Туризмге не тұсау?
Қарағанды облысындағы туризмнің әлеуеті жиі айтылады. Алайда, оны дамытатын маман қат. Табиғаты әсем, тарихы терең өңірде сервистің әлсіздігі, кадр тапшылығы туризмге тұсау. Маусыммен ғана «тіріліп», қыс түсе қайта тұралайтын салада тұрақты жұмыс, кәсіби маман және сапалы қызмет көрсетудің күрмеуі шешілмей келеді. Туризмді дамытуға жоспар көп, ал, оны іске асыратын маман жоқ.

Аймақтағы туризмге тікелей дамуына әсер ететін басты фактордың бірі – маусымдылық. Туристік ағынның негізгі бөлігі көктем-жазға тап келеді. Бұл туристік нысандардың жыл бойы жұмыс істеуіне кедергі. Кадрлардың жұмыста тұрақтауын қиындатады. Маусымаралық кезеңде туристік нысандардың қызметі бәсеңдейді де, қызметкерлердің бір бөлігі өзге салаға ауысуға мәжбүр. Нәтижесінде тәжірибелі мамандар тұрақтамайды.
Өңірдегі кейбір туристік нысандарға апаратын көлік және инженерлік инфрақұрылымның жеткіліксіздігі де тосқауыл болып отыр. Бұл мәселе, әсіресе, шалғай аумақтарда айқын сезіледі және туризмді әртараптандыру үдерісін тежейді.
Қарағанды облысына келетін туристердің басым бөлігі тарихи-мәдени нысандарға, тарих және сәулет ескерткіштеріне, мемориалдық кешендерге, сондай-ақ, табиғи ландшафттарға қызығушылық танытады. Ішкі туризм, әсіресе, танымдық және қысқа мерзімді рекреациялық демалыс түрлері кеңінен таралған. Бұл бағыттар бойынша сұраныс бар болғанымен, оны толық қанағаттандыру үшін сапалы сервис пен кәсіби мамандар қажет.

– Туризм саласындағы кадр тапшылығы мәселесі тек білім беру жүйесіне тіреліп тұрған жоқ. Мәселенің түп-тамыры – еңбек нарығындағы нақты жағдай мен бизнестің құрылымында. Біздің оқу орнында, туризм мамандығы бойынша даярланған түлектердің басым бөлігі сұранысқа ие. Олар туризм басқармаларында, ұлттық табиғи парктерде, музейлерде, сондай-ақ елімізде және шетелдердегі ірі қонақ үйлерде жұмыс істеп жүр. Негізгі қиындық шағын туристік фирмалармен байланысты. Қарағандыдағы туристік компаниялардың көпшілігі шағын бизнес санатына жатады. Құрамы 2-3 адамнан ғана тұратын мұндай мекемелерде студенттермен жүйелі түрде айналысатын, тәлімгерлік жасайтын штаттық қызметкер жоқ. Көп жағдайда жұмыс берушілер жас маманнан бірден жоғары нәтиже талап етеді, – дейді Қарағанды Қазтұтынуодағы университеті туризм және мейрамхана ісі кафедрасының меңгерушісі, PhD, аға оқытушы Альбина Гарипова.
Университет пен бизнес арасындағы байланысты күшейту бағытында жұмыстар атқарылып жатыр. Қонақ үйлермен, туристік фирмалармен, мұражайлармен меморандумдар жасалып, тәжірибелі мамандар оқу үдерісіне тартылады. Студенттер туризм нысандарында шығу сабақтарына қатысып, жобалар әзірлейді. Сонымен қатар, академиялық ұтқырлық бағдарламалары арқылы шетелдік жоғары оқу орындарында білім алып, халықаралық сервистік стандарттармен танысуға мүмкіндік бар.
– Дегенмен, түлектердің салада тұрақтамауына әсер ететін тағы бір фактор – жұмыс жағдайының күрделілігі. Қызмет көрсету саласы жоғары стресс, маусым кезінде тәулік бойы жұмыс істеу, әртүрлі мінез-құлықтағы клиенттермен қарым-қатынас орнату секілді талаптарды алға қояды. Практика көрсеткендей, жас мамандардың бір бөлігі мұндай жүктемеге дайын болмай шығады, – дейді Альбина Гарипова.
Маманның пікірінше, кадр мәселесін шешудің бір жолы – кәсіби сертификаттар мен қосымша дағдыларды дамыту. Университеттерде жасанды интеллект, цифрлық платформалар, CRM жүйелері бойынша курстар енгізіліп, шет тілдерін меңгеруге жағдай жасалуда. Бұл мүмкіндіктерді толық пайдаланған түлек еңбек нарығында әлдеқайда бәсекеге қабілетті болады.

– Қызмет көрсету сапасының өңірлер бойынша біркелкі болмауы да әсер ететін маңызды фактордың бірі. Кейбір туристік нысандарда сервистік қызмет халықаралық және ұлттық стандарттарға толық сәйкес келмейді. Сонымен қатар, туристік өнімдерді жүйелі түрде ілгерілету, заманауи маркетингтік және цифрлық құралдарды пайдалану деңгейі жеткіліксіз. Бұл жағдай өңірдің туристік тартымдылығын төмендетіп, бәсекеге қабілеттілігін әлсіретеді. Қарағанды облысының туристік әлеуеті айтарлықтай жоғары. Өңірде тарихи-мәдени мұра нысандары, сәулет ескерткіштері, мемориалдық кешендер, табиғи ландшафттар және индустриялық туризм объектілері жеткілікті. Алайда, олардың бірқатары туристік айналымға толық енгізілмеген. Жүйеленген туристік маршруттардың аздығы, инфрақұрылым мен сервиске қойылатын талаптардың біркелкі болмауы бұл мүмкіндіктердің толық іске асуына кедергі келтіруде. Туристік өнімдерді әртараптандыру, цифрлық платформалар арқылы ілгерілету және сервистік қызметтердің сапасын арттыру бағытында қосымша мүмкіндіктер бар, – деп мәлімдеді облыстың туризм басқармасы.
Сонымен қатар, экологиялық туризм табиғи аумақтарға қызығушылықтың артуына байланысты біртіндеп дамып келеді. Жазда рекреациялық және жағажай туризм, су айдындары орналасқан аймақтарда белсенді. Басқарма мәліметінше, алдағы уақытта туризмнің барлық түрін маусымаралық кезеңде де дамытуға бағытталған кешенді шаралар қабылдау жоспарлануда.

– Өңірдің туристік тартымдылығын қалыптастыруда кадрлық қамтамасыз ету сапасы мен сервис деңгейі шешуші рөл атқарады. Персоналдың кәсіби даярлығының жеткіліксіздігі, халықаралық және ұлттық қызмет көрсету стандарттарына толық сәйкес келмеуі туристік тәжірибенің сапасына және өңірдің жалпы имиджіне теріс әсер етеді. Осыған байланысты білікті мамандарды даярлауға бағытталған білім беру бағдарламаларын әзірлеу және оларды тәжірибемен ұштастыру маңызды. Қарағанды облысында туризм саласы үшін мамандар даярлау жоғары оқу орындарында және техникалық, кәсіптік білім беру ұйымдарында жүзеге асырылады. Атап айтқанда, «Туризм» бағыты бойынша бакалаврлар даярлау Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті және Қазтұтынуодағы Қарағанды университеті базасында бар. Сонымен қатар, өңірдегі бірқатар колледждерде туристік агенттер мен менеджерлер даярланады. Дегенмен, кадр даярлау бар болғанымен, олардың практикалық дайындығы еңбек нарығының талаптарына толық сәйкес келе бермейді, – деді облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбек нарығын талдау және мониторинг бөлімінің басшысы Айнагүл Ермағанбетова.
Ресми деректерге сәйкес, Қарағанды облысының туризм басқармасына туристік нысандардағы қызмет көрсету сапасына қатысты шағымдар тіркелмеген. Десек те, бұл салада мәселе жоқ дегенді білдірмейді. Кадр тапшылығы экскурсиялық маршруттар санының шектелуіне, сервистік қызметтердің сапасының төмендеуіне, сондай-ақ, цифрлық және инновациялық шешімдерді енгізудің баяулауына алып келуде.

Ауылдық аумақтарда туризмді дамыту үшін инфрақұрылымды жетілдіру, шағын туристік жобаларды мемлекеттік қолдау, жергілікті халықты туристік сервис негіздеріне оқыту қажет. Агро және этнотуризмді дамыту, кәсіпкерлік белсенділікті ынталандыру арқылы жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік бар. Әйткенмен, бұл бағыттардың барлығы білікті кадрларсыз жүзеге аспайды.
Қарағанды облысында туризмді дамытудың алдағы жылдарға арналған басты басымдықтары ретінде туристік инфрақұрылымды жаңғырту, сервис сапасы мен кадрлық әлеуетті арттыру, бәсекеге қабілетті туристік өнімдерді қалыптастыру, экологиялық және ауылдық туризмді дамыту, сондай-ақ, өңірдің туристік брендін жүйелі ілгерілету айқындалған.
Сонымен қатар, эко және агротуризмді дамыту жөніндегі шаралар кешенін іске асыру, гастрономиялық фестивальдер мен жәрмеңкелер өткізу, этнотуристік ауылдар құру, гидтер мен экскурсоводтардың қызметін цифрландыру, MICE-туризмді дамыту жоспарланып отыр. 2026-2028 жылдары жалпы құны 67 млрд теңгеден асатын 36 инвестициялық жобаны іске асыру көзделген.
Қарағанды облысында туризмді дамытуға барлық алғышарттар бар. Дегенмен, инфрақұрылым, инвестициямен қатар адам капиталына басымдық берілмейінше, туризмнің түтіні түзу ұшпақ емес. Туризм – ең алдымен сервис, ал, сервис кадрға тікелей тәуелді. Бұл тұрғыда «туризм кадрсыз дамымайды» деген тұжырым Қарағанды облысы үшін де өзекті болып қала береді.
Жамал Советқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»

