АймақБас тақырыпБасты тақырыпҚарағанды

Қарқаралыға Қытай, Түркия, Германиядан келетін туристер саны басым

«Туризм экономиканың өсуіне жаңаша серпін беретін сала болуы тиіс» деді Президент ­Қасым-Жомарт Тоқаев. Осы орайда, Қарағанды өңірі ел экономикасын еселеп қана қоймай, отандық туризмнің дамуында да ойып тұрып орын алады. Жыл сайын кенді өлкеге ресми түрде тіркеліп, ­500 мыңнан астам турист келеді.

Суреттерді түсірген Анар Махмұт

Әсіресе, шетелдік туристердің қызығушылығы артып келеді. Олардың саны орта есеппен жылына 16 мыңға артып отыр. Қытай, Түркия, Германия елдерінен келетін туристер саны басым. Бұл облыс туризмінің халықаралық деңгейде танылғанын көрсетеді. Нақты жұмыстардың нәтижесінде, 2024 жылы туризм саласына 1,8 млрд теңгеге 11 инвестициялық жоба жүзеге асырылды.

Туристік әлеуеті алуан түрлі аймақ жылдың төрт мезгілінде де туристерге ыңғайлы жағдай жасайды. Қыста шаңғы-шана теуіп, саятшылық құруға Қарқаралы мен Қызыларайдың таулы аймағы мен орман оазисі бар, аптап ыстықта Балқаш көлі жанға сая. Сонымен қатар, тарихи орындарымен де танымал.

Аймақта өзінің көркем табиғатымен ерекше орын алатын тоны торқа, түгі алтын Қарқаралы өңірі табиғи ерекшелігіне байланысты экологиялық, тарихи-мәдени, этнографиялық туризмге өте қолайлы. Граниттен түзілген таулы және орманды өлке. Туристердің қызығушылығын тудырып отырған табиғи ландшафт қорғауды да қажет ететіндігі сөзсіз. Аудан аумағындағы табиғаттың жүйелік қалпын сақтау мен қорғауда Қарқаралы мемлекеттік табиғи паркінің үлесі зор.

Елімізде 14 ұлттық парк болса, соның 10 үздік паркінің қатарындағы Қарқаралы табиғи паркінде серуендеу, көлге шомылу, балық аулау, мәдени ескерткіштерді көруге мүмкіндік бар. Яғни, ұлттық парк аумағы экотуризмнің дамуына өте қолайлы. Орман мен дала, тау мен көл, аң-құс пен өсімдік бір тыныспен өмір сүруін, әрі табиғат тынысының бұзылмауын күзетуде табиғи парк орманшылардың еселі еңбегі жатыр. 112 120 гектарды қамтитын Қарқаралы, Тау, Кент және Бақты орманшылығында қарағай, қайың, терек, үйеңкіден бөлек шөптесін өсімдіктердің 200-ден астам түрі бар. Сонымен қатар, қорықтық қызмет, туристік рекреациялық, экологиялық тұрақтылық, шектеулі шаруашылық аймағынан тұрады. Жануарлар дүниесімен үйлесім тапқан аймақтағы Шайтанкөл, Бассейн көлі, Әулиебұлақ туристер үшін жұмбақ та тартымды орындардың бірі. Парк аумағына жылына 40 мыңға дейін турист келеді. Әсіресе, маусым мен қазан айында келушілер қарасы қалың.

Қазақстан Республикасының туристік саласын дамытудың 2019-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде 9,44 гектарды құрайтын 4 жер учаскесі ұзақ мерзімді пайдалануда және 9,47 гектарды құрайтын 11 учаске туристерге тиімді қызмет атқаруда. Нәтижесінде, парк аумағында түрлі демалыс орындары ашылып, келушілерге қолайлы жағдай жасауда. Сонымен қатар, рекреациялық туризмді дамыту мақсатында Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи паркі (ҚМҰТП) инфрақұрылымын дамытудың бас жоспарына сәйкес қосымша 20 жер учаскесі енгізілді. Алдағы уақытта инвестициялық жобалар негізінде демалыс орындарының саны артпақ. Инвесторлар парк аумағында өз кәсіптерін жүргізуден бөлек оны қорғауға да міндетті.

Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи парктің ғылыми қызметі табиғи нысандарды жүйелі бақылауға негізделген. Көктемгі оянудан күзгі тынымға дейін өсімдіктердің фенологиясы тіркеледі, сирек кездесетін түрлердің мекендеу аумақтары белгіленіп, картаға түсіріледі. Бұл жұмыстың мәні – әр маусымның тынысын тыңдап, жыл сайынғы құбылыс­тың заңдылықтарын көру. Қарағай тұқымдастарының жаңару белсенділігі, далалық гүлдi шөптердiң гүлдеу ұзақтығы, бұлақ көздерiнiң су беру тұрақтылығы секілді байқамай өтiп кететiн ұсақ жайттар зерттеп, зерделенеді. Камера-қақпандар мен ізіне түсіп есепке алу әдістері арқылы жануарлар әлемінің қозғалысы жазылады.

– Соңғы жылдары табиғи парк­тің мониторингтік әлеуеті біртіндеп жаңарып келеді. Далалық деректер электрондық негізге түсіп, электронды сүйемелденетін қабаттар жинақталып, бақылау нүктелері мен маршруттар біріздендірілді. Мамандар фенология­лық күнтізбені нақтылап, индикаторлық түрлерге баса мән беріп, қысқы-жазғы маусымда учаскелерде жүйелі есеп жүргізеді. Алынған деректер алдын ала сапалық тексерістен өтіп, кейін бірыңғай ақпараттық жүйеге енгізіледі. Мұндай тәсіл бір жылдың сәттік көрінісін ғана емес, ұзақмерзімді үрдісті көруге мүмкіндік береді. Қай жерде жүктеме шамадан асуы мүмкін, қандай кезеңде құстар мен жануарлар, әсіресе, сезімтал, қандай учаскеде адам ізі тым қою – осының бәрі графиктер мен картадан айқын көрінеді. Қарқаралы мемлекеттік ұлттық табиғи парктің ашықтығы да осыдан танылады: ғылыми бөлімнің міндеттері мен әдістері жария сипатта, ал деректер ұлттық биомониторинг жүйесімен үйлесімде қамтылып отыр, – дейді «Қарқаралы» МҰТП республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Руслан Тулепбаев.

Сондай-ақ, орман ішінде өрт қаупін ерте анықтайтын бақылау маршруттары жаңартылып, қауіпті кезеңдерде қосымша кезекшіліктер күшейтілген. Жоғарыдағыдай бақылаулардың арқасында табиғи мекендерде қалпына келтіру шаралары тұрақты жүргізіледі. Яғни, тапталып қалған соқпақтар жабылып, өсімдіктерді қайта өсіруге жағдай жасалып, тозған учаскелер жасылдандырылады.

Аумақтағы табиғи кеңістікті әрі онда болып жатқан тірлікті бақылау цифрлық жүйеге негізделуде. Атап айтқанда, құстың үнін талдайтын шағын құрылғылар мекендердің биоалуандығын қашықтан бағалауға мүмкіндік береді. Кей тұстарда дронмен бақылау, сақтықты күшейтіп, шешімді дәлелдеуге қызмет етеді.
Парк аумағында «Шайтанкөл көлінің аңыздары», «Тас ертегісі», «Үш үңгір», «Тарихи ескерткіштер» атты 4 туристік маршрут бар. Әр маршруттың өзіндік ерекшелігі бар. Мәселен, теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан Шайтанкөлге жаяу көтерілуге тура келеді. Жол салудың машақаты – тау жыныстарын кесу, орман алқабын жою, ауыр техниканы қолдану өз кезегінде топырақ эрозиясын, жауын-шашын суларымен лайлануды, өсімдіктер мен жануарлардың мекендеу ортасының бұзылуын тудырады. Жаяу соқпақ табиғи экожүйенің тепе-теңдігін сақтайды. Маусым сайын, туристік маршруттарды абаттандыру мақсатында ақпараттық тақтайшалар, бағыт көрсеткіштер қоқыс жәшіктері және урналар жылма жыл жаңартылып отырады.

Табиғи парктің басты мақсаты – орманды өрттен қорғау. Осы орайда, өз аумағы бойынша 60 шақырымға күйдіру және 9 шақырым жаңа минералды жолақтар орнатылды. Мекемеде 38 қызметкер, 1-үлгідегі 2, және 2-үлгідегі 1 орман өртін сөндіру станциясы және 9 адамнан тұратын ерікті өрт сөндіру жасағы бар.
Станция балансында өрт сөндіру автокөлігі, 11 трактор қосымша 14 патрульдік автокөлігі бар. Жыл сайын автокөлікпен қамтамасыз ету дұрыс жолға қойылған. Ұлттық паркте 11 стационарлы, 35 мобильді және 103 тасымалды радиобайланыс құралдары бар.

Орман өсіру жұмыстары бо­йынша ауқымды іс-шаралар жүзеге асуда. Биыл Қарқаралы орманшылығының уақытша питомнигінен 104 200 дана кәдімгі қарағай екпе материалы қазып алынды. 2025 жылғы «150 гектар ормансыз жерлерге орман өсіру» жұмыс жобасы аясында 31,1 гектар аумақта 138 200 дана 31,1 гектар қарағаш екпе көшеттері отыр­ғызылды. Сонымен қатар, 2024 жылы отырғызылған 30 000 дана үйеңкі ағашына толықтыру жұмыстары жүргізілді. Қарқаралы орманшылығында 100 кг қарағаш тұқымы жиналып, 0,30 гектар аумақта қарағаш тұқымы себілді.

Еліміз ішкі туризмді дамытуға қолайлы. Әрі сол салада елеулі жобалар жүзеге асып қана қоймай, қажетті инфрақұрылымды дамытуға да жіті көңіл бөлінуде. Бұл туристердің қайта оралуына әсер етеді. Ресми статистикаға сүйенсек, былтыр елімізге 15 млн-нан астам турист келіп, 1,2 трлн қаражат жұмсаған. Сондай-ақ, аталмыш саланы дамытуға 947,5 млрд теңге көлемінде инвестиция салынып, 87 ірі инвестициялық жоба жүзеге асқан. Нәтижесінде, турис­тік бағыттағы 119 елдің ішінде 52 орынға табан тіреді.

Сағыныш ӘБІЛ

Суреттерде:
1. Қарағанды облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инс­пекциясы мамандары парк қызметкерлерімен тұқымбақтағы екпе көшеттерін түгендеу үстінде.
2. Туризм және рекреация бөлімінің мобильдік топ өкілі, мемлекеттік инспектор Ерқанат Сәрсенбеков рейд жүргізуде.
3. Ұлттық паркке қарасты «Кент» орманшылығының орман өртін сөндіру станциясы.

Басқа материалдар

Back to top button