Бас тақырып

Туралықтың туы жығылмайды

Қазіргі таңда сот саласында ауқымды реформалар жүзеге асуда. Бұл реформалар сот жүйесінің ашықтығын, әділдігін және қолжетімділігін арттыруды мақсат етеді. Атап айтқанда, цифрландыру процестері қарқынды жүргізіліп, сот процес­терінің онлайн форматқа көшуі, судьялардың кәсіби дайындығын жетілдіру және азаматтардың сотқа жүгіну құқығын жеңілдету секілді шаралар қолға алынуда. Бұл өзгерістер сот төрелігінің сапасын арттырып, халықтың сот жүйесіне деген сенімін нығайтуға бағытталған.

Қазақстан Республикасының Конс­титуциясы еліміздің әр азаматының құқығы мен заңды мүддесінің, бостандығының оң­тайлы және әділ қорғалуына кепілдік етеді. Әкімшілік әді­лет институты аясында 2021 жы­лы Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік ко­дексі (ӘРПК) қабылданып, ауданаралық мамандандырылған әкімшілік соттар жұмысқа кірісті. Жария-құқықтық дауларда талапкер әлсіз тарап саналып, дәлелдеу ауыртпалығы жауапкерге жүктеледі. Осы кодекспен жауапкерлер болып мемлекеттік және жергілікті өзін-өзі басқару органдары, сондай-ақ, әкімшілік актіні қабылдау, әкімшілік әрекет пен әрекетсіздікті жасау бойынша өкілеттіктер берілген ұйымдар бекітілген. 

Әкімшілік әділет институты ха­лық үніне құлақ асатын мем­ле­кет құруға ықпал етеді. Әкім­шілік әділет институты енгелі сот істерінің басым көпшілігі аза­мат­тар мен бизнес өкілдерінің пай­дасына шешілуде. Шын мә­нінде бұлар халықтың сотқа деген сенімін одан әрі нығайтып, еліміздің инвестициялық ахуалын жақсартады, сол арқылы экономикамыздың өркендеуіне жол ашады.

Әкімшілік соттар жұмыс істегелі мемлекеттік органдар қыз­меткерлерінің жауапкершілігі арт­қанын ресми мәліметтер жоққа шығармайды. Жалпы алғанда әкім­шілік процесс мемлекеттік ор­ганға дәлелдеу ауыртпалығын жүктеу, азаматтардың құқықтарына қосымша процедуралық кепілдіктер жасау, соттың немесе істі қарайтын басқа әкімшілік әділет органының белсенді рөлі, заңмен көзделген.

Біз Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекспен бекітілген ме­­диация, татуластыру рәсімде­ріне де тоқталуды жөн санап отырмыз. Өйткені, дау-дамайдың сотсыз, өзара келісіммен аяқталуы, құқықтық мәдениетті қалыптастырады. Әрі бітістірер жан болса, бітпейтін дау жоқтығына дәлел болады. Бітімгершілік – билер инс­титутының дау шешудегі ең озық тәсілі. Сондықтан, негізі Қазақстан Республикасы «Медиация туралы» Заңымен қаланған татуластыру рәсімдерінің жан-жақты әрі толық деңгейде қолданылуына мемлекет тарапынан айрықша көңіл бөлінуде. Жария-құқықтық дауларда татуласу шараларына жауапкердің әкімшілік қалауының негізінде жол беріледі. Әкімшілік қалау ӘРПК мен нақтыланғандай, әкімшілік органның, лауазымды адамның ел заңнамасында белгіленген мақсаттар мен шектердің заңдылығын бағалау негізінде ықтимал шешімдердің бірін қабылдау өкілеттігі болып табылады.

Даулы мәселелерді келіссөздер арқылы шешуде еріктілік, ынтымақтастық, тең құқықтылық және құпиялылық қағидаттары қатаң сақталады. Тараптар өздерін қанағаттандыратын нәтижеге сот шығынынсыз, қысқа уақытта қол жеткізеді. Татуластыру рәсімдерінің басты артықшылығы да осында. Әкімшілік істерде сот тараптарды татуластыру үшін қажетті шараларды қабылдап, процестің барлық кезеңінде дауды реттеуге көмектеседі. Татуласу, медиация, сондай-ақ, партисипа­тивтік рәсімдерде жазбаша келісім жасалып, оған тараптар немесе олардың өкілдері қол қояды. Бұл мәселеде келісімде көрсетілген шарттардың заң талаптарына қайшы болмауы мен өзге адамдардың құқықтарына, бостандықтарына, заңды мүдделеріне нұқсан келтірмеуін ескерген жөн. Ондай жағдайда келісімді сот бекітпейді.

Халқымыздың «Әрекетте – берекет бар» немесе «Ерегіскен ел болмайды» деуі бекер емес. Сондықтан, еліміздің болашағын, татулығы мен бірлігін ойлаған әрбір адам кез келген кикілжіңге түсіністікпен қарап, оны өзара келісіммен бітірудің жолдарын қарастырса, нұр үстіне нұр болар еді. Нәтиже шықпағанның өзін­де тараптар ештеңеден ұтылмайды, әкімшілік істі талқылау жалпы тәртіппен жүргізіледі. Қазақстан Республикасы Әкімшілік рәсімдік-процестік кодексінің нор­­малары жария-құқықтық дауларды мүмкіндігінше сотқа дейінгі сатыларда реттеуге бағыттал­ған.

Сәуле ЖАЛБЫРОВА,
Қарағанды облыстық сотының
әкімшілік істер жөніндегі сот алқасының судьясы

Басқа материалдар

Back to top button