Бас тақырып

Туризм түлейді, спорт серпіледі

Өңірде туризм мен спорт салалары қарқын алмақ. Облыста алдағы жылы мемлекеттік туристік ақпараттық орталық ашылады. Бұл жаңалықты облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Ирина Любарская Қоғамдық кеңестің кезекті отырысында мәлімдеді. Орталық өңірдің туристік әлеуетін арттырмақ. Ал, 2025 жылы спорт нысандарының құрылысы және әлеуметтік қолдау бағыттарына қомақты қаражат бөлінеді. Жоспарда жаңа спорт кешендерін салу, жол-көлік инфрақұрылымын жақсарту, сондай-ақ, Балқаш пен Қарқаралы сияқты ірі туристік аймақтарды дамыту межесі менмұндалайды.

Сурет ttfrk.kz

Салалық басқарма басшысы қо­ғамдық кеңес мүшелері 2025 жылға арналған бюджетті қарас­тыра отырып, туризмді дамыту туралы сауал қойған кезде мемлекеттік туристік ақпарат орталығы туралы кеңірек тоқталып өтті.

– Бізде туризм басқармасы жоқ. Мемлекет басшысының тап­сырмасына сәйкес мұндай орталықтар облыстарда болуы тиіс. Өңірде екі ірі туристік аймақ бар: Қарқаралы және Балқаш. Сондықтан, орталық есігін келесі жылы айқара ашатын боламыз. Орталықтың жылдық шығыны штат саны 10 адамнан тұрады деген есеппен санайтын болсақ, 65,4 миллион теңгені құрайды. Шығын атаулысы кәдесый өнімдерін дайындауды, шетелдік қонақтармен және инвесторлармен кездесуді, Алматы мен Астанадағы туризм тақырыбындағы жыл сайынғы дәстүрлі көрмелерге қатысуды көздейді. Аймағымызда маңызды және өз көзімен көруге тұрарлық көптеген көрікті жер бар. Ал, орталық туризмді дамытуға, жан-жақты насихаттауға көмектеседі, – деп атап өтті спикер.

Сөз орайында қоғамдық кеңес мүшелері Қарқаралының дамуына баса назар аударуды ұсынған еді. Қоғам белсендісі Руслан Никоновичтің айтуынша, бұл бағытта ол өзгерісті көптен күткен көрінеді. Келесі жылы ол Қарқаралыға де­йінгі жолды жөндеу аяқталатынын еске салды. Алайда, Руслан мырза о жаққа барар жолда қажетті жағдайлар жоқтың қасы дейді. Жолаушы жол жүргенде ең қарапайымы ұялы байланыстың жеткіліксіздігінің өзі көп жайдан ақпар береді деп тағы қосты.

Жалпы, облыстық қоғамдық кеңес отырысы 2025-2027 жылдарға арналған бюджет жобасын қарастыруға арналып, 2025 жылғы бюджетке егжей-тегжейлі тоқталуға мүмкіндік ашты. Бұл арада нақты және статистикалық деректерді облыстық қаржы басқармасының басшысы Людмила Башарина алға тартты.

– Облыстық бюджеттің кіріс бөлігі, трансферттерді есепке алмағанда, үш жылдық кезеңде: 2025 жылы – 518,4 миллиард, 2026 жылы – 535,8 миллиард, 2027 жылы 564,9 миллиард теңге сомасын құрамақ. Бюджет шығысы үш жылдық кезеңде: 2025 жылы – 529,6 миллиард, 2026 жылы – 544,2 миллиард, 2027 жылы 573,2 миллиард теңге шамасында. Бюджет шығыстарының ең қомақты үлес салмағы әлеуметтік салаға тиесілі. Бұл – оның тұтас көлемінің 64,1%-ы. Экономиканың нақты секторына бағытталған шығыстар 21,1%-ды құрайды. Бюджет жобасындағы жалпы мемлекеттік шығыстар 8,2% сомасында ескерілді, – деп атап өтті Людмила Башарина.

Әлеуметтік салаға 2025 жылы 339,5 миллиард теңге бюджет қаражаты жоспарланған. Аталған сома материалдық-техникалық ба­заны ұстауға, нығайтуға, әлеу­меттік сала нысандарының қауіпсіздігін қамтамасыз етіп жөн­деуге, халықты жұмыспен қам­ту шараларына сарп етілмек. Мәселен, мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру, мектептерде оқушыларды тамақпен қамтамасыз ету, мүмкіндігі шектеу­лі адамдарды әлеуметтік қолдау және үкіметтік емес ұйымдарда мемлекеттік әлеуметтік тапсырысты орналастыру, науқастарды тегін дәрі-дәрмектермен қамтамасыз ету, ауылдық жерлерде медицина қызметкерлеріне әлеуметтік қолдау көрсету, спорттық және шығармашылық үйірмелерді жан басына қаржыландыру, мәдениет, жастар саясаты саласындағы жалғасты іс-шаралар сәйкесінше қаражатты талап етеді.

– Экономиканың нақты секто­рын қамтамасыз етуге 111,7 миллиард теңге көзделді. Жол-көлік инфрақұрылымы саласында шығыс бөлік әлеуметтік маңызы бар жолаушылар тасымалын субсидиялауға, Қарағандыда 7 жастан 18 жасқа дейінгі балалардың тегін жол жүруін қамтамасыз етуге, облыстық және жергілікті маңызы бар автожолдарды салып, реконструкциялауға әрі жөндеуге, сондай-ақ, Балқаштағы әуежайды жарақтап, оның әрі қарай толыққанды жұмыс істеуіне бағытталады. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында ауызсу жеткізу бойынша көрсетілетін қыз­меттерді субсидиялауға, отын сатып алуға, шаруашылық пен ауызсумен жабдықтау үшін іздес­тіру-барлау жұмыстарын жүр­гізуге, халық үшін үздіксіз жы­лумен жабдықтау амалдарына, су бұру жүйесін дамытуға арналған шығыстар жоспарланған. Құрылыс саласында білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет және әлеуметтік қорғау нысандарын салуға, облыс аймақтарында тұрғын үйді жөндеуге және салуға арналған шығыстар легі ескерілді. Агроөнеркәсіптік кешенді қолдауға, шағын және орта бизнесті қолдау мен дамытуға, ветеринариялық қауіпсіздік іс-шараларына әрмен қарай қоршаған ортаны қорғау жөніндегі іс-шаралар жоспарының жобасы шеңберінде шығыстар көзделген, – деп толықтырды Людмила Башарина.

Өңірдің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, төтенше жағдайлардың алдын алуға, азаматтық қорғаныс­ты ұйымдастыруға 30,5 миллиард теңгелік бюджет көлемі көзделуде. Бұл қаражат сомасы материалдық-техникалық базаны ұстап нығайтуға, жөндеу жұмыстарына, су тасқыны мен өрт қауіпті кезеңдердің алдын алу жөніндегі іс-шараларға жұмсалады.

Облыстық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында спорт мәселелері де жете қаралды. Өңірде алты спорт нысаны салынып жатқанын, ал, келесі жылы тағы алты ірі нысан салынатыны туралы белгілі болды. Мәселен, әмбебап спорт кешендері, ерекше қажеттіліктері бар адамдарға да арналған.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Рустам Қожабеков алдымен статистиканы алға тартқан болатын. Облыста 1 250 спорт ұйымы мен дене шынықтыру ұжымы қызмет атқарса, жұмысқа 431 мыңнан астам адам қамтылған. Ал, 39 спорт мектебінде 27 545 бала айналысады. «Биыл бұқаралық спортты дамытуға 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлінді. 2025 жылы тағы 4 миллиард теңгеден астам қаржы бөлу жоспарлануда», – деп атап өтті Рус­там Қожабеков.

Сонымен қатар, облыста жалпы сомасы 5 миллиард 629 миллион теңгеге алты спорт нысанының құрылысы жүргізілуде, деп жалғастырды спикер. Бұл – Ақтоғай ауданы Сарышаған кентінде 150 орындық дене шынықтыру-сауықтыру кешені, Бұқар жырау ауданының Ғ.Мұстафин, Қарқаралы ауданының Қарағайлы кентінде 100 орындық кешен, Приозерск қаласында 210 орындық спорт нысаны, Саран қаласының маңындағы Ақтас кентінде 150 орындық кешен және Қарқаралыдағы стадион.

– Ал, 2025-2026 жылдары та­ғы алты ірі спорт нысанының құрылысын бастау жоспарлануда. Бұл – Майқұдық пен Оңтүстік-Шығыс арасындағы жабық стадион. Бассейні бар әмбебап спорт кешені. Қарағандыдағы мектеп-интернат-колледжі, Қарқаралы ауданының Көктас кентіндегі спорттық сауықтыру кешені. Мұнымен қатар, «Самұрық-Қазына» және «Қазақстан халқына» қорлары арқылы – Қарқаралы ауданының Жарлы мен Бүркітті ауылдарында, Бұқар жырау ауданының Доскей елдімекендерінде, Шет ауданының Ақадыр кентінде, Ақтоғай ауданының Шашубай, Бұқар жырау ауданының Баймыр­за ауылында және Балқаш қаласында жеті жедел салынатын спорт кешені бой көтереді, – деді Рустам Қожабеков.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button