Жақында Ақтоғай ауданында жаңадан бой көтерген қос пәтерлі тұрғын үйлер пайдалануға берілді. Онда Ақтоғай ауылы бойынша мемлекеттік тұрғын үй есебінде тұрған көпбалалы және үйлері апаттық жағдайдағы отбасылар қоныстанды. Кейінгі жылдары құрылысы басталған Солтүстік-Батыс ықшам ауданындағы пәтерлердің барлығы да орталықтандырылған су жүйелеріне, электр қуатына қосылған.
Пайдалануға берілген жеке тұрғын үйлердің кілттерін 4 көпбалалы отбасыға және үйлері апатты жағдайдағы 2 отбасыға аудан басшысы Абылай Аманжолов табыс етті. Баспаналы болған тұрғындарды құттықтап, үйдің іші берекелі де мерекелі күндерден тұрсын, сәбилердің шат-шадыман күлкісіне толсын деген тілегін жеткізді.
– Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес өңірлерді дамыту, ауылдық елдімекендерді гүлдендіру мақсатында бірнеше бағдарламалар жүзеге асырылып жатыр. Соның тиімділігін пайдаланып, тұрғын үйге қол жеткізіп жатқандар да бар. Мемлекет тарапынан жағдайы төмен, жалғызбасты, көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, тұрғын үй кезегінде тұрған жандарға баспана беріліп отыр. Біз жаңадан Солтүстік-Батыс ықшам ауданын салып жатырмыз. Сол ауданның бірінші қоныстанған тұрғындарын құттықтаймын, – деді Абылай Аманжолов.
Өңір басшысы қысқа мерзімде үйлерді салып берген мердігерлер Руслан Ақылтаев пен Бекболат Шырынбекке Алғыс хат тапсырып, еңбегін атап өтті.
Айта кетейік, тұрғын үйлер заман талабына сай жабдықталған. Қуанышқа бөленген көпбалалы аналар Жұлдыз Айтжанова, Саягүл Райымбекова, Ардагүл Ахметқалиева, Индира Лекер және тұрғын үйлері апатты жағдайға ұшырап, жаңа үйге иелік еткен Самат Мұнарбеков, Айткүл Ортаубаева алғысын айтты.
Нұрдос КӘРІМ,
Ақтоғай ауданы
Ortalyq.kz