Аймақ

Қарқаралыда этнотуризмге басымдық беріліп отыр

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауларында туризмді экономиканың драйвері әрі инвестиция тартудың тиімді бағыты ретінде бірнеше мәрте атап өткен болатын. Осы тапсырма аясында облысымызда экологиялық туризмді дамыту соңғы жылдары қарқын алып, нақты экономикалық бағытқа айнала бастады. Табиғат аясындағы демалыс түрлеріне сұраныс артқан сайын, өңірде заманауи туристік инфрақұрылым қалыптастыру жұмыстары да жүйелі түрде жанданып келеді.

Коллажды жасаған Арайлым Коктаева Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Өңірдегі туристік әлеуеті ең жоғары аумақтың бірі – Қарқаралы ауданы. Арқаның алтын тәжі саналатын бұл өлкеде облыстағы орман қорының 90 пайыздан астамы шоғырланған. Сол себепті де, Қарқаралы бүгінде өңірдің табиғи визит карточкасына айналып отыр. Қазіргі таңда ауданда шамамен 40 демалыс аймағы тұрақты түрде жұмыс істейді. Туризм саласында 300-ден астам адам еңбек етеді. Былтырғы жазғы маусымда ғана Қарқаралыға 20 мыңға жуық турист келген. Бұл көрсеткіш ішкі туризмнің қарқыны артып келе жатқанын айқын аңғартса керек.

Жол бар жерде – қозғалыс бар екені анық. Ішкі туризмнің дамуында инфрақұрылым шешуші рөл атқарады. Осы орайда «Қарағанды-Қарқаралы» тасжолының жөнделуі де өңірге келетін туристер санын арттыруға соны серпін беріп отыр.

Өңір туризмін жаңа деңгейге көтеретін ірі жобалардың бірі – Бұғылы тауының баурайындағы рекреациялық аймақ. Болашақ курорттың аумағы 75 гектарды құрайды және ұлттық табиғи паркпен шектесіп жатыр. Жоба бірнеше функционалдық аймақты қамтиды: демалыс аумағы, этноауыл, ойын-сауық паркі, демалыс үйлері мен тау шаңғысы кешені.

Инвесторлар үшін инженерлік инфрақұрылым алдын ала дайындалуда. Шамамен 16 шақырым электр желісі тартылып, су құбыры мен кәріз жүйесі жүргізілген. Кіреберіс жолды жөндеу де жаңа жоспарға енгізілген. Жер телімдері конкурс арқылы берілмек.

Қарқаралы өңірінде экотуризммен қатар, этнотуризмге де басымдық беріліп отыр.

Табиғи орта мен ұлттық нақышты ұштастырған демалыс орындары туристер үшін ерекше тартымды болмақ. Соның бір көрінісі – киіз үй форматындағы шағын қонақүйлер. Мұндай кешендерде байырғы ұлттық болмыс сақталып қана қоймай, әрі заманауи талаптарға сай көмкерілген. Санитарлық тораптар, жатын орындар, демалыс аймақтары толық қарастырылған.

Мемлекеттік қолдау туризм саласына инвестиция тартумен қатар, жергілікті тұрғындар үшін жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік беріп отыр. Осы мүмкіндікті тиімді пайдаланғандардың бірі – «Орман» қонақ кешенінің иесі Жанат Жетенова.

– Шамамен екі жыл бұрын ашылдық. 200 жыл бұрын салынған үйді сатып алып, оны ретро стильде жөндедік. Қалған шағын үйлерді өзіміз тұрғыз­дық. Ай сайын шамамен 1,5 мың адамды қабылдаймыз. Қонақтардың арасында қазақстандықтар да, шетелдіктер де бар. Қысы-жазы қонақ үзілмейді. Қазақтың салт-дәстүрін таныту үшін киіз үйлер орнаттық, – дейді ол.

Ал, тағы бір кәсіпкер Айжан Оңғарбай жеке қаражаты мен гранттық, қарыз қаржы есебінен глэмпинг кешенін салған. Бұл да Қарқаралы туризмінің әртараптанып келе жатқанын көрсетеді.

Түйіндей келе, Қарқаралы ауданында туризм саласын кешенді түрде дамыту үшін арнайы жол картасы әзірленген. Онда инфрақұрылымнан бастап, кадр даярлауға дейінгі барлық бағыт қамтылған. Табиғаттың өзі сыйға тартқан байлықты ұқыпты һәм ұтымды пайдалана алсақ, Қарқаралы туризмі алдағы жылдары облыстың ғана емес, елдегі ең тартымды демалыс бағыттарының біріне айналарына шүба келтірмейміз.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button