Жаңалықтар

Туған топырақпен тамырлас тағдыр

– Бала кезімде кеніште істейтіннің көпшілігін білетінмін. Өйткені, біразы үйге жиі келетін. Мен үшін олар таудай тұлға еді. Ал, өндірістің өзіне тән шуылы да ұнайтын. Карьердің жиегінен түбіне көз жібергенде, керемет көрініске қайран қалмау тіпті мүмкін емес! Себебі, Қоңырат – елдегі таукен саласындағы санаулы алыптың бірі болатын, – дейді Думан Қалықбеков.

Ол – осы Қоңыраттың тумасы. Әкесі Аман – кен инженері, анасы Ермек – мұғалім. Думанның думанды балалық шағы Қоңыраттың қырқасында өтті. Карьерден көргенін жанына жақын қабылдады. Мамандық таңдауға келгенде тіпті қиналған жоқ. Орта мектепті тәмамдағасын Қазақ политехникалық институтына түсті.

Жоғары білімді жас маман ендігі тағдыры туған топырақпен тамырлас екенін терең түйсінді. Еңбек жолын кен шеберіне көмекшіліктен бастады. Кейін өзі де жеті жылдай осы кәсіптің қыр-сырын меңгерді. Сауатты, қажырлы, жауапты әрі тәжірибелі кен инженері карьер бастығы болып тағайындалды.

Оның өндірістегі өрлеуі мұнымен шектеліп қалған жоқ: алдымен – кеніштің, кейін “Балқаштүстімет” өндірістік бірлестігінің өндірістік-техникалық бөлімін басқарды. “Қоңырат” тау-кен цехының бастығы болып қайтып оралды. 2011 жылы Қоңырат кенішіне директорлыққа тағайындалған Думан Қалықбеков содан бері басқару тізгінін босаңсытқан емес: кәсіпорын атауы талай өзгерді, өзгермегені – біздің кейіпкердің өз кәсібіне, ұйымшыл ұжымына адалдығы.

Қоңырат кеніші не көрмеді? Өндірісі өрлеген жұлдызды шақты да, кері кеткен сындарлы сәтті де бастан өткерді. “Тиімсіз” деп, тоқтатылған тұсы да болды. Бірақ, Думан Қалықбеков бастаған қажырлы кеншілер уақыт сынына төтеп берді. Қазір кеніш ұжымы шикізат базасының сенімділігін арттыру, нақтысы – кен қорын 2037 жылға дейін жеткізу жолында ізденуде.

Қазір Думан Қалықбеков – “Қазақмыс” компаниясындағы тау-кен ісін жетік білетін таңдаулы топ-менеджердің бірі. Балқаш қаласының қоғамдық өміріне де белсене қатысады: ол – V-VI шақырылған қалалық мәслихаттың депутаты. Әрине, Қоңыраттың көркеюіне де көңіл аударады. Жерлестерінің сеніміне сызат түсірмеуге тырысады.

Кәсіби мереке қарсаңында Қоңырат кенішінің еңбек ұжымы оны салалық марапат – үшінші дәрежелі “Кенші даңқы” төсбелгісіне ұсынды. Енді оны омырауға қадайтын салтанатты сәтті күтіп жүр. Оған да санаулы күн қалды…

БАЛҚАШ қаласы.

Суретте: Думан Қалықбеков.

 Суретті түсірген Ләззат Смағұлова.

Әлібек ӘБДІРАШ,

«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button