Руханият

Туған топырақтағы тұсаукесер

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, Бұқар жырау ауданының Құрметті азаматы Мүгілсім Шибаева осы өңірде туып-өскен. Өмірінің 46 жылын туған жерінің мәдениетін өркендетіп, соның отыз­дан астам жылында аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімін басқарған ол биыл 70 жасқа толып, өзінің өмірбаяндық «Тағдырым, ризамын саған!» кітабын жазып, баспадан шығарған болатын. Соған байланысты оның туған топырағында осы туындысының тұсаукесері өтті.

Суретті түсірген автор

Бұқар жырау ауданының орталығы Ботақара кентінің Мәдениет үйінде өткен бұл шараны аудандық орталықтандырылған кітапхана ұжымы ұйымдастырып, әдіскері Майгүл Асқарова жүргізіп отырды.

Автор бұл кітабында туған ауылы Семізбұғы, ата-анасы, туыс-туғандары, әріптестері туралы тебірене толғанып, ұзақ жыл мәдениет саласында атқарған жұмысының жетістіктерімен және кезіккен қиындықтарымен бөліседі. Бұған Мүгілсім Ғұбайдоллақызының өзі жайлы айтылған пікірлер мен мақалалар топтастырылып берілген екен. Қарағанды қаласындағы «Тенгри» баспасынан 150 данамен жарық көрген бұл кітапты құрастырып, шығаруға ардагер журналист Аман Жанғожин көп еңбек сіңіріпті. Ол өте тартымды безендіріліп, өте жылы оқылады.

Сол күнгі тұсаукесерге арнайы келіп, мерейтой мен кітап иесіне сый-сияпаттарын жасаған аудандық мәслихаттың төрағасы Асхат Әлиев пен аудан әкімінің орынбасары Арман Дардақов та мұны ерекше атап өтті. Әсіресе, Асхат Әлиевтің «Бұл кітап бір адамның өмірі ғана емес, аудан мәдениетінің жарты ғасырлық тарихының жылнамасы деуге болатын құнды еңбек» дегені оған берілген баға іспетті.

Бұл пікірді сахна төріне шығып, осы рәсімнің себепкерін құттықтағандар да қостап, ыстық лебіздерін білдіріп, оның құшағын гүлге толтырды.

Жоғарыда аталған Майгүл Асқарова жасаған сценарий бойынша Мәдениет үйінің фойесіндегі көрме, сахна экранынан көрсетілген бейнебаян мен бір кезде Мүгілсім апамыз­бен бірге еңбек еткен әріптестері Луиза Энс пен Луиза Вайганттың Германиядан, Виктор Шевчук пен Любовь Киссильдің Ресейден жолдаған сәлемдері мен жүрекжарды тілектері көпшілік көрермен көңілін қатты толқытты.

Тұсаукесер үстінде автор аудан кітапханаларына 40 кітабын сыйға тартып, жеке тектік құжаттарын аудандық мұрағатқа мемлекеттік сақтау­ға тапсырды.

Бір айтарлығы, бұл жолы халқымыздың салт-дәстүрлері жаңғыртылып, орнымен көрініс тапқаны қуантады. Мәселен, биыл 9 сыныпты бітіріп, кітапханашының оқуына түсуді мақсат тұтқан шешенқаралық Анар Адамбайға Мүгілсім апасының ақ батасын беруі, қасиетті Рамазан айына орай Байқадам ауылы өнерпаздарының Жарапазан айтуы мен аудандық Мәдениет үйі қызметкерлерінің залда отырған халайыққа ауызашар дәмін ұсынып, таратқандары жарасымды болып тұрды.

Жалпы Мүгілсімді төлқұжаттағы атымен емес, жас кезінен «Сәуле» дейді. Себебі ол жүрген жерінде сәулесін төгіп, шуағын шашып тұратын жан. Сондықтан да оның «Сарыарқаның Сәулесі» атанғаны қашан… Сол қабылеті мен күш-жігерінің арқасында ол қазір де Қарағанды қаласындағы Достық үйінің мұражайында тынбай тер төгуде. Сол сезіммен ол тұсаукесері ән айтумен бастап, оны да әсем әнмен аяқтап, жерлестерін тағы бір сүйсініп, тәнті қылды. Олар да кітап тұсаукесерінің құрметіне ән мен күйден шашу шашып, аянып қалмады.

Ержан ИМАШ,
Бұқар жырау ауданы
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button