Руханият

Туған жерді тұғыр еткен тұлпар жыр

Шет өңірінің рухани тынысын кеңейт­кен әдеби кеш Ақсу-Аюлы топырағында өтті. Бұл жолғы жыр кешінің жалауын жерлес ақын, журналист Жәнібек Әлиман көтерді. Жаңа кітабы «Алтын тұңғиықтың» таныстырылымы туған жердің жүрегінде, Шет ауданының орталығы Ақсу-Аюлыда өтті. Туған жермен қауышудың әсері, жырмен өрілген кештің өнегесі оқырман мен қаламгер арасындағы алтын көпірге айналды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Кештің өтуіне ұйытқы болып, қолдау көрсеткен Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров пен оның орынбасары Даурен Кәрсембаев, Мәдениет бөлімінің басшысы Асхат Жанатұлы және аудандық сайлау комиссиясының төрағасы Берікбол Дәулетұлы кеш соңына дейін қатысып, ақынға құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын тарту етті.

Алыстан ат арытып келген қадірлі қонақтардың қатарында қазақ әдебиетінің алыптары да болды. Астанадан арнайы келген Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері, қазақ поэзиясының классигі Ғалым Жайлыбай, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, көрнекті жазушы Өмір Кәріп, Алматыдан алып-ұшып жеткен белгілі ақын, аудармашы, «Алаш» сыйлығының иегері Дәурен Берікқажы, Қазақстан Жазушылар одағы Қарағанды облыстық филиалының директоры, талантты ақын Жанат Жаңқашұлы сынды қаламгерлер ақынның шығармашылығы туралы тебірене сөз сөйлеп, руханиятқа қосқан үлесін жоғары бағалады.

– Жәнібек Әлиман – бүгінгі қазақ поэзиясындағы жарқ еткен жас жұлдыздардың бірі. Оның өлеңдерінен тек қана қаламның ұшынан емес, жүректің тереңінен шыққан шындықтың үні естіледі. Сөз саптауы – соны, ойы – сергек.

Жәнібектің жырларында ұлттық таным мен бүгінгі күннің тынысы қатар өріледі. Жастар поэзиясына жаңбырдай серпін әкелген бұл қаламгердің өлеңдерін оқығанда, ертеңге үмітпен қарайсың. Себебі ол – өлеңге адал, жырға жан-тәнімен берілген ақын. Оның жырларында бүгіннің үні, ертеңнің лебі бар, – деді ақын Ғалым Жайлыбай.

Кеш тізгінін ұстаған белгілі ақын Тілеген Әділов көркем тілімен, шебер жүргізуімен көрермен көңілінен шығып, әдеби кештің шырайын кіргізді. Табиғат пен тарихты тілге тиек еткенде, Тағылы тебіреніп, Бұғылы буырқанып кеткендей әсер қалдырды. Аюлының айдарынан жел ескендей, кеш мазмұны рухани серпіліс сыйлады.

Орындалған әндер де кеш мәнін арттыра түсті. Аймаңдай әнші Ержан Базарбеков қос әнін қалықтатып, көрермен қошеметіне бөленді. Шет өңірінің дәстүрлі ән шебері Еркебұлан Ахмет халық әні «Алқоңырды» әсем орындап, залды тербетсе, эстрада әншісі Ербол Алшынбаев ақын сөзіне жазылған Шыңғыс Мұқаевтың «Шұғылалым» әнін шырқап, көптің көңілін толқытты. Әнші Мұрат Қоңыр да қатарынан қос туындысын орындап, кештің сәнін келтірді. Ақын кеш барысында бірнеше өлеңін оқып, жүрекжарды сөз сөйлеп, туған топырағына тағзым етті.

– Менің ұшқан ұям – Шет ауданы, Нілді ауылы ел аузындағы Өспен ауылы. Сәкен мектебінде оқып жүргенімде мені жыр әлеміне жетелеген ұстазым Рахат Омарова апайым. Атақты әнші Игілік Омаровтың қарындасы, елге сыйлы ардагер ұстаз еді. 7-сыныпта аудандық Абай оқуларына қатысып, алғаш рет осы Ақсу-Аюлыда бәйгеге түскенім – өмірімнің жарқын сәті. Содан кейін қанша уақыт өтсе де, туған жерге табанымның қайта тигені – осы жолы. Осы топырақ туралы өлеңдерім былтыр «Қазақстанның әдеби-танымдық панорамасы» жобасы аясында жазылып, кейін «Алтын тұңғиық» жинағына топтастырылды. Сол өлеңдер бүгін туған жерде өз оқырманын тапты, – деді Жәнібек Әлиман.

Кешке Өспен ауылдық округінің әкімі, әлем чемпионы Арман Әбілов бастаған делегация да келіп, ақынның туған ауылынан арнайы сәлем жеткізді. Ақынның ұстазы, өлкетанушы Файзулла Шәкімұлы мен ауыл азаматтары Шәман және Сиез сияқты ел ағалары да шараға қатысып, ақжарма тілектерін білдірді. Ақынның жанынан табылып, ақпараттық қолдау көрсеткен Қасымхан Ғалым да ел ықыласына бөленді.

Сүйікті ақынмен сағына қауышқан көрермен жыр мен әнге сусындап, ерекше көңіл күймен тарқасты. Кеш соңында ақын өз кітабын елге тегін таратты. Бұл да – рухани жанашыр­лықтың, халықпен шынайы қауышудың бір белгісі. Шет жерінің төсінде өткен бұл кеш – руханият мерекесі ғана емес, ел мен елдің арасын жалғаған жыр керуені болды. Ақын мен оқырман арасындағы алтын көпір бекіп, туған жерге деген махаббаттың мәртебесі асқақтай түсті.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Шет ауданы

Басқа материалдар

Back to top button