Медицина

Туберкулезге жол бермейік!

Ағымдағы жылдың 24 ақпанынан бастап Шахтинск аймағында Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орайластырылған туберкулездің алдын алу айлығы басталды, ол 2025 жылғы 25 наурызына дейін жалғасады.

Сурет nsaldago.ru

Айлықты өткізудің мақсаты: медицина қызметкерлерінің туберкулезді ерте диагностикалауға қатысты бақылауды күшейту; профилактикалық іс-шараларды күшейту; кәсіптік тексеруден уақтылы өту үшін жағдай жасау; туберкулездің алғашқы белгілері және уақтылы емдеу тиімділігі туралы халықтың хабардарлығын арттыру.

Туберкулез – жиі өкпеге әсер ететін (80%), басқа мүшелерге сирек (20%) әсер ететін Кох бацилласы деп аталатын микобактериялар тудыратын жұқпалы ауру. Туберкулез адамнан адамға ауа арқылы таралады. Жөтелгенде, түшкіргенде немесе қақырық түсіргенде өкпе туберкулезімен ауыратын адамдар ауаға туберкулез бактерияларын шығарады. Инфекцияны жұқтыру үшін адамға мұндай бактериялардың аз ғана мөлшерін жұту жеткілікті.

 Қазіргі заманғы медицинаның барлық жетістіктеріне қарамастан, туберкулезбен күресудің жалғыз және жоғары тиімді құралы туберкулезге қарсы иммундау және профилактикалық медициналық тексерулер болып қала береді.

 Туберкулездің ауыр түрлерінің дамуын болдырмау үшін балаларды БЦЖ вакцинасымен жоспарлы иммундау жүргізіледі. Бала алғашқы вакцинацияны перзентханада, туғаннан кейінгі өмірдің алғашқы күндерінде алады.

Балалардың туберкулезін алдын ала анықтау мақсатында 15 жасқа дейін әр жылы туберкулинмен тері ішілік аллергиялық сынама (Манту сынамасы) қолданылады. 2024 жыл ішінде Шахтинск қаласында туберкулинодиагностика жоспары – 5840 бала болғанда, 5909 бала туберкулинодиагностикадан өтті, туберкулезбен ауырған балалар анықталған жоқ. 2024 жылдың туберкулинодиагностика жоспары 101,2 пайызға орындалды.

Айта кету керек, 2024 жылдың 12 айында флюротексеріс жоспарында 29526 адам тұрған болатын, 32530 адам тексерілді, жоспар 110% орындалды. Флюрография арқылы туберкулезбен ауыратын 13 адам анықталды.

2024 жылы Шахтинск қаласында туберкулездің 19 жаңа жағдайы тіркелді, оның ішінде тыныс алу органдарының туберкулезі 19 жағдай, оның ішінде туберкулездің бациллярлық түрінің (МБТ+) 3 жағдайы тіркелді.

15-17 жастағы жасөспірімдер жылына 1 рет флюорографиялық тексеруден өтеді. Флюорографиялық тексеру туберкулезді ерте кезеңде тиімді анықтауға, ауруды оңай емдеу мүмкіндігін береді. Тексеру кезінде тыныс алу органдарының басқа да қауіпті ауруларының (мысалы, өкпенің қатерлі ісігі) белгілерін ерте анықтап, олардың әрі қарай дамуына жол бермеу мүмкіншілігін пайдалану жағдайлары да сирек емес.

Өз денсаулығыңыз бен айналаңыздағы адамдардың денсаулығы туралы ойланыңыз. Флюорографиялық кабинетке жылына кемінде 1 рет барып тұрыңыз. Туберкулезге қарсы іс-шараларды жүргізуге кедергі жасамаңыз және вакцинациядан бас тартпаңыз.

 Әр адам өз бетінше ауру қаупін едәуір төмендете алады! Денені жалпы сауықтыру және дұрыс өмір салты туберкулездің басты жауы екенін есте ұстаған жөн.

Алдын алудың негізгі шаралары:

 Жануарлар ақуызын (ет, балық), сондай-ақ көкөністер мен жемістерді (жаңа піскен және консервіленген) күнделікті тағамдарыңызға міндетті түрде енгізе отырып, дәрумендік препараттарды қабылдау арқылы тұрақты және теңдестірілген тамақтану.

 Жеткілікті қозғалыс белсенділігі — таза ауада серуендеу, спортпен, жаттығулармен шұғылдану.

 Темекі шегуден және басқа да жаман әдеттерден бас тарту.

 Жеке гигиенаны сақтау және өз денсаулығыңызға назар аудару-үнемі медициналық тексерулерден өтіп тұру.

Г.Т.ЖҰМАҒҰЛОВА,

Шахтинск қалалық санитариялық–эпидемиологиялық бақылау

басқармасы басшысының м. а. 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button