Туризм: әлеуетке әрекет жетіспейді
Қарағанды аймағының туристік әлеуеті әлсіз деуге әсте келмейді. Құзырлы орындар қамсыз дей де алмайсыз. Бірақ түлеп кеткен туризмді көре алмай жүргеніміз шындық. Күні кеше Мемлекет басшысы өзінің Жолдауында туризм саласындағы жұмыстардың дұрыс атқарылмай жатқанын сынға алды. Еліміздің басқа мемлекеттермен салыстырғанда көш соңында қалғанын да қадап айтты. Сырт елдер туризм арқылы тәуір тұрмыс кешіп жатыр. Алақандай жерін жиһангездерді магнитше тартқан жәннатқа айналдырып алған әлдеқашан. Шыны керек, біздің ел туризмді, ал, туризм елді әлі «жатырқап» жүр. Содан да болар, ондыққа енген ғажап мекендер өзі өрісін кеңейте алмай келеді…
Мәселен, жаз айында Балқаш көлінің кереметін сезінеміз деген жұрттың «биоәжетхана» таппай әуреге түсіп, безінгенін де естідік. Осыдан-ақ ішкі туризмнің іркіліп тұрғанын білуге болады.
Жаз бойы көл жағасында болғандар жақсы білер, курорттық аймақтың бұрыш-бұрышы қоқысқа ыбырсығанын. Тіпті, жағажайдың өзінде бос бөтелкелер, тамақ қалдықтары шашылып жатады. Көзімізбен көріп, күйінгеннен соң айтып отырмыз. Сол қоқысты сыртқа тасып жүрген техникаңызды да кезіктірмедік және көптен келмегенін де түсіндік.
Балқашқа келген туристерді «Шұбартүбек», «Тораңғалық» секілді демалыс аймақтарына апаратын автобустардың жоқтығы және бар. Жағдайы жеткендер такси қызметіне жүгінеді. Таксидің үнемі табыла бермейтіні тағы бар. Ал, қарапайым демалушыларға жоғарыда атап өткен жағажайға жету мұңға айналған.
Осы мәселелердің шешімін табу үшін жолға қойылған жұмыстарды жоққа шығарудан аулақпыз, әрине. Оның үстіне Балқаш туризмді дамытудың жол картасында бар. Тек, жолда қалып қоймаса дейміз.
Ал, Алаштың Арқадағы алтын бесігі саналған Ақтоғайға шетелден туристер жиі келеді. Беғазы-Дәндібайдың мәдени ескерткіштеріне қызығушылық танытатын туристер көп. Одан бөлек, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның басына тәу ететіндер де жиі келеді. Бірақ, мұнда туризм атымен жоқ. «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанындағы Туризм комитетінің төрағасы Жазира Жанкина шетелдік туристер алдында сан мәрте қысылғанын айтады.
– «Туризм дәретханадан басталады». Бізге шет елдерден туристер көп келеді. Әсіресе, Франция елшілігімен тығыз жұмыс істейміз. Еуропалықтарды этнотуризм, экотуризм қатты қызықтырады. Қарағанды облысында оларды апаруға болатын жер көп. Мысалы, Ақтоғай ауданындағы Беғазы-Дәндібайды алайық. Саяхатшылар ол туралы интернеттен оқып алады да, көруге құштарлығы артады. Тиісінше, біздің фирмаға жүгінеді. «Келгенше қонақ қысылады, Келген соң үй иесі қысылады» дейді ғой. Ақтоғайға апарғанша әбден ұялып бітемін. Астаң-кестеңі шыққан жолды былай қойғанда, жол бойында дені дұрыс дәретхана жоқ. Кафе-мейрамхананы сағалап, қожайындарынан сөз естіп жүргеніміз, – дейді Жазира Құрмашқызы. Кәсіпкердің бұл мәселені қозғап жүргеніне бірнеше жыл болды. Мұның оңай шешілетініне және сенбейді. Расы керек, Ақтоғайға апаратын жолдың жай-күйі жан ауыртады…
Ал, Арқаның інжу-маржаны Қарқаралыға келетін туристердің де қарасы қалың. Мұнда да туризмнің дамуына кедергі келтіретін түйткілді мәселелер бар: демалыс орындары мен туристік объектілердің инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымдарын дамыту. Яғни, «Қарағанды-Қарқаралы» республикалық маңызы бар жолды орташа жөндеу, шағын авиация үшін әуежайды қалпына келтіру, ұялы байланысты, оның ішінде, интернетті сапалы ету, жұмыс істеп тұрған демалыс үйлеріне дейінгі жолдарды жөндеу, туристік маршруттарды абаттандыру.
– Инвесторлар мен тұрғындардың туризмді дамытуға қызығушылығы болғанымен, бірқатар мәселелерді атап өту керек. Бұл, ең алдымен, инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымның жай-күйі, кадрлар тапшылығы, сервистің әлсіз дамуы және Ұлттық парк тарапынан қойылатын көптеген шектеулер. Бүгінгі күні «Қарқаралы ауданының туризмін дамытудың 2023-2025 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары» әзірленіп жатыр. Осы жоспар арқылы туризм саласын дамыту бойынша барлық бағытты қамтуды көздеп отырмыз. Әсіресе, жол, интернет мәселелері, ауыз сумен қамтамасыз ету, – дейді Қарқаралы ауданының әкімі Ерлан Құсайын.
Міне, аймақтағы туризмнің көрген күні. Күні кеше Президент пәрменімен Туризм және спорт министрлігі жеке жасақталды. Мүмкін, туризмнің қазаны енді-енді бұрқ-сарқ қайнар. Оны уақыт еншісіне қалдырдық.
Қасымхан ҒАЛЫМ,
«Ortalyq Qazaqstan»