиталынбасты құндылық ретінде бағалай білетін Қазақстанның әлеуметтік бағдары, тың мүмкіндіктердің тыңғылықты бағдарламасы болғаны дәлелдеуді қажет етпейді. Мен жасампаздық Жолдауын осылай бағаладым.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,

AMANAT партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты  

Басқа материалдар

Back to top button