Ресми

Туберкулез айлығы басталды

Туберкулез біздің қоғам үшін таңсық емес. Одан сақтану мен емделу жолы жайлы ақпарат жеткілікті. Әрі дәрі-дәрмек пен микробқа қарсы препараттарды да табу қиын емес. Соған қарамастан жұқпалы дертті толық ауыздықтау мүмкін болмай отыр. Былтыр аймақта туберкулезбен ауырғандар қатары 19,6%-ға өскен. Десе де, жұқпалы дерттен көз жұматындар саны 3,7%-ға төмендеді. Бұл туралы облыстық фтизиопульмонологиялық орталықтың клиникалық-диагностикалық бөлімшесінің басшысы Гаухар Түсіпбекова өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында мәлімдеді.

Сурет : Облыс баспасөз қызметінен

Ел бойынша жұқпалы дерттің алдын алуға бағытталған «Біз туберкулезді жеңе аламыз» айлығы жарияланған. Шара барысында өкпе құрты ауруының алдын алуға арналған бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады. Басты мақсаты – өкпе құртынан халықты хабардар ету, дер кезінде медициналық көмекке жүгінуге шақыру, халық арасында, әсіресе, жастар арасында салауатты өмір салтын дәріптеу, қоғам назарын туберкулез мәселесіне аудару және бүкіл қоғам болып күш біріктіру.

– Облыстық туберкулезге қарсы фтизиопульмонология орталығы медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету мекемелерімен және санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау және ведомстволық мекемелермен бірлесіп, туберкулездің алдын алу шараларын жүргізбек. Нақтырақ айтқанда, орталықтың диспансер бөлімдерінде ересек және балалар фтизиатрлары ашық есік күндерін өткізу, көпшілік орындарда жылжымалы флюоромашиналарда флюоро тексеру жоспарланған. Шара ірі сауда үйлерінде, Қарағанды, Теміртау, Балқаш қалаларының базарларында іске асады. Сонымен қатар, мектептер мен колледждерде туберкулездің алдын алу тақырыбында дәрістер жүргізіледі, ақпараттық материалдар таратылады. Медициналық мекемелерде, сайттарда туберкулездің алдын алу шаралары туралы бейнероликтер ұйымдастырылады, – дейді Гаухар Түсіпбекова.

Былтырғы жылмен салыстырғанда аурушаңдық деңгейі өскен, дерт қауіптілігі 3,2%-ға төмендеген. Сәйкесінше, туберкулез таяқшаларының бөлінуі де 1,8%-ға азайған. Бұл дерттің ерте кезеңінде анықталып жатқандығын көрсетеді. Мәселен, алғаш рет ауырғандардың арасында амбулаторлық ем алып жатқандар 58,0%. Спикердің айтуынша, жалпы, туберкулезге қарсы профилактикалық тексеріс жоспары 92,5%-ға, облыс бойынша туберкулинодиагностика 93,4%-ға орындалды. 139 172 бала тексерістен өткен. Сондай-ақ, перзетханалар мен медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету мекемелерінде вакцинациялау 96,1%-ды құрады.

Айлық 24 наурыз – Дүниежүзілік туберкулезге қарсы күрес күніне дейін жалғасады.

Сағыныш ӘБІЛ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button