Ту тұғырлы болсын десек…
Мемлекеттік рәміздер – кез келген мемлекеттің егемендігі мен бірегейлігін білдіретін ажырамас атрибут. Еліміздің рәміздері тарихи, мәдени құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізден бастау алады. Өз елімнің азаматымын деген кез келген адам оларды құрметтеуі тиіс. Алайда, ара-тұра қорлау жағдайлары да кездеседі. Бұл мәселені былтыр Президент Қасым-Жомарт Тоқаев та айтты. Ол Қазақстан Туын пайдалану ережесін қайта қарау қажеттігін мәлімдеді.
– Жастардың отаншылдық рухын күшейту керек. Қазір әлеуметтік желіде Мемлекеттік Туды қадірлеу туралы көптеген ой-пікірлер айтылып жатыр. Өкінішке қарай, қасиетті Көк Туымызға байланысты орын алған жағымсыз жағдайлар азаймай тұр. Сондықтан байрағымызды пайдалану тәртібін қайта қарау керек деп ойлаймын. Қажет болса, тиісті заңдарға өзгертулер енгізуге болады. Өйткені Көк Туымыз – қастерлі Тәуелсіздігіміздің символы, – деген еді Мемлекет басшысы.
Жалпы, мемлекеттік рәміздерді пайдалану қағидаларын қайта қарау 2020 жылы басталған еді. Астаналық тұрғынның балконына ту ілгені үшін 400 мың теңгеге жуық айыппұл төлегені қазақстандықтардың наразылығын туғызған болатын. Осыдан кейін енгізілген өзгерістер нәтижесінде Мемлекеттік Туды пайдалану аясы заңнамалық тұрғыда кеңейді. Енді оны жеке және заңды тұлғалар ғимараттарда, оның ішінде балкондарда және салтанатты іс-шаралар өткізілетін орындарда патриоттық сезімдерін, қазақстандық бірегейлігін білдіру, елдің, оның азаматтарының жетістіктерін қолдау мақсатында пайдалана алады. Сондай-ақ, Мемлекеттік Ту оның көлеміне қарамастан ұлттық стандартқа сәйкес келуі тиіс екенін ескеру қажет. Жеке және заңды тұлғалардың Мемлекеттік Туды ұлттық стандарт талаптарын бұза отырып пайдалануына жол берілмейді. Бірақ ол ұлттық стандартқа сай болуы қажет.
Сонымен қатар, Мемлекеттік Туды адамға немесе затқа құрмет белгісі ретінде жалауды төмендетуге, апат сигналын беруді қоспағанда, оны кантонмен төмен қоюға, туды орналастырған аумақтағы заттарға (жер, еден, су) тигізетіндей етіп орнатуға, тудың бағанын көлденеңінен көтеруге (ту әрдайым бұрышта болуы керек), туды орналастырған кезде оның зақымдануына немесе кірлеуіне, туға бірдеңе жазу және (немесе) сурет салуға, тумен бір нәрсені орауға, төсек-орын және драпировка ретінде пайдалануға, оның бейнесін бір рет пайдаланылатын майлықтарға, қораптарға және басқа заттарға басып шығаруға тыйым салынады.
Қазақстан Республикасының қолданыстағы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес, ұлттық стандарт талаптарына сәйкес келмейтін Мемлекеттік Туды заңсыз дайындағаны үшін әкімшілік айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға – жиырма бес, лауазымды адамдарға, шағын кәсіпкерлік субъектілеріне немесе коммерциялық емес ұйымдарға – елу, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – жетпіс бес, ірі кәсіпкерлік субъектілеріне екі жүз айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады. Қайталанған жағдайда айыппұл екі есе өседі. Бұдан бөлек, Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексіне сәйкес, мемлекеттік рәміздерді қорлағаны үшін 3 мың АЕК дейінгі мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не тоғыз жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не екі жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзiмге бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz