АймақБалқаш

Туризмге жол ашады

Балқаштың туристік әлеуетін паш етіп, қазақстандық және шетелдік меймандарды осы өңірдің табиғи сұлулығымен, тарихи бай мұрасымен таныстырған фестивальдің берері көп болды. «Balkhash Tour Fest» фестивалінің бағдарламасы әртүрлі бағыттарды қамтыды. Су спорты, ұлттық дәстүр, волонтерлік жоба, экологиялық акция, мәдени қойылымдар және кәсіпкерлік бастамалармен ерекшеленді.

Суреттер облыс әкімдігінен

Экологиялық сана мен еріктілер қозғалысы

Фестиваль «Таза Қазақстан» ұлттық жобасы аясындағы түрлі экологиялық бастамалармен ерекшеленді. Қарағанды облысы жастар ресурстық орталығының бастамасымен 60 ерікті Балқаш өңірінде «ROAD-эстафета» өткізді. Олар «Қарағанды-Алматы» автожолының бойын тұрмыстық қалдықтан тазартып, ескерту тақтайшаларын орнатты. Сонымен қатар, жастар Бектауата жартасында қалдырылған жазуларды өшіріп, табиғи-мәдени мұраға құрмет көрсетудің үлгісін танытты. Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Екінші өмір» жобасы ерекше назар аударды. Арнайы орнатылған алып балық-инсталляцияның ішіне қатысушылар пластик бөтелкелер тастап, қоқысты сұрыптауға қатысты. Бұл бастама экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталды және облыс әкімдігінің қолдауымен өтті.

Балқашқа жаңа серпін

Іс-шара Қазақстанның ішкі туризмін дамыту, табиғи байлықтарды дәріптеу және жастарды туған өлкеге баулуға бағытталған маңызды бастамалардың бірі ретінде танылды. Еліміздің түпкір-түпкірінен келген туристер, қала тұрғындары мен қонақтар «Balkhash Tour Fest-2025» фестивалі туралы ризашылығын жеткізіп, пікірлерін білдірді. Фестиваль барысында Балқаш қаласына алғаш рет келген Парламент Мәжілісінің депутаты Дәулет Мұқаев мұндай бастамалардың еліміздің өңірлерін танымал етуге және жас буынның елге деген қызығушылығын арттыруға қосар үлесін ерекше атап өтті.

– Мен Балқаш қаласына бірінші рет келіп отырмын. «Balkhash Tour Fest» сияқты жобалар – Қазақстанның ішкі туризмін дамытудың нақты мысалы. Бұл – жастарға туған жердің сұлулығын көрсету, туризм мәдениетін қалыптастыру жолындағы маңызды қадам. Осындай шаралар арқылы өңірлердің әлеуеті артып, ұлттық бірегейлік нығаяды, – деді Дәулет Мұқаев. Фестиваль тек демалыс қана емес, өңірлік экономиканы көтеру, экотуризм мен инфрақұрылымды дамыту бағытындағы нақты іс-шаралардың біріне айналып отырғандығын Лондон Олимпиадасының чемпионы, облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Серік Сәпиев те айтып өтті. «Balkhash Tour Fest-2025» – бұл жай ғана фестиваль емес, еліміздің жарқын келешегі үшін жасалған нақты қадам екендігін жеткізді.

Жас кәсіпкер – жарқын жетістік

Фестивальде жас кәсіпкерлер де өз жобаларын таныстырды. Солардың бірі – 13 жастағы Илья Өтегенов, табиғи ағаштан кәдесыйлар жасап, жеке кәсібін ашқан. Оның өнімдері – магниттер, сағаттар, телефон қойғыштар – Балқаштың туристік символикасымен ерекшеленеді. Ильяның айтуынша, бизнеске анасы үлкен қолдау көрсетуде, ал, болашақта шетелге шығуды мақсат етіп отыр. Жобасы іске қосылғаннан бері алғашқы сатылымдар сәтті болған. Сонымен қатар, шара аясында фуд-корт және қолөнер жәрмеңкесі ұйымдастырылып, Балқаштың қолөнершілері өз бұйымдарын таныстырып, ерекше идеялармен бөлісті. Жастарға жол көрсеткен зейнеткер Вера Харкевич пен ұлы жасаған боялған қиыршық тастан құралған Tic-Tac ойыны жұртшылықтың назарын аударды.

Көл жағалауында өткен спорттық, мәдениет және балаларға арналған шығармашылық жұмыстар жұртты қызықтырды. Фестиваль аясында өткен жағажай волейболы, гир көтеру, армрестлинг секілді спорттық сайыстар қатысушылардың күш-жігері мен командалық рухын сынады. Әсіресе, экологиялық кросс-жарыстар (экокростар) табиғатты қорғау мен саламатты өмір салтын насихаттаудың жарқын үлгісі болды. Зумба мен йога жаттығуларына қатысушылардың да қарасы көп болды. Сонымен қоса, балалар үшін ұйымдастырылған шеберлік сабақтары бүлдіршіндердің шығармашылығын дамытуға бағытталды. Олар құмнан сарай тұрғызып, арт-терапия арқылы өзін еркін білдірсе, батпырауық ұшыру сайысы аспандағы түрлі-түсті бейнелермен Балқаштың көгін көркемдеді. Қонақтар Бектауатаға да барып, атқа міну, сиыр сауу, садақ ату сияқты қазақ халқының бай мұрасымен танысып, салт-дәстүрдің мәнін терең ұғынды. Сонымен қатар, кешкі уақытта ұйымдастырылған ашық аспан астындағы киносеанс пен музыкалық қойылымдар жағалаудағы кештің сәнін келтірді.

Көл жағасындағы көңілді кеш

Музыкалық бағдарлама фестивальдің шарықтау шегіне айналды. Сахна төрінде Назима, Qanay, «Килиманджаро» тобы, «Арай» тобы, Жанболат Ұзақбаев және «Тоқырауын толқындары» ансамблі өнер көрсетті. «Балқаш көлінің аңызы» атты су экранына негізделген мультимедиялық субұрқақ шоу – фестивальдің басты жаңалығы болды. Бұл су қойылымы музыканы, жарықты және анимацияны біріктіріп, ерекше көңіл күй сыйлады.

Ең үлкен қазыбургер

Фестивальде ерекше тағамдар әзірленіп, аспазшылар аясында сайыс өтті. Бір айта кетері, салмағы 53 келіге жететін алып қазыбургер көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Бұл ерекше жобаны Балқаш нан зауыты мен «Бауырдақ» мейрамханасы бірлесіп әзірледі. Ұлттық тағам мен заманауи форматты үйлестірген бұл бургердің құрамына дәстүрлі қазы, арнайы пісірілген алып бургер наны, көкөністер және дәмдеуіштер қосылды. Келушілер бұл ерекше тағамның дәмін татып көруге мүмкіндік алды. Қонақтар дәмі мен көрінісіне жоғары баға беріп, әлеуметтік желілерде әсерлерімен бөлісті.

Ақпараттық тур және туристік әлеует

Фестиваль аясында туроператорлар, блогерлер, журналистер мен туризм саласының өкілдері қатысқан ақпараттық тур өтті. Олар Балқаш қалалық өлкетану мұражайына, «Балқаш» емдеу-сауықтыру кешеніне, Бектауатаға барды. «Туризмдегі инновациялар» атты семинарда ішкі туризмді дамыту жолдары, цифрлық шешімдер мен кәсіпкерлікті қолдау тетіктері қаралды. «QazEli» брондау жүйесі таныстырылып, B2B форматында кездесулер өтті. Сонымен қатар, шараға қатысқан Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев жыл сайын елімізде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, Мемлекет басшысының тапсырмасы аясында Балқаш қаласында да кәсіпкерлік саласын дамытуға ерекше көңіл бөлініп отырғандығын айтты.

– Іс-шарада өткен жылы 25 сауда нүктесі жұмыс істесе, биыл олардың саны 90-ға жетті. Бұл – қаладағы іскер азаматтардың белсенділігі мен мемлекет тарапынан жасалып жатқан қолдаудың нақты көрінісі. Tоur Fest барысында жергілікті кәсіпкерлердің 40-тан астам павильоны ашылып, халыққа өнімдерін ұсынды. Бұл – бизнестің туризммен тығыз байланысының нақты мысалы. Қала әкімдігі тарапынан фестиваль өткізуге барынша қолдау көрсетіліп, логистика, қауіпсіздік және санитарлық талаптар толық қамтамасыз етіліп отыр, – деді шаһар басшысы Сапар Сатаев.

Ел мерейі тасыған күн

Екі күнге созылған туризм тойының соңы Балқаш аспанын түрлі-түсті отшашу жарықтандырып, көрермендерге ұмытылмас әсер қалдырды. Керемет отшашуды тамашалаған жұртшылық ұзақ уақыт қол соғып, ризашылықтарын білдірді. Ел-жұрт мерекеден ерекше көңіл күймен тарқасты. Фестиваль аяқталғаннан кейін қаланың тазалығы ұмыт қалмады. Қалалық «Горкомхоз» мекемесінің қызметкерлері мереке өткен аумақтарда кешіктірмей тазалық жұмыстарын жүргізіп, шашылған қоқысты жинап, қаланың келбетін қайта қалпына келтірді. «Balkhash Tour Fest» биыл да өзінің деңгейін көрсетіп, тұрғындардың да, қонақтардың да көңілінен шықты. Ұйымдастырушылар келесі жылы фестиваль аясын кеңейтіп, одан да әсерлі бағдарлама ұсынуды жоспарлап отыр.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

БАЛҚАШ

Басқа материалдар

Back to top button