«Сарыарқа» турнир кестесінде төмен сырғыды
Хоккейден ел чемпионаты аясында қарағандылық «Сарыарқа» клубы 42-ші кездесуін өткізді. Бұл жолы жерлестер сырт алаңда атыраулық «Бейбарыспен» ойнап, бірінші кездесуінде 2:4 есебімен жеңіліп қалды. Ал, қарымта кездесуде қарағандылықтар қарсыластарымен ойынның негізгі минутында тең түсіп, буллит кезеңінде жеңісті қолдан жұлып алды.

Әдеттегідей, қос команда бұған дейін сан мәрте кездескен. Былтыр бір-бірімен бес мәрте ойнапты. Нәтижесінде, оның төртеуінде қарағандылықтардың асығы алшысынан түскен. Бұл жолы алаң иелері мінез көрсетіп, бірінші кездесуде қарағандылықтарға мүмкіндік қалдырмады.
Жалпы, кездесудің бірінші шайбасын «Сарыарқа» салып, есепті өздері болып ашқан еді. Ойын басталысымен 1-минутта Игорь Пономарев көзге түскен. Араға 15 минут салып алаң қожайындары таразы басын теңестіріп кетті. Осылайша бірінші айналым тең есеппен аяқталды.
Екінші кезеңнің 23-минутында «Сарыарқа» сапынан Радель Фазлеев шайба салып, таблодағы көрсеткішті еселеп еді. Алаң иелері де бұл жолы қарап қалмады. Қорғаушылардың осал тұсын іздеп, қос қапталдан соққыны қарша боратты. Нәтижесінде, 28-минутта таразы басын теңестіріп, 38-минутта есепте алға шықты. Осылайша, қос команда арасындағы тартысты кездесудің екінші айналымы 2:3 есебімен, алаң иелерінің пайдасына шешілді.
Үшінші кезеңде жерлестер қанша жерден соққы жасап, таразы басын теңестіруге тырысқанымен, қарсылас қақпасынан саңылау таппады. Керісінше, ойынның аяқталуына үш минут қалғанда алаң иелері төртінші шайбаны салып, «Сарыарқаға» мүмкіндік қалдырмады.
Қарымта кездесуде де қарағандылықтар бірінші болып есеп ашты. 3-минутта Артем Лихотников көзге түсіп, командасын есепте алға шығарған. Іле-шала алаң иелері есепті теңестіріп кетті. Одан соң 10-минутта жерлестер тағы бір шайба салады. Екінші айналымның басында «Бейбарыс» қайтадан таразы басын теңестіріп тастады. Араға біршама уақыт салып, «Сарыарқа» сапынан Данила Карабан есепті 3:2-ге жеткізіп, командасын жеңіске бір табан жақындатқан еді. Өкінішке қарай, алаң иелері тағы да есепте қуып жетіп, ойынды тең есеппен тәмамдады.
Осылайша үш айналым бойы қос команда тең түсіп, ойын соңы буллит кезеңіне ұласқан. Жерлестер бұл кезеңде қарсыластардан айласын асырып, қарымта кездесуді өз пайдасына шешті.
Турнир кестесінде ұпай жоғалтқан жерлестер 65 ұпаймен ІІ орынға сырғыды. Көш басына елордалық «Nomad» клубы көтерілді. Ал, үздік үштіктің қатарында 59 ұпаймен – өскемендік «Torpedo» клубы.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»



