Балқаш қаласы «Таза Қазақстан» акциясын науқан емес, қалыпты өмір дағдысына айналдырып, жыл он екі ай бойы осы бағытта жұмыс жүргізу жолға қойылды. Алдағы уақытта қалада тазалық, абаттандыру жұмыстары жаңаша бағытта үйлестіріліп, жүйелене түседі. Бұл туралы қала әкімінің орынбасары Данияр Серіков мәлімдеді.

Шағын шаһарда 14 гектардан астам аумақ қоқыстан тазартылған. 19 наурызда басталған «Таза Қазақстан» акциясына жалпы 900 адам қатысқан. Олардың арасында мемлекеттік мекемелер, коммуналдық кәсіпорындар, компаниялар мен аумақтық басқармалардың қызметкерлері бар. Жалпы акцияға 21 арнайы техника жұмылдырылған. Сонымен қатар сенбілік «Қарағанды-Алматы» республикалық трассасында жүргізілген. «Таза Қазақстан» акциясы аясында қала бойынша 120 тонна қоқыс сыртқа шығарылды.
– Бұл жұмыстарды біз тоқтатпайтын боламыз. Қазіргі уақытта 2 айлық таза бейсенбіліктер, сенбіліктер айлығы жарияланды. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында бұл жұмыстарды жалғастырамыз. Қала бойынша рұқсат етілмеген қоқыстарды да тазалау жұмыстары жүргізілді. Қаланың ішкі және сыртқы, Қоңырат шағын ауданы, Тораңғалық елдімекені, Рембаза елдімекендердің барлығында осы 2 айлықта тазалық жұмыстары жүргізіледі. Себебі, біздің қаламыз туристік қала болғандықтан, туристік маусымға дайын болуымыз керек, – деді қала әкімінің орынбасары.
Айта кетейік, былтыр 250 қоқыс жәшігі евроконтейнерлерге ауыстырылған. Биыл да қоқыс жәшіктерін орнату жұмыстары жалғасады.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
БАЛҚАШ