АймақҚарағанды

Туризм төрде болсын десек…

Кейінгі жылдары облысымызға келетін туристердің қатары көбеюде. Осы орайда, Ақтоғай, Қарқаралы аудандары мен Балқаш, Қарқаралы қаласын туризмнің ошағына айналдыру үшін бірқатар жұмыс атқарылып жатыр. Енді демалушыларға қолайлы жағдай жасау қажет. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында осы бағыттағы жұмыстар пысықталды.

Коллажды жасаған А.Коктаева

Дерекке сүйенсек, туристер мен Балқаш қаласы тұрғындарын сапалы сумен қамтамасыз ету мақсатында Балқаш қаласының қалаішілік су құбыры желісін қайта жаңғырту жалғасуда. Екі жылда түрлі диаметрдегі 44 шақырым су құбыры желілері ауыстырылыпты. Нәтижесінде желілердегі апаттар саны азайған. Жуырда қаланың Барковский және Рембаза аудандарындағы курорттық аймақтарындағы құбыр ескіргендіктен жаңа магистральдық жүйеге қосылды. Қазір су қысымы тұрақталған. Бұл туристерге ыңғайлы болып отыр.
Жол инфрақұрылымы да жақсаруда. Былтыр жалпы ұзындығы 6,4 шақырымды құрайтын 5 көшеге орташа жөндеу жүргізілсе, биыл 17,8 шақырымдық 18 көшеге орташа жөндеу жоспарда.

Былтыр Бертіс шығанағындағы курорттық аймақтарда, Тораңғалық, Шұбартүбек елдімекендерінде 13 санитарлық-гигиеналық қондырғы орнатылған. Үш жылдан бері Жағалау аймағын қайта құру жұмыстары жүргізілуде. Бірінші кезең бойынша жұмыстар аяқталып, екінші кезеңін аяқтау 2025 жылдың қыркүйегіне жоспарланған.

Сонымен қатар, «Орталық Транс Сервис» ЖШС тасымалдаушы өз қаражатына 21 жаңа «Yutong» автобусын сатып алыпты.

Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге Балқаш қаласы мен Тораңғалық және Шұбартүбек ауылдарында 36 бейнебақылау жүйесі орнатылған. Су айдындарында 70-тен астам құтқарушы кезекшілікте.

Масаға қарсы жұмыс та жүйелі. Биыл зиянкестердің жиналу ошақтарына санитарлық өңдеудің екі кезеңі сәуір, мамыр айларында қолға алынса, қазір үшінші кезең жүріп жатыр. Алайда, санитарлық жағдайды бақылаудың қорытындысы бойынша қалалық қызметтер өңдеудің төртінші кезеңін өткізуге шешім қабылдады. Бұл жұмыс шілде айына жоспарланыпты.

– Балқаш қаласы аумағында масаның ересек түрлеріне қарсы өңдеу жұмысын химиялық әдіс (бүрку) арқылы қызылордалық мердігер ұйым «Профдезинфекция» жүргізуде. Қоғамдық демалыс орындарында (скверлер, аллеялар, саябақтар) 10 гектар, қаланың орталық және негізгі көшелерінде тағы 10 гектар аумақ залалсызданып, су айдындары, дренаждық арықтар мен нөсерлік кәріздер, батпақты жерлер де өңделді. Дезинфекцияны жүйелі түрде жүргізу үшін мердігерлермен апта сайын өңдеу жүргізу жөнінде қосымша келісімшарт жасалды. Бұл жұмыс химиялық және биологиялық әдіспен жүзеге асып, шомылу маусымының соңына дейін жалғаспақ. Жалпы, Балқаш қаласында бүгінге дейін 31 гектар қоғамдық орындар химиялық әдіспен (бүрку әдісімен), 250 гектар су айдыны биологиялық әдіспен (бактерицидтік тәсілмен) өңделді, – деп атап өтті Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев.

Инвестиция тарту мәселесі де жүйелі. Дерек бойынша, қалада туризмді дамытуға арналған 106 гектар жер бар. Медициналық колледж аумағында 40 гектар аумаққа жобалық-сметалық құжаттама әзірленуде. Жобада демалыс орындарын салуға 9 жер учаскесі және коммерциялық нысандар үшін 8 жер учаскесі қарастырылған. Бұл нысандар базасында қонақ үй, демалыс аймақтары, ойын-сауық саябақтары мен аттракциондар, жүгіру және велоспорт жолдары және «А» санатындағы жол сервисінің объектілерін орналастыру жоспарда.

Қазір шипажай, қонақ үй және «Апартамент» тұрғын үй кешенін, одан бөлек, екі қонақ үй кешенін салуға төрт әлеуетті инвестор қызығушылық танытуда. Бұл нысандардың құрылысы биыл басталады деп күтілуде.

– «Алматы-Балқаш-Қарағанды-Астана» жаңа тасжолының іске қосылуы екі бағытта да көлік қозғалысының айтарлықтай артуына әкелді. Бұл туристер санын өсіріп, автотуризмге жаңа мүмкіндіктер ашады. 2024 жылы жол бойындағы сервисті дамыту шеңберінде «Алматы-Екатеринбург» тасжолында көпсалалы кешен, базар кешені, дәмхана, супермаркет, жанар-жағармай құю бекеті, автосервис, техникалық қызмет көрсету станциясы, көлік жуу орнының құрылысына 6 жер телімі берілді. Бүгінде инвесторлар нысандар құрылысының жобалық-сметалық құжаттарын әзірлеуде. Кәсіпкерлікті қолдау бағдарламалары мен қолайлы климаттың нәтижесінде қалада жаңа туризм нысандары ашылуда. Былтыр 3 нысан пайдалануға берілді. Оларда – 88 бөлме, 156 төсек болса, 16 жұмыс орны құрылды. Жыл басынан бері 2 демалыс орны мен бір қонақ үй пайдалануға беру актісін алды. Тағы 20 жұмыс орны ашылмақ. Жылдың соңына дейін тағы 3 нысанды (демалыс аймағы) пайдалануға беру жоспарлануда. Туристік маусымның ашылуы аясында дәстүрлі «Балқаш турфест – 2025» облыстық фестивалінің өткізу уақытын мамырдың соңы мен маусымның басында өткізу туралы ұсыныстар бар. Фестиваль Балқаш қаласының туристік орталық ретіндегі брендін қалыптастыру және насихаттауды көздейді, – деді Сапар Сатаев.

Жиын соңында аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев жауапты басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдеріне жазғы маусымда демалушыларға қолайлы жағдай және олардың қауіпсіздік мәселесін басты назарда ұстау қажеттігін мұқият тапсырды.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button