Білім

Туған тілді бағалай алып жүрміз бе?

Мемлекеттік тіліміздің жағдайы көңіл қуантарлықтай болмай тұр. Не себеп дейсіз ғой? Өскелең ұрпақтың көбінің өзге тілде сөйлеуі алаңдатып тұр. Олардың күнделікті қазақ тіліндегі емес, өзге тілдегі кино, мультфильмді көруі. Бұл – тек бір ғана себебі. Смартфондағы ойнайтын ойындарының да орыс немесе ағылшын тілінде қолданылуы ұлттық тілді ұмытуға көп себеп. Соның салдарынан жас өрендеріміз өз ана тілімізде емін-еркін сөйлей алмай, ойының бәрін орыс тілінде жеткізуді жөн көреді.

Сурет tilalemi.kz

Осы орайда «Өзге тілдің бәрін біл, өз тіліңді құрметте» деген мақал ойға оралады. Алайда, өз тілімізге құрметтің болмай тұрғаны қынжылтады. Тілі енді шығып келе жатқан сәбилердің былдырлап өзге тілде сөйлеуі – ұлттығымызға сын. Соны мақтаныш көріп, әлеуметтік желіге салып қоятын ата-аналарды да көзіміз көріп жүр.

Жуырда мектебімізде тіл мәселесіне арналған «Қазақ тілі – қазақ боп қалуымның кепілі» тақырыбында ойталқы ұйымдастырылды. Оған 9, 10-сынып оқушылары қатысып, іс-шара барысында жас жеткіншектеріміз тіл мәселесінің қазіргі жағдайы туралы сөз таластырып, ойларын ортаға салды. Бүгінгі заман келбетінен ана тіліміздің ежелден мұра боп келе жатқан мәртебесі жоғары бірден-бір қазына екеніне салыстыра дәлелдер келтірді.

Қазақ тілі – қазақ халқының ана тілі. Ана тілінің қадір-қасиетін біле білген халқымыз оны ұлттың рухына, қазына-байлығына балайды. Себебі, тіл –халықтың жаны, сәні, тұтастай кескін-келбеті, ұлттық болмысы. Адамды мұратқа жеткізетін ана тілі мен дәстүрі. Біздің халық ретінде қасиетімізді жоғарылататын да ана тіліміз – қазақ тілі. Сол үшін тіліміздің жойылуына жол бермеу әрқайсымыздың азаматтық парызымыз. Сәбилеріміз шет елдің орысшаға аударылған мультфильм, киноларын жандарын беріп көреді. Өкінішке қарай, өзіміздің отандық мультфильм­дер ондай жоғары сұранысқа ие емес. Осы орайда тағы да «Неге?» деген сұрақ туындайды. Бұл – кейбір ата-аналардың бала тәбиесінде жіберіп отырған үлкен қателігі. Жоғарыда айтқанымыздай баланы ата-ана емес, смартфон мен интернет тәрбиелеп отырғанын көріп, біліп отырмыз. Ол тәрбие емес-ау, керісінше сәбилеріміздің санасын улап жатыр ма деп ойлаймын. Заманына қарай адамы деген де осы шығар. Технология дамыған сайын, ол біздің өмірімізге де дерт сияқты дендеп барады.

Тіліміз, жеріміз, еліміз үшін ата-бабаларымыз қанша тер төгіп, өз өмірлерін қатерге тікті. Ендеше, бізге қалдырып кеткен мұрасын жоғары деңгейге көтеруіміз керек.
Мағжан Жұмабаевтың «Мен жастарға сенемін» дегеніндей, тіліміздің мәртебесінің асқақ болуына үлес қосуымыз қажет. Әр адам ана тілін көзінің қарашығындай қорғауға, оның тазалығын сақтауға тиіс. Әр істі өзімізден бастауымыз керек.

Айсана АЛПЫСБЕК,
№26 мектептің 11-сынып оқушысы

Басқа материалдар

Back to top button