Туған жерге жырмен тағзым
Арқаның ең биік нүктесі Ақсораңның етегінде, толқыған Тоқырауынның жағасында жатқан Ақтоғайдың төрінде ақын, жазушы, республикалық «Qasym» әдеби-қоғамдық журналының бас редакторы Серік Сағынтайдың «Менің атым – Фәни-құс…» атты жыр кеші өтті. Жыр кешінде «Жауырыншы» өлеңдер жинағының тұсауы кесілді. Поэзия мен прозадағы қуатты шығармаларымен өрелі оқырманды мойындатқан қаламгердің тойына республиканың түпкір-түпкірінен қаламдас достары келді. Талантқа туған халқы құрмет көрсетіп, иығына шапан жапты, ат мінгізді.
Кештің бірінші бөлімінде ақынның Ақтоғайға арнаған өлеңдері лег-легімен оқылды. Өлеңдері – туған жерге тағзым жасаған жылы жүрегінің сөзі, жұртына айтқан алғысы.
«Тағдыр ләмі тізілетін тақтадай
Жадыма әкеп жазып берген һақ-талай.
Жүректегі жырларымның ұйқасын
Сенен табам, сенен алам, Ақтоғай!
Көк пүлішке салған уыс мақтадай,
Көктен саған арбалады аппақ Ай.
Жерде жүріп сенен алыс кеткенмен,
Аңсарымды жүрегімде сақтағай!», – дейді ақын.
Перзентінің жанарынан жарқыл байқаса, қанатының астына алып, тұлпардай баптаған Ақтоғай бұл. Серік Сағынтай болса, әйгілі Үмітай Жармағанбетовтің төл шәкірті. Бозбала шағында-ақ Ақтоғай аудандық газетінің тізгінін тапсырып, қаламмен елге қызмет етуге баулыған. Серік Сағынтай – бұл күнде жазуымен туған халқына, қазақ әдебиетіне адал қызмет етіп келе жатқан қарымды қаламгер. Ұлт әдебиетіне «Жазу», «Фәни-құс», «Құс қайтару», «Жауырыншы» өлеңдер жинағы мен «Көктемнің мөлдір тамшысы», «Қарға» әңгімелер кітабын берді. Үміт артқан халқының алдында биыл баспадан шыққан «Жауырыншы» өлеңдер жинағы мен «Қазақия… Сиберия…» зерттеу кітабының тұсауы кесілді. Кейінгісі Қазақстан Жазушылар одағының жобасы аясында жарық көрген. ТМД елдерінің архивтеріндегі қазақстандық жазушылардың зерттеу жұмыстары. Ресейдің Томск қаласындағы мұрағатта сақталған қазақ халқына қатысты бұрын-соңды ешқайда жарияланбаған тарихи деректер бар мұнда.
Содан кейін лебіздерге кезек берілді. Көшті Ақтоғай ауданының әкімі Абылай Аманжолов бастады.
– Ақтоғай халқы сізді ел игілігіне қызмет етіп жүрген қайраткер ретінде де таниды. Бір кезеңде аудандық газеттің дамуына зор үлес қостыңыз. Ауданымыздың көркеюіне әлі де аянбай тер төгіп жүрсіз. Алаштың алыптары туған топырақты жырларыңызға арқау етіп, қадір-қасиетін айшықтап келесіз. Шығармаларыңыздан жас ұрпақ ел мен жерді сүюдің жарқын үлгісін көреді. Аудан халқы сізді мақтан тұтады! Шығармашылығыңызға шабыт, деніңізге саулық, жақындарыңызға амандық тілейміз! – деді Абылай Аманжолов.
Содан кейін Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты табысталды. Хатта «Сізді Алаштың алтын бесігі аталған қасиетті Ақтоғай жерінде өтіп жатқан «Менің атым – Фәни-құс!» атты шығармашылық кешіңіздегі мерейлі сәтіңізбен құттықтаймыз! Сіз қазақ әдебиетінің проза және поэзия жанрында қатар қалам тербеп, поэтикалық ақыл-ой қазынасына сүбелі салым қосып келе жатқан киелі қалам иесісіз. Көкейіңізді жарып шығып, халықтың жүрегіне жол тапқан «Жазу», «Фәни-құс», «Қарға», «Көктемнің мөлдір тамшысы», «Құс қайтару» сынды іргелі еңбектеріңіз қазіргі оқырманның сүйіп оқитын туындыларына айналып үлгерді. Бұдан бөлек, «егеулі қалам қолға алған» журналистік қырыңызды атап өтпеске болмас. Ұзақ жылдар бірқатар республикалық белді басылым беттерінде жемісті еңбек етіп, табыстың тайқазанын тасытып келесіз. Атамекеніміздің әр азаматы іздеп жүріп оқитын республикалық «Қасым» журналын жалғанның жарығына шығарудағы қайраткерлік болмысыңыз көзіқарақты зиялы жұрттың есінде. Өткен ғасырдың 90-шы жылдарында құсни сөз әлеміне фәни-құстай қайта тіріліп ұшқан болмысыңыз, әл-әзір ұлт атынан сөйлерлік аға буынның көшінен табылғаныңыз қасқайған ақиқат! Есіл күннің дидарында қалған ешкімге ұқсамас жырларыңыз руханиятқа сусаған жанның жұмыр жүрегін жылытып келеді» делінген.
Ақын Дәурен Берікқажы мен ақын, Қазақстан Жазушылар одағының облыстағы ресми өкілі Жанат Жаңқашұлы да лебізін жеткізді.
«Талантыңмен жаһанды мойындатқың келсе, ауылыңнан баста» деген сөз бар. Сөз өнерінің қасиетін шын ұққан Серік Сағынтай өзінің томағасын сыпырған Ақтоғай халқына есеп берді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz