Туризмді табыс көзі деп танысақ…
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында: «Жұрт жиі баратын демалыс орындарынан бөлек, болашағы зор басқа да бағыттардың әлеуетін арттыру маңызды. Міндеттердің ара-жігін ажыратып алған жөн. Жергілікті атқарушы органдар әрдайым туризм инфрақұрылымын жан-жақты дамытуға баса мән беріп, осы жұмысқа жауапты болады» деген еді. Осы сөздің мәнін терең түсініп, енді іс жүзінде жүзеге асыра бастағандаймыз.

Облыстың туризм басқармасының басшысы Ирина Любарскаяның сөзіне сүйенсек, 2025 жылы өңірдің туристік әлеуеті айтарлықтай артқан. Былтыр қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында өңірге 370 мың турист келген көрінеді. Ал, ішкі туризм 22,6 пайызға өсіп, 355,9 мың адамға жеткен. Шетелдік туристер саны 14,1 мың адамды құраған.
– Туризмде жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылды. Балқаш қаласында «Сказка», «Riviera», «Фарида» демалыс аймағы, «Мәулен» қонақ үйі ашылды. Қарқаралы ауданында «Горы», «Амина» және «Қарқаралы» қонақүйі пайдалануға берілді. Ал, Қарағандыда «Меридиан» қонақ үйіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жол бойы сервистік нысаны пайдалануға берілді. Абай ауданында «SERENITY» демалыс аймағының құрылысы аяқталды. Туризмге негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 23,5 млрд теңгені құрап, 2024 жылмен салыстырғанда 22,6%-ға артты, – деді басқарма басшысы.
Инвестициялық белсенділіктің өсуіне туризм саласына көрсетілетін қаржылық қолдау да ықпал етуде. 2025 жылы туризм саласындағы 33 жобаға жалпы сомасы 5,5 млрд теңге бөлінген. Есепті кезеңде кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм жөніндегі кеңестің 6 отырысы өткізіліп, онда туризм саласын дамыту, кәсіпкерлерді қолдау сынды өзекті бастамалар мен проблемалық мәселе қаралды. 2025 жылы «Қарағанды-Балқаш» автокөлік жолы қайта жаңғыртылып, «Қарағанды-Қарқаралы» бағытында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілген. Сонымен қатар, жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде.
– Биыл 2030 жылға дейінгі туризмді дамытудың жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Сонымен қатар, өңірде туризмді дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру межесі тұр. Одан бөлек, облыстың орта мерзімді инвестициялық стратегиясы шеңберінде Қарқаралы ауданы мен Балқаш қаласында туризмді дамытуға арналған арнайы аймақтарды құруды бастаймыз. Оған инженерлік және көлік инфрақұрылымын жеткізу, жол бойындағы сервисті дамыту, туристік аймақтарды абаттандыру, жағажайларды жайластыру және оларды стандарттарға сәйкестендіру жоспарлануда. Сондай-ақ, туристік инфрақұрылымның бірыңғай стилін қалыптастыру үшін дизайн-кодтар әзірленеді, – деді Ирина Любарская.
Биыл Қарағанды өңірінде экологиялық және этнотуризмді дамытуға ерекше назар аударылып отыр. Өңірдің табиғи байлығы мен тарихи-мәдени мұрасын тиімді пайдалану арқылы туристік әлеуетті арттыру көзделген. Осы мақсатта Қарқаралы ұлттық табиғи парк аумағында қысқа және ұзақ мерзімге жалға берілетін арнайы учаскелер белгіленген. Ұзақ мерзімге берілген жерлерде капиталды құрылыс салуға болады. Яғни, қонақүйлер мен демалыс үйлеріне рұқсат деген сөз. Ал, қысқа мерзімге берілген жерлерде құрылыс жүргізуге тыйым салынған. Тек уақытша орналастыру объектілеріне ғана рұқсат. Қазіргі таңда жалпы 20 учаске жалға беріліпті-мыс. Алдағы уақытта Ұлттық парктің инфрақұрылымын дамыту мақсатында тағы төрт учаске – ұзақ мерзімге, 16 учаске – қысқа мерзімге берілмек. Сонымен қатар, осы бағытта Атамекен кәсіпкерлер палатасымен бірлесе отырып, инвесторларды тарту жұмыстары да жүргізілуде.
– Былтырға қарағанда биыл туристердің саны 10 мыңға артты. Экотуризм саласында қызмет ететіндігімізге байланысты бізге де туристерден белгілі бір қаржы түседі. Сол түсімнің есебінен биыл бақылау бекеттерін автоматтандыру жүйесін енгізгелі отырмыз. Яғни, автобандардағы төлем жүйесі секілді. Қазіргі таңда барлық учаскелердің кіреберісінде арнайы мамандар туристерді қабылдап отыр. Енді бұдан былай демалушылар Қарқаралыға келмес бұрын алдын ала төлем жасап, құрылғыдан өздері өте беретін болады. Сонымен қатар, автобустар, жүк және жеңіл көліктер үшін арнайы тарифтер бекітілді, – деді Қарқаралы Ұлттық табиғи паркінің директоры Руслан Тулепбаев.
1980 жылдары экологиялық ағартушылық жұмыстарын жүргізу мақсатында Табиғи мұражайдың жанында қоршалған жануарлар алаңы құрылған. Қазіргі таңда онда 40-қа жуық марал және екі бас бизон бар. Олар бұрыннан осы жерде мекендейді екен. Енді қан ауыстыру мақсатында Ақмола облысындағы белгілі бір жеке кәсіпкерден екі бизон алып, жануардың басын көбейтпекші.
– Биыл Ұлттық табиғи парктің құрылғанына 28 жыл толады. Парктің басты мақсаты – экожүйені, тауларды, ормандарды және жануарларды сақтау. Штатта жалпы 121 адам болса, өрт қауіпті маусым кезінде қосымша 100-ге жуық маман тартылады. Сонымен қатар, орманды қалпына келтіру жұмыстары аясында жыл сайын 30 гектар аумаққа қарағай, қайың және үйеңкі көшеті отырғызылады. Өткен жылы 30 гектар жерге қараағаш көшеттері егілген еді. Биыл Қарқаралы орманшылығындағы Қаратоқаның 30 гектарына көшет отырғызу жоспарланып отыр. Бұл аумақ 1996-1997 жылдары өртеніп кеткен. Қазіргі таңда сол жерді қалпына келтіру жұмыстары белсенді түрде жүргізілуде, – деді Ұлттық табиғи парктің директоры.
Сонымен қатар, паркте «Қызыл кітапқа» енген екі аң түрі бар. Біреуі – арқар, екіншісі – манул. Құстардан қара ләйлек болса, өсімдіктерден Қарқаралы барбарисі, қырғыз бирюзасы және адонис кездесетін көрінеді. Жоғалып кету қаупі бар сфагнум мүгі де арнайы қоршауға алыныпты. Ал, жалпы, табиғи аңдардың популяциясы соңғы жылдары едәуір өскендігін баса айтты. Мәселен, арқар саны 347-ге, ал, «Қызыл кітаптағы» қара ләйлектің саны 29-ға жетіпті.
– Парк аумағында жабайы доңыздардың саны көбейіп кетті. Бұл – қалыпты табиғи процесс. Бір жылдары саны артып, кейін азаяды. Жабайы жануарлардың мекендейтін аймақтары бар. Ал, кейбір туристер туристік соқпақтан шығып, жануарлармен суретке түсуді қалайды. Бұл – қауіпті. Сондықтан, туристер өз жолдарынан шықпауға тиіс. Жабайы аңдар әдетте бірінші болып шабуыл жасамайды. Керісінше, адамдарға жақындаудан аулақ жүреді. Ұлттық табиғи паркке келген туристерге осы қауіпсіздік ережелері түсіндіріледі, – деді Руслан Малікұлы.
Ұлттық табиғи мұражайы реконструкцияланып, заманауи талаптарға сай жаңартылатын болады. Сонымен қатар, жабайы аңдар тұрған алаңының қоршауы да жаңартылып, ішкі аумағы абаттандырылады. Қазіргі уақытта Ұлттық табиғи паркте төрт туристік соқпақ жұмыс істеп тұр. Сол маршруттар бойынша да абаттандыру жұмыстары жүргізілмек. Бұған қоса, биыл Ұлттық табиғи парктің үйлестіру кеңесінің шешімімен қосымша екі туристік соқпақ ашу жоспарланып отыр. Ал, бұл жұмыстарды Туризм басқармасының мамандары жүзеге асыруда.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»


