Туберкулездің емі бар
Ертеңнен елде туберкулездің алдын алуға байланысты айлық басталады. Бұл жыл сайын 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне орай ұйымдастырылады. Биыл айлық «Иə! Біз туберкулезді жеңе аламыз!» ұранымен өтеді.
Бір ай бойы мамандар бұл аурудың медициналық, əлеуметтік жəне экономикалық салдарына жұртшылықтың назарын аударуға бағытталған шаралар ұйымдастырады. Туберкулездің емделетінін түсіндіреді.
Туберкулез – қоздырғыштары табылған 1882 жылдан əлі күнге дейін өлім-жітімге əкелетін əлемдегі ең қауіпті жұқпалы инфекция. Əлемде науқастар барлық жұқпалы жəне паразиттік ауруларға қарағанда туберкулезден көбірек қайтыс болады.
Бүгінде туберкулез эпидемия сы жаһандық сипатта. Бірде-бір ел туберкулез проблемасын елеусіз қалдыра алмайды. Себебі, ол халықтың денсаулығына, экономикаға, қоғамның дамуына қауіп төндіреді. ДДҰ мəліметтері бойынша күн сайын дүниежүзінде туберкулезден 4 мыңнан астам адам қайтыс болады жəне 27 мың адам ауырады. 2000-2020 жылдар аралығында туберкулезді емдеу бүкіл əлем бойынша 60 миллионнан астам адамның өмірін сақтап қалуға көмектесті. Туберкулез халық санының өсуіне, АИТВ инфекциясының таралуына жəне туберкулезге қарсы күрес бағдарламалардың тиімсіздігіне байланысты күрделене түсіп, туберкулездің химиялық төзімді түрлерінің пайда болуына əкеледі. Туберкулезбен сырқаттанушылық пен ондағы өлім-жітімнің өсуі көбінесе бақылау шараларын дұрыс ұйымдастырмау жəне ауруды елемеу салдарынан. Сол себепті, жыл сайын айлық өткізіліп, туберкулез иммунопрофилактикасы жайлы халықты хабардар ету жұмыстары қолға алынған. Алғашқы медициналық-санитариялық көмек дəрігерлерінің ерте диагностикалауы, профилактикалық іс-шараларды жəне туберкулездің алғашқы белгілері туралы халықтың ақпараттануы, медициналық көмекке уақытылы жүгіну, емдеудің тиімділігін арттыру маңызды.
Айлық аясында облыстың барлық емдеу мекемелерінде туберкулездің алдын алу бойынша халық арасында ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын кеңінен жүргізу жоспарланған. Бұдан басқа, Бас мемлекеттік санитариялық дəрігердің қаулысымен белгіленген санитариялық-дезинфекциялық режимді сақтай отырып, халыққа профилактикалық тексеру жүргізу үшін жылжымалы флюорографиялық қондырғылардың жұмысы ұйымдастырылады.
Гүлжан БАЙГУТАНОВА,
облыстық санитариялықэпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары.