Бас тақырыпМәселе

Туризм: инвестор неге құлықсыз?

«Туризм саласына тың серпін беру үшін алдымен инфрақұрылым мәселесін кешенді түрде шешіп, қызмет сапасын түбегейлі жақсарту қажет. Жалпы, туризмнің болашағы зор екеніне кәсіпкерлердің көзі жетуі тиіс», – деген еді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев. Бұл орайда Президент пәрмен де берді.

Алайда, Түркия секілді туристпен таң атырып, туристпен күн батырған ел болу – әзірге арман. Ұшақтан түскен қонағының табанын жерге тигізбей, маңдайын желге сүйгізбей, иіліп-бүгіліп қызмет көрсетуге жете қойған жоқпыз. Алдағы жылдарда жетерімізге де күмән-күдік көп. Жайлылығымен туристің жағасына шаң қондырмайтын түрік бауырлар туризм туралы сынақ алса, қирай жығыларымыз тағы шын. Өйткені, өзімізде туризм деп жал күдірейткеніміз ондағы қызметтің қасында тезек теріп, шаң қауып қалады. Содан да ішкі туризм іркіліп тұр. Қызмет көрсету – кемшін. Баға – удай. Мұндай кеп ұртымызды өзімізше толтырып айтатын әр мекеннің «пешенесіне» бұйырған. Бұдан көсіліп жатқан көкше көл Балқаш та ада емес.

 

Статистика не дейді? «Алматы-Екатеринбург» тас жолында жаз шыға тыным жоқ. Төбесіне қайық қаңтарған көлік көбейеді онда. Бағыттары, барар жері көбінде біреу-ақ – Балқаш. Балқаштың аңқаны кептірген газды ауасы емес. Көз қызартары – табан күйдірген құмы, дертке дауа тұзды суы. Бұған қарап, былайғы жұрт Балқаш туризмнен шайқап төгіп, үріп ішіп отыр деп ойлайды. Ішкені алдында, ішпегені артында деп. Әсте олай емес.

Осыдан үш жыл бұрынғы туристік кластерді дамытуды көздеген кеңесте келісілген тізім бар. Онда елдегі 50, содан соң туристер үшін 10 тартымды орынға таңба басылған. Сол таңба бойынша олар жыл өткен сайын өркенін өсіруі тиіс-тұғын. Одан беріде аттай үш жыл өтті. Пандемияның залалын жоққа шығара алмаймыз. Бірақ, туризм деген тыңға одан кейін салынған соқадан соң да өнім өнбеген секілді.

Сол уақытта ресми деректер Балқаштың жылына 400 мың турист тартуға әлеуеті жетіп артылатыны туралы жалпақ жұртқа жар салған. Оған қоса, ол кезде жылына 130 мың турист келеді деген ақпар да жарқ еткен. Ал, бүгінгі ақпар оның жарым-жартысындай ғана. Болжам болмады. Жоғары жақ есептен жаңылды ма, білмейміз, әйтеуір баяғы әупірім сол әупірім секілді.

Айталық, былтыр Балқаш қаласына барған туристің ресми саны 67 295 қана. Бұл, тіпті, бұрнағы жылмен салыстырғанда 33,3 пайызға өскендегісі. Шетелден шекара асып, арнайы келгендер мүлде аз. Небары – 1056. Оның өзі 25 есе өскені. ТОП-10-ның ортасынан орынды ойып алған көкше көлдегі туризмнің көсегесін көгертпей жүрген не? Бұл арада жабайы туристер есепте емес.

Сервис төмен, инвестор құлықсыз

Мұндағы басты кілтипан қызмет көрсетуден басталатын біраз тетікте. Яғни, ол – сервистің төмен деңгейі, білікті кадрдың тапшылығы, туристік қызметтер нарығындағы жоғары бағалар. Ошақтың үш бұтындай осы үштік туризм қазанын қайната алмай келеді.

– Бұлар – Балқаш қаласында туризмді дамытудағы негізгі проблемалар. Оған қоса, Балқаш қаласында күрт континенттік климат, жыл сайын ауа температурасының төмендігі басым. Осыған байланысты туризм саласындағы қызметтердің кейбір түрі үшін маусым өте қысқа. Бұл туристік қызметтер нарығындағы жоғары бағаларға, кадрлардың ауысуына әсер етеді.

Мәселені шешу үшін жыл сайын әр маусымның басында туризм және қонақ үй бизнесі қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшін түрлі тренингтер өткізу қажет.

Біз Қарағанды облысының жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасына туризм индустриясындағы үздік тәжірибелерді, сервис стандарттарын ескере отырып, курорттық ұйымдар үшін кадрларды оқытуды ұйымдастыру туралы ұсыныс жолдадық, – дейді Балқаш қаласы кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің басшысы Жанмира Рахпанова.

Балқашта осы күні үш және төрт жұлдызды қонақүйлер қат. Туристің тиімді демалысын қамтамасыз ететін орындар жоқ. Бүгінде көлге қызығып, қаржысын қиналмастан құя салған инвесторлар да суырылып шықпапты.

– Балқаш қаласы туристер легін арттыруда қандай проблемамен бетпе-бет келіп отыр дегенге келсек, ол – үш және төрт жұлдызды қонақүйлер салуға ықылас білдірген инвесторларды тарту мәселесі. Бұл қонақүйлер ойын-сауық және аттракциондар парктерін, картингтерді, спорттық балалар алаңдарын, жүгіру және велосипед жолдарын қамтуы тиіс. Сонымен қатар, аумағында азық-түлік гипермаркеттері, бутиктер, салондар, тамақ ішуге арналған фуд-корттар, бірнеше залы бар кинотеатр, бильярд, боулинг, балалардың ойын-сауық алаңдары және ыңғайлы автотұрақтары бар ірі сауда кешенін салу үшін зәкірлік инвесторларды тартуда кедергілер бар.

Туризм саласына инвестиция тарту мақсатында біз «Қазақстанның шетелдік инвесторлар кеңесі» Қауымдастығына Балқаш өңірінің инвестициялық қажеттілігі туралы хат жолдадық. Сондай-ақ, Алматы, Астана және Қарағанды қалаларының барлық гипермаркеттеріне хаттар жолданды. Бірақ әзірге ниет білдірген инвесторлар болған жоқ, – дейді бөлім басшысы.

Деректер былтыр Балқаш қаласының басында қонақтарды күтіп алуда қызмет жасаған 42 нысан барын айтады. Оларда 826 нөмір бар. Біржолғы сыйымдылығы 2103 орын екен. Дегенмен, ондағы қызмет көрсетудің әлі де жетілдіруді қажет ететінін әркімнің іші жақсы біледі.

Бүгінде қандай жобалар бар?

Ресми мәліметтер Балқаш қаласының бір бөлігін (жағалаудың курорттық аймағын) егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы бекітілгенін айтады. Ол кәсіпкерге қазірдің өзінде құрылыстың сәулет-кеңістіктік және инженерлік-экономикалық шешімдері жөніндегі ақпаратты көруге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, Балқаш қаласының Тораңғалық, Шұбартүбек кенттерінде туризмді дамыту бойынша жұмыстар атқарылып жатса керек. Балқаш қаласының «Бертіс» шығанағының ауданында 446,558 млн.теңге сомасына 61 гектар алаңда инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды құрылысы жұмыстары 2022 жылы аяқталғанын мәлімдейді.

Мамандардың айтуынша, «Бертіс» шығанағы ауданында инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды салу нәтижесінде 35 гектар жағалау аумағы абаттанып, 26 гектар аумақта туризмнің жаңа объектілерін салу мүмкіндігі туады. Алдағы уақытта осы аумақта туристік нысандарды салу үшін инвесторлар тарту жоспарланыпты. Инвесторлар тартылған жағдайда 7 туристік нысан, оның ішінде, 3 және 4 жұлдызды қонақүйлер, ойын-сауық және аттракцион парктері, картингтерді, спорттық балалар алаңдары, жүгіру және велосипед жолдарын салу көзделеді.

Оған қоса, қалалық жағажай жағалауы аймағын абаттандыру үшін биыл 4,1 млрд. теңге қарастырылған. Қазіргі уақытта жобаны іске асыруға республикалық бюджеттен 1 млрд. теңге бөлінген екен.

Барлық кластағы ұшақтарды қабылдау және әуежайды халықаралық стандартқа сәйкестендіру үшін Балқаш қаласы әуежайының жекелеген ғимараттарын реконструкциялау және салу бойынша жұмыстар жүргізу жоспарда екен. Ол үшін бүгінгі күні 3,5 млрд. теңге сомасына жобалау-сметалық құжаттама әзірленді дейді құзырлы орындар.

Түйін

Әр елдің өз менталитетіне тән кәсіп бар. Бірақ, айға адам ұшырып, дөңгеленген дүниені алақандай ақылды телефонға сыйдырған жұмыр басты пенденің қабілеті шексіз. Демек, сүйікті құлы адамға кәсіптің кез келгенін меңгеруге Құдай қарымды да үйіп-төгіп бере салған. Түлік өргізіп қойып, оны суатқа құлатқанға мәз болысатын бұрынғы бай-бағланның тірлігі қазір мына қоғамға өгей. Оны бәсекелестіктің бәйгесі қызып тұрған әлем қабылдамайды. Жердің астындағы байлықтың қанша қалғанын, я шекара аса қашқан бай-манаптың шотындағы тиын-тебенін отыра қалып санағанша, көзге көрініп тұрған, қолмен ұстап, көзбен көретін туризм секілді тірлікке тырбанатын кез жаппай. Бұл арада, этно, экотуризм де бар.

«Қалауын тапса, қар да жанады» екен ғой…

Қызғалдақ АСҚАРҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button