Руханият

Туған елге тарту

Сәуір айының 10 жұлдызында Кеншілер Мәдениет Сарайында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, профессор Тілеуғали Қышқашбаевтың «Шаттық елім» атты шығармашылық кеші өтеді.

Сурет: автордан

Тілеуғали Әшірбекұлы – 1957 жылы Қарағанды облысында дүниеге келген. Алматы музыка училищесін, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваторияны бітірген. Ол қырықтан астам ән мен симфониялық музыкалық шығарманың авторы. Педагогика ғылымдарының докторы, көптеген ғылыми еңбектері жарық көрген. 2000-2008 жылдар аралығында Қазақ ұлттық өнер академиясының ректоры, тағы да басқа көптеген басшылық қызметтер атқарды.

Бірқатар республикалық және халықаралық байқаулардың лауреаты. Қазақ эстрадасының белді өкілі Алтынай Жорабаеваның орындауында халық арасына кең таралған «Астана» әнінің авторы Тілеуғали Әшірбекұлы екенін де айта кеткен жөн.

«Шаттық елім» шығармашылық кешінде Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Бақтияр Тайлақбаев пен Бауыржан Исаев, Қарағанды эстрадалық-симфония оркестрі, Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің жеке орындаушылары өнер көрсетіп, Т.Қышқашбаевтың шығармаларын көпшілікке тарту етеді. Автордың туған өлкесіне арнаған «Қарағандым» әні мен сөзін ақын Ғалым Жайлыбай жазған «Балқашым» туындысы, «Таң толғауы», «Элегия», «Мой город», «Ғашықпын», «Астана», «Туған ел», «Достар», «Анашым», «Сарыарқа», «Балқашым», «Есіл дәурен» әндері шырқалып, күйлері орындалады.

Кеш дирижерлары – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Игорь Андрейченко мен халықаралық байқаулардың лауреаты Әбілқайыр Сағымбаев.

Тағылымға толы еңбек жолы мен шығармашылығының есеп беру кешін туған еліне арнайы әкеле жатқан Тілеуғали Әшірбекұлының кешінен қапы қалмаңыздар, құрметті көрермен!

Марал НҰРТӨЛЕУОВА,
Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің редакторы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button