Жаңалықтар

Туристік әлеует еселенген жыл

2025 жылы Қарағанды облысында туристік әлеуеті айтарлықтай нығайды. Былтыр қаңтар мен қыркүйек айының аралығында өңірге 370 мың турист келді. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 20,8 пайызға артқан. Ал, ішкі туризм 22,6 пайызға өсіп, 355,9 мың адамға жетті. Шетелдік туристер саны 14,1 мың адамды құрады. Олардың басым бөлігі ТМД елдерінен (55,2%) және Қытайдан (22,9%) келген. Сондай-ақ, Түркия, Германия, Корея мен Румыниядан келген қонақтар да бар. Туристерді орналастыру орындарының саны 2,6%-ға артып, көрсетілген қызметтер көлемі 2,6%-ға, яғни, 8,0 млрд теңгеге жетті.

Сурет басқарма басшысының жеке мұрағатынан

Өңір халықаралық ынтымақтастықты жүйелі дамытуда

Былтыр Қарағанды облысына Венгрия (ақпан), Румыния (Наурыз), Франция (сәуір), Беларусь (сәуір), Чехия (шілде), Грузия (қараша) және Армения (қараша) секілді бірқатар елің дипломатиялық миссияларының өкілдері ресми сапармен келді. Өткізілген кездесулердің қорытындысы бойынша ынтымақтастық туралы келісімге қол қойылып, жол карталары бекітілді. Сыртқы байланыстарды дамыту аясында облыс делегациясы Қытай, Өзбекстан және Ресей Федерациясына сапар жасап, инвестициялық, өнеркәсіптік және туристік салалардағы өзара іс-қимыл перспективаларын талқылады. Сонымен қатар, Қарағанды облысы Алматыда өткен KITF халықаралық көрмесінде өңірдің туристік әлеуетін таныстырып, бірқатар облыспен ынтымақтастық туралы мемор­андумдарға қол қойды.

Туризм саласында жалпы құны 3,7 млрд теңгені құрайтын 11 жоба іске асырылды. Балқаш қаласында «Сказка», «Riviera», «Фарида» демалыс аймағы, «Мәулен» қонақ үйі ашылды. Қарқаралы ауданында «Горы», «Амина» және «Қарқаралы» қонақ үйі пайдалануға берілді. Ал, Қарағандыда «Меридиан» қонақ үйіне қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, жол бойы сервистік нысаны пайдалануға берілді. Абай ауданында «SERENITY» демалыс аймағының құрылысы аяқталды. Туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі 23,5 млрд. теңгені құрап, 2024 жылмен салыстыр­ғанда 22,6% – ға артты.

Мемлекет басшысының туристік инфрақұрылымды дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау шеңберінде «Сарыарқа» ӘКК бизнес өкілдерімен бірлесіп, Балқаш қаласының «Бертіс» шығанағы ауданында жалпы құны 4,1 млрд теңгені құрайтын «төрт жұлдызды» екі қонақ үйдің құрылысы басталды. Сондай-ақ, туристік нысандарды орналастыру және салу үшін өңірлік маңызы бар «Balkhash» индустриялық аймағы құрылды.

Инвестициялық белсенділіктің өсуіне туризм саласына көрсетілетін қаржылық қолдау да ықпал етуде. 2025 жылы туризм саласындағы 33 жобаға жалпы сомасы 5,5 млрд теңге бөлінген. Есепті кезеңде Кәсіпкерлер палатасы жанындағы туризм жөніндегі кеңестің 6 отырысы өткізіліп, онда туризм саласын дамыту, кәсіпкерлерді қолдау сынды өзекті бастамалар мен проблемалық мәселе қаралды. Сонымен қатар, облыстың негізгі туристік дестинацияларында инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамытуға басымдық берілуде.

2025 жылы «Қарағанды-Балқаш» автокөлік жолы қайта жаңғыртылып, «Қарағанды-Қарқаралы» бағытында орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар, жол бойындағы сервистік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары жүргізілуде.

«Жарлы-Қарқаралы» су құбырының құрылыс-монтаждау жұмыстары аяқталды. «Балқаш-Тораңғалық» магистральдық су құбырының құрылысы, Балқаш қаласының жағалау аймағы мен қалалық жағажайды абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Ал, Қарқаралы ауданындағы «Бұғылы» рекреациялық аймағында инженерлік инфрақұрылым құрылысы басталды. Сонымен қатар, Балқаш қаласының әуежайын қайта жаңғырту жұмыстары аяқталу сатысына жетті.

Өткен жылы «Balkash tour fest – 2025» фестивалі және Халықаралық туризм күніне арналған алғашқы облыстық «Саяхатқа шабыт беретін Қарағанды» туристік фестивалі өткізілгендігін атап өтпеске болмас. «Менің сүйікті өлкем» бейнероликтер байқауы және «LOVE KARAGANDA» фотобайқауы ұйымдастырылды. Қарқаралы қаласында «InfoDrive» джип-туры және «Winter Karkaraly» қысқы ақпараттық туры өткізілді. Ақпараттық турлар, туроператорлармен, турагенттермен және туризм нысандарының меншік иелерімен кездесулер өткізілді. Ақтоғай ауданының Шабанбай би ауылы «Үздік туристік ауыл – 2025» ұлттық байқауының қорытындысы бойынша Қазақстанның үздік туристік ауылдарының бестігіне енді.

Туристік саланы цифрландыру – маңызды қадам

Өңір тұрғындары мен қонақтары үшін демалыс орындарын, экскурсиялық бағдарламалар мен туристік қызметтерді ыңғайлы әрі жедел түрде брондауға мүмкіндік беретін Qazeli.kz бірегей онлайн-платформасы әзірленді. Сондай-ақ, Kazakhstan.travel ұлттық туристік порталы, қонақтарды тіркеуге арналған eQonaq платформасы іске қосылды.

WhatsApp мессенджеріне біріктірілген, жасанды интеллект элементтері бар тәулік бойы қызмет көрсететін виртуалды чат-бот енгізілді. Туристік инфрақұрылымның негізгі объектілерінде өзекті ақпаратқа жылдам қол жеткізуді қамтамасыз ететін QR-кодтар орнатылды. Қарағанды қаласы, Тәттімбет көшесі 709 мекенжайында орналасқан Халыққа қызмет көрсету орталығында туристік бағыттар туралы 3D форматтағы ақпаратқа жедел қол жеткізуді қамтамасыз ететін инновациялық интерактивті терминал орнатылды. Терминалдар келушілерге өңірдің көрікті жерлері, маршруттары мен қызметтері туралы көрнекі әрі интерактивті мәліметтер алуға мүмкіндік береді. Аталған шаралар Мемлекет басшысы айқындаған стратегиялық бағыттарға толық сәйкес келеді. Осыған байланысты 2026 жыл «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» болып жарияланып, заманауи, технологиялық әрі клиентке бағдарланған туристік саланы қалыптастыруға бағытталады.

Облыста жаңа экскурсиялық маршруттар әзірленіп, өңірдің бай өнеркәсіптік және тарихи мұрасын ашатын «Индустриялық Қарағанды» және «Turan El» ат спорты клубына бағытталған этно-маршрут іске асырылуда.
Өңірлік гидтер тізімі құрылып, экскурсия жетекшілерінің біліктілігін арттыруға арналған алғашқы оқыту семинары өткізілді. Былтыр бес жұлдызды Cosmonaut қонақ үйі мен «BEREKET» қонақ үйі Kazakh Tourism «Сапа белгісі» ұлттық марапатына ие болды. Сонымен қатар Балқаш қаласында көрікті жерлер, маршруттар, орналастыру орындары мен мәдени шаралар туралы ақпараттық хаб ретінде қызмет ететін Визит-орталық ашылды.

Кадрларды даярлау бағытында белсенді жұмыс жүргізілуде. Құтқарушыларды даярлау үшін қосымша оқу топтары ашылды. Балқаш технология және сервис колледжінде «Қонақ үй бизнесі» жаңа мамандығын енгізу жоспарланған. Сонымен қатар, «Қарағанды облыстық туристік клубы» бірлестігімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Меморандум аясында белсенді туризм бойынша оқыту және бірінші санаттағы күрделіліктегі жаяу жорықтар жетекшілерін даярлау жүзеге асырылады.

Биыл 2030 жылға дейінгі туристік саланы дамытудың жаңа тұжырымдамасы бекітілді. Сонымен қатар, өңірде туризмді дамытудың 2026-2028 жылдарға арналған Жол картасын іске асыру межесі тұр. Одан бөлек, облыстың орта мерзімді инвестициялық стратегиясы шеңберінде Қарқаралы ауданы мен Балқаш қаласында туризмді дамытуға арналған арнайы аймақтарды құруды бастаймыз. Оған инженерлік және көлік инфрақұрылымын жеткізу, жол бойындағы сервисті дамыту, туристік аймақтарды абаттандыру, жағажайларды жайластыру және оларды стандарттарға сәйкестендіру жоспарлануда. Сондай-ақ, туристік инфрақұрылымның бірыңғай стилін қалыптастыру үшін дизайн-кодтар әзірленеді.

Жоспарда жаңа туристік өнімдерді дамыту, эко және агротуризмді ілгерілету, гастрономиялық фестивальдар мен жәрмеңкелер өткізу, этнотуристік ауылдар құру, гидтер мен экскурсоводтар қызметін цифрландыру, MICE-туризмді дамыту көзделген. Пікір көшбасшылары мен блогерлерді тарта отырып, имидждік және оқиғалық іс-шаралар ұйымдастыруды көздеп отырмыз. Әрі жалпы құны 67 млрд теңгеден асатын 36 инвестиция­лық жобаны іске асыру (2026-2028 жж.) жоспарлануда.

Ирина ЛЮБАРСКАЯ,
Қарағанды облысының туризм басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Back to top button