Туған жеріне туын тіккен
Шынымен де, Үміткер ауылдық округінің әкімі Ерсін Зәлелов туған жеріне туын тіккен азамат. Баламалы түрде 2023 жылдың 10 қыркүйегінде 4 адамның арасынан 81% дауыс жинаған ол өзі туып-өскен осы округтің әкімі болып сайланған еді. Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің жергілікті мемлекеттік басқару (2010 жылы) және құқықтану (2021 жылы) факультеттерін бітірген оның еңбек жолы ауданның Жаңаөзен ауылдық округінде жетекші, бас маман болудан басталған.

Ерсін Сатыбалдыұлының бұл округке әкім болғанына да бір жарым жылдан асып барады. Содан бергі уақытта мұнда аумақтың әлеуметтік-экономикалық, халықтың тұрмыстық жағдайын жақсарту жолында бірталай шаруа тындырылған. Оған туған жерінің ой-қыры мен жас-кәрісіне дейін жақсы таныс. Сондықтан ауылдастарының сенімі мен қолдауына сүйенген жас әкім жұмысында көп қиындық көріп те жүрген жоқ. Қай істе болсын өзі бас болып, солардың ортасынан табылады.
Аталған округтің аумағына Үміткер, Үлгі, Төрткөл ауылдары кіреді. Кезінде бұлар Қылыш Бабаев атындағы кеңшардың бөлімшелері болып, шаруашылық еңбеккерлері жылына 20 мың гектарға егін салып, 1700 ірі қара малын өсіретін. Кеңшар тарағаннан кейін бұл ауылдардың күйі кетіп, біраз жұрт сыртқа көшіп кеткен. Елімізде қабылданған «Ауыл – ел бесігі», «Ауыл аманаты» бағдарламаларының аясында оны қайта дамытып, өркендетуге мүмкіндік туып, елдімекендердің бет-бейнесі өзгеріп, тұрғындардың да хал-ахуалы жақсарып келеді.
Қазірде округ бойынша 1 200 адам тұрса, 37 шаруа қожалығында 50 адам еңбек етеді. Олар өткен жылы 800 гектар жерге дәнді және майлы дақылдар тұқымын салып, гектарына 13 центнерден өнім жинап, мемлекетке 26 тонна ет тапсырған.
Негізінен үш ауылдың тұрғындары малдың сүмесіне қарап отыр.Олардың қолында 3 508 ірі қара, 3 249 жылқы, 3 264 қой-ешкі бар. Бірақ, 2023 жылдың күзінде осындағы жылқы малынан шыққан лимфангит індеті оның 400-дей басын жалмап, карантин жарияланған-ды.
– Қазір індеттің беті қайтты, – дейді Ерсін Сатыбалдыұлы. – Аурудан жойылған жылқы малы үшін иелеріне өтемақы төленіп, енді осы мамыр айында барлық жылқы табынына вакцина салынбақ. Ол дәріні сатып алу үшін аудандық бюджеттен 20 миллион теңге бөлінгені көп көмек болды. Әйтпесе оның әр дозасы 2 490 теңгені құрайды. Ол жылқының әр басына екі рет егілуі тиіс.
Аталған округте медициналық-амбулаториялық пункт, почта бөлімшесі, Үміткер мен Төрткөлде клубтар, Үміткерде 148 бала оқитын орта мектеп жұмыс істеп тұр. Бірақ 6 үй ғана қалған Үлгі мен 22 отбасы тұратын Төрткөлдің сегізжылдық мектептері жабылып қалғалы да біраз болған. Сөйтсе де бұл елдімекендерді дамыту назардан тыс қалмай, Үлгіге ауызсу тартылып, ондағы Қаныш бағы қоршалған. Ал Төрткөлде шағын футбол алаңы іске қосылып, көшелерге 10 жарықтандыру бағаны орнатылып, ауылды ауызсумен қамтамасыз ету мақсатында су айдайтын сорғы сатып алыныпты. Биыл тағы да сондай 10 жарық бағанын орнату мен Қарағанды-Павлодар күре жолынан ауылға кіретін 1,5 шақырым жолды асфальттау жоспарда бар. Төрткөлдің клубын жөндеуге аудандық бюджеттен қаражат қарастырылуда.
Үміткер ауылдық округінің әкімі Ерсін Зәлелов бізбен биылға белгілеген жоспарларымен де бөлісті. Оның айтуынша, ағымдағы жылы ескірген электр бағандарын ауыстыру, Үміткерде спорт залы мен жаңа фельдшерлік-амбулаториялық пункт, қасапхана, өрт сөндіру пунктін салу, ауылға тікелей кіретін көпірді жөндеу, үш ауылдың ішкі жолдарын толық асфальттау, пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылық жерлерін қайтарып, оларды конкурс арқылы халыққа беру көзделіп отырған көрінеді.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Бұқар жырау ауданы