Бас тақырыпҰлытау

Туризм – қазақи болмысты әспеттеу тетігі

Мәдениет үйіне жиналған жұртшылық алдында есеп берген аудан әкімі Әнуар Омар Елбасының мемлекеттік саясатын басты негізге ала отырып, әлеуметтік-экономикалық ахуалды жақсарту бағытында былтыр атқарылған ауқымды істі жан-жақты әңгімеледі. Сондай-ақ, шешімін табуға тиісті бірқатар мәселеге тоқталып, оны жүзеге асыру бағытында белгіленген жұмыс жайынан хабардар етті.  

 

Өткен жыл аудан өміріне едәуір оң өзгеріс әкелді. Бұрнағы жылмен салыстырғанда былтыр экономиканың нақты секторында өндірілген өнім көлемі 342 миллион теңгеге өсті, негізгі капиталға 750 миллион теңгедей инвестиция артық салынды. Шағын және орта бизнес саласына 79 субъект қосылды, қазір 350 жеке және 37 заңды тұлға, 987 шаруа қожалығы бар. Биыл 45 362 ірі қара, 120 234 қой мен ешкі, 30 842 жылқы, 300 түйе қысқа түсті. Құс 8 651 басқа жетті.

Қара тасына дейін тарихтан сыр шертетін өңірде қазақи болмысты әспеттеуге, ұлттық салтдәстүрді дәріптеуге жете көңіл бөлінеді. Бүгінде оның тиімді тетігі туризм болып отыр. Ауданда оны дамыту мақсатында былтыр маусымда аудан әкімінің орынбасары Б.Байжантаев пен спорт бөлімінің басшысы М.Оразалин бастаған 12 округтің әкімі Қырғызстанда болып, тәжірибе алмасып қайтты.

Сондай-ақ, дәстүрлі «Көкмайса» этнофестивалі жоғары деңгейде өтті, онда ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық-спорттық ойын кеңінен насихатталды. Көркем табиғат аясында ұйымдастырылған керемет шараны 3 мыңға жуық турист тамашалады. Ұлттық тағамның түр-түрі сөреге шығарылған жәрмеңкенің сауда-саттығы қызу жүрді. Этнофестиваль келесі күні қазақ бардының бәсекесіне ұласты.

Шежірелі Шеңберде Ұлы Жеңістің құрметіне жылда тай, құнан, аламан бәйге өткізу дәстүрге айналған. Былтыр 30 шабандоз бақ сынады. Жұлдызы жанған жеңімпазды марапаттауда жергілікті кәсіпкер мен шаруа қожалығы қауымы демеушілік жасады. Тарихының тамыры тереңде жатқан Терісаққанда да жылда аламан бәйге ұйымдастырылады.

Облыс әкімі Ерлан Қошановтың бастамасымен және тікелей қаржылай қолдауымен былтыр шілдеде халықаралық «Жезкиік» музыкалық этнофестивалі өтті. Сондай-ақ, бағдарламадағы көкпар, жамбы ату, аударыспақ, қыз қуудан шеберлік сағаты көпшіліктің қызығушылығын тудырды. Жан-жақтан, оның ішінде 11 шетелден, 6 мыңнан астам турист жиналып, ұлт ұясы Ұлытаумен танысты.

Біз бұл бағытта болашақта мақсатты да мазмұнды жұмыс жүргізетін боламыз. Ұлытау баурайында салынатын, жалпы құны 718 миллион теңгелік «Сапар» туризм орталығы саланы дамытуға сөзсіз елеулі септігін тигізеді деп айтуға болады. Сонымен қатар, Ұлытау селосында ағымдағы жылы ел игілігіне айналатын кәріз жүйесі туристерге көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға игі ықпал етеді, — деді аудан әкімі.

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Back to top button