Турист тарт та табыс тап
Жер асты қазбасынан кейін әлемдегі табыс көзінің бірі – туризм. Әрине, сырттан келетіндерді күтіп алу үшін әлеуетіміз жетеді. Өңір басшысы Жеңіс ҚАСЫМБЕК онлайн режимде өткен халықпен есептік кездесуінде «облыс аймағында туристер үшін жаңа демалыс орындары пайда болады. Балқаш курорттық аймағын дамытуға шамамен 30 млрд. теңге жұмсалады» деді.
ЖОБА – СӘТТІ БОЛСА ИГІ
Жыл басында Kazakh Tourism ұлттық компаниясы Қазақстанда 2021 жылы туризм саласында 454,5 млрд. теңге игеру көзделген 57 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланғанын мәлімдеген болатын. Оның ішінде қонақ үй, демалыс кешендері, емдеу-сауықтыру орталықтарын ашу қарастырылған. Жобаларды жүзеге асыру барысында 5 мыңға жуық жұмыс орны ашылады. Сондай-ақ, мамандар Бурабай курорттық аймағы, Елордадағы оңалту орталықтары, Қазақстанның оңтүстігіндегі демалыс орындары мен емдеу-сауықтыру орталықтары және Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының ыстық су көздері жоғары сұранысқа ие болатындығын атап өтті. Ал, аймақта қолға алынатын жоба туралы «Бізде үш туркластер бар – бұл 50 өңірлік жобалар тізімінде тұрған ұлттық жобалардың ондығына кіретін Балқаш, Қарқаралы және Ұлытау. Балқаш курорттық аймағын дамыту үшін бюджеттік және жеке инвестициялар сомасы 30 млрд. теңге болады», – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек. Әрине, бұл жоба сәтімен жүзеге асса бюджеттің де бүйірі шығар еді.
ҚЫСҚЫ ТУРИЗМ ДЕ ҚАЛЫС ҚАЛМАСА
Туристік сала Қарқаралыда да кеңейіп, бес жеке демалыс аймағын ашу жоспарлануда. Инвестициялар 1 млрд. теңгеден асады. Иә, елімізде Түркия, Тайландтағыдай теңіздер болмағанымен, Швейцариядағыдай көздің жауын алатын таулар баршылық. Бұл – қыста да туристерді тартуға мүмкіндік мол деген сөз. Соның бірі де, бірегейі «Қазақстанның Швейцариясы» атанған Қарқаралыда тау шаңғысын дамытса болмас па? Қарқаралы өңірі табиғат пен тарихты сүйетіндер мен демалушылар, қонақтар және туристер үшін ерекше қызығушылық танытары сөзсіз. Қарағанды облысындағы ең көне қала – Қарқаралыда атақты Қоянды жәрмеңкесі өткізіліп тұрған. Аудан жері арқылы Ұлы Жібек Жолы өткен.
Айтайын дегеніміз, тек жазғы туризмге ғана қаржы құймай, Қарқаралыда қысқы туризмді де қолға алса құба-құп. Арқаның сарышұнақ аязы мен бораны да адам тартары сөзсіз. Қысты күні шаңғымен, арнайы техникамен сырғанап, Қарқаралының таза ауасымен тыныстап, жабайы аңдарды қызықтаған туристер бір емес, бірнеше қайта келер еді. Қазір Қазақстанда қысқы туризм айлағы деп тек Бурабай мен Алматы ғана көп айтылып, сол жерлерді дәріптеуге қыруар қаржы бөлінеді. Бірақ, Қарқаралы қалыс қалып қоятыны тағы бар.
ІШКІ МӘДЕНИЕТ ТЕ КЕРЕК
Әрине, ел-жер көргісі келетін халықтың саны аз болмаса керек. Бірақ, осы саланы жетілдіру үшін түрлі бағдарлама жасалып жатса да, еш ілгері басу байқалмайды. Бізде туристерді «сауын сиыр» ретінде қабылдау қалыптасқан. Бұдан бір-екі жыл бұрын алматылық таксист шет елден келген туристі әуежайдан қалаға дейін 33 мың теңгеге апарған. Қаладағы хостелдердің бірінің иесі Шәкір Исламбакиев: «Таксистер 2 000 теңге деп келіседі де, келген соң әр шақырымы 2 000 теңге деп шығады екен. Шетелдіктер мәселе тудырмас үшін төлейтін көрінеді. Егер таксистер бірден қымбат бағаны айтса, түсінер едім. Бұлай алдау – шектен шыққандық. Қонақ кетіп қалған. Бірақ, жағымсыз әсермен кеткені рас» деді. Міне, біздің туристерге деген көзқарасымыз. Мұндай жағдай EXPO өткен кезде де Елордада да болды. Қонақ үй мен әуежай аралығына 40 мың теңге алған таксист артық алған ақшасын кейін қайтарып берген болатын. Дегенмен, сол кезде бұл біраз әңгіме болды. Осындай жайттар елге келген туристің сеніміне селкеу түсіреді. Сырттан келген туристі алдап, арбап емес, қонақжайлықпен күтіп алғанымыз дұрыс-ау. Ол үшін ішкі мәдениет жетпей жатқан сияқты.
КӘСІПКЕР БОЛАМ ДЕСЕҢІЗ…
Дүниежүзiлiк Туристiк Ұйымның дерегi бойынша, туризм әлемдегi жалпыұлттық өнiмнiң оннан бiр бөлiгiн, халықаралық инвестицияның 11 пайыздан астамын, әлемдiк өндiрiстiң әрбiр 9-шы жұмыс орнын қамтамасыз етедi екен. Осы деректер, дұрыс жасалған инвестиция қайтарым беретініне сендіре түседі. Қазба байлығы жоқ елдер осы сырттан қонақ шақырып, күтіп, сыйлап жіберумен ғана кәсіптерін дөңгелетіп отыр. Біздің де жеріміз ұялмай туристерді қарсы алуға болатындай. Ұлытау, Балқаш, Қарқаралыны айтпағанда, Шет, Ақтоғай, Бұқар жырау сынды елді мекендерімізде сулы да нулы, тарихқа тұнған жер жетерлік.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Ұлытау 2019» халықаралық туристік форумында: «Біз салалық мемлекеттік бағдарлама қабылдадық. Ол толыққанды жүзеге асатын болса, туризмнің Ішкі жалпы өнімдегі үлесі 8%-ға жетеді. Сырттан келетін туристер саны 9 млн. ал, ішкі туристер саны 8 млн. адам болады. Ал, туризм саласында жұмыспен қамтылғандар санын 650 мың адамға жеткізу керек . Туризм – өте күрделі сала. Оған тиісті мамандар керек» деген болатын. Олай болса, туризм де Қазақстанды бай-қуатты қылатын сала болатынына сенейік.
Айтарымызды, «осы рухани байлықты пайдалана отырып, турист тартып, табыс табуға болатынына көз жеткізетін кәсіпкерлер көбейсе» деп түйіндедік, әзірге…
Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ