АймақБас тақырыпҚарағанды

Туризмнің тынысы тарылмайды

«Туризм – ұлттық экономиканың маңызды саласына айналуы тиіс», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Президент тапсырмасына сәйкес, бүгінде Қарағанды облысында бұл бағытта жүйелі әрі ауқымды жұмыстар қолға алынуда. «Қарағанды-Балқаш» тасжолы заманауи талапқа сай қызмет етіп тұрса, «Қарағанды-Қарқаралы» күре жолын жөндеу жұмысы аяқталуға жақын. Сонымен қатар, Балқаш жағалауы мен Қарқаралы өңірі жаңа тыныс алып, инфрақұрылым жаңарып, цифрлы қызмет көрсетулер енгізілуде. Балқаш пен Қарқаралыда демалғысы келетіндер үшін енді AI чаттар, QR-кодтар, онлайн брондау платформасы және тәулік бойы қолжетімді көмек қызметтері жұмыс істейді. Жаңа технологиялар саяхатты жеңіл әрі қауіпсіз етеді. Туристердің қау­іпсіздігі мен жайлылығына басымдық беріліп, көлік қатынасы жақсарып, жаңа туристік орталықтар құрылып жатыр.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Кәсіпкерлік һәм ел әлеуеті

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская туризмнің маңызды және болашағы зор сала екенін айтады.

– Жазғы маусымда туристердің қауіпсіздігі мен жайлылығына ерекше көңіл бөлінеді. Инфрақұрылымды дамыту, нысандар салу және қызмет көрсету сапасы арттырылуда. Балқаш жағалауында 835 гектар жерді игеру жобасы жүзеге асырылып жатыр. Жаңа әуе рейстері, автобус және теміржол бағыттары ашылып, вокзалдар мен әуе­жайларда қызмет көрсету жақсаруда. WhatsApp-та 24 сағаттық AI чаты енгізілді, қажетті қызметтерге қолжетімді QR-кодтары жұмыс істейді. Белгілер, жедел телефондар орнатылып, туристік полиция жұмыс істесе, 6 судан құтқару бекеті бар, жағажайлар барбекюмен, дәретханалармен, қоқыс контейнерлерімен жабдықталған. Тұрақты түрде санитарлық тазарту жүргізіледі. Жол бойындағы қызмет көрсету нысандарының 82 пайызы стандартқа сай. Сонымен бірге, «QAZ ELI» онлайн брондау платформасы құрылып, Балқаш пен Қарқаралыда туристік орталықтар пайда болады. Инфрақұрылымды жақсарту, ауқымды шараларды өткізу туристік ағынды жыл сайын орта есеппен 10-15%-ға арттырады.

Туристік қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес субъектілерінің саны жыл сайын 10%-ға өсуде. Мемлекеттік органдармен бірлесіп, туристердің тұруы үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз етуге бағытталған шаралар жоспары бар, – дейді Ирина Юрьевна.

Сурет облыс әкімдігінен

Инфрақұрылым – басты назарда

Бұдан бөлек, облыста әуе қатынасының инфрақұрылымын жаңғырту аясында Балқаш қаласының әуежайы кешенді жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Стандартты параметрлері жетілдірілген. Ғимаратын реконструкциялау және арнайы көлік қызметі ғимаратын салу жобалары жалғасуда. Жаңғырту арқылы жолаушыларға қызмет көрсету сапасы жақсарып, өткізу қабілеті 30%-ға артады.

– 2023 жылы Балқаш қаласын дамытудың кешенді жоспары аясында «Қарағанды-Балқаш» облысішілік пойызының құрамы 4 вагоннан 6 вагонға дейін ұлғайтылған. Тұрғындардың сұранысын қанағаттандыру және жазда туристерді тарту мақсатында 1 маусымнан 6 вагоннан құралған және күнара қатынайтын «Қарағанды-Балқаш» облысішілік пойызының қосымша рейсі жолға шықты. Бұл жазда қосымша 30 мың жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ, Көлік министрлігімен бірлесіп «Балқаш-Алматы» теміржол бағытын ашу мәселесі пысықталып, биыл 1 наурыздан екі вагондық «Алматы-Балқаш-Алматы» тікелей пойызы жолға шықты. Бұл бағыт жылына 35 мыңға жуық адамды тасымалдайды, – деді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мақсат Мұқашев.

Демалыс қауіпсіз болуы тиіс

Демалыс бар жерде қауіпсіздік мәселесі де дұрыс жолға қойылған болуы шарт. Туристерді қызықтыратын негізгі орталық – Балқаш қаласы (Бертіс шығанағы ауданы) және Тораңғалық пен Шұбартүбек шағын аудандары. Бұл аудандарда туристік полиция белсенді жұмыс істеуде, Балқаш қаласы бойынша 9 полиция қызметкері жұмылдырылыпты.

– Жағажай маусымында Балқаш көлінің суларында тәртіпті сақтау күшейтіледі. Облыстық полиция департаментінің қызметкерлері іссапарға жіберіледі. BalkhashTourFest-2025 фестивалі кезінде (20-21 маусым) 100-ге жуық полиция өкілі, оның ішінде, 40 СОБР қызметкері жіберілмек. Полицейлер демалыс орындарында тәулігіне 12 сағат, демалыс және мереке күндері – күшейтілген тәртіпте кезекшілік етеді. Шұбартүбекте модульдік полиция бекеті тәулік бойы жұмыс істейді. Былтыр жағажай маусымында Бертіс шығанағы аймағына күніне 4 мыңға жуық, Тораңғалық пен Шұбартүбекте 8 мыңға дейін адам келген. Демалушылар қатарында еліміздің әр өңірінен, және шет елдерден келетін туристер бар. Ал, Қарқаралы ұлттық табиғи паркі аумағында күн сайын 20-ға жуық полиция қызметкері кезекшілік етуде. Республикалық маңызы бар автомобиль жолдарында («Алматы-Екатеринбург», «Қарағанды-Аягөз-Тарбағатай-Бұғаз») жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция жасақтарының жұмысы күшейтілді. Демалыс күндері қосымша экипаждар шығарылады, дрондар қолданылады, – деді облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Жасқайрат Каиров.

Нәтижелі жұмыс дамуға бастайды

Қарқаралы ауданында туризмді дамытуға бағытталған жұмыстар жүйелі. Атап айтсақ, «Қарағанды-Қарқаралы» бағытындағы республикалық жолда жөндеу жұмысы аяқталу кезеңінде.

– Қаладағы Тоқтар Әубәкіров көшесі қайта жаңартылып жатыр. Автотұрақтарда жарықтандыру жүргізіліп, санитарлық-гигиеналық тораптар орнатылды. «Бұғылы» туристік аймағында инженерлік инфрақұрылым тарту жұмыстары басталды. Қаладағы тарихи-мәдени нысандар қалпына келтірілуде. Қарқаралы ұлттық паркінде туристік бағыттар абаттандырылып, ақпараттық белгілер, демалыс орындары, қоқыс жәшіктері және биоәжетханалар орнатылды. Қауіпсіздік мақсатында 6 бақылау бекеті жұмыс істейді. Ауданның туристік имиджін көтеру мақсатында «Qarqaraly Bugyly Fest-2025» мәдени-спорттық фестивалі өтеді. Бағдарлама аясында марафон, ашық аспан астындағы концерт, жәрмеңке мен этноөнімдер көрмесі ұйымдастырылса, жыл сайын «Mountain Bike» веложарысы өткізіледі. Туризмге инвестиция тарту мақсатында ұлттық парк аумағынан қосымша 20 жер телімі бөлініп, аукционға шығарылды, – деп атап өтті Қарқаралы ауданының әкімі Әділжан Арғынов.

Бұдан бөлек, «Қарағанды-Балқаш» учаскесін реконструкциялау аясында 18 демалыс алаңы салынғаны да тілге тиек етілді.

Реконструкция шеңберінде аталған учаскеде 4 санитарлық-гигиеналық торап орнату көзделген. Бүгінгі таңда олардың біреуі (1777,9 шақырымда) орнатылып, электр қуатын тарту жұмысы жүргізілуде. Қалған үшеуін монтаждау жұмыстары да жүргізіліп жатыр. Жалпы ауданы 172 шаршы метрді құрайтын санитарлық-гигиеналық торап, сауда алаңын, ерлер мен әйелдерге арналған бөлек кабиналарды және мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған кабинаны қамтымақ.

Түйін

Байқасақ, былтырғымен салыстырған облыстың туризмінде даму байқалады. Демек, туризмді дамыту бағытындағы жұмыстар жүйелі жүріп жатыр. Енді, туристердің санын арттыра түсу үшін, жағдайды бұдан да қолайлы ету керек. Себебі, қауіпсіз әрі ыңғайлы жағдайы бар орындарға демалушылар көп келеді. Ендеше, осы игі іске әрқайсымыз мүдделі болайық.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button