Бас тақырыпБасты тақырып

ЦУКЕРБЕРГ пен ДЖОБСТЫ қанша күту керек? немесе идея пайдадан бағалы

«Қазір бала атаулы компьютерге байланған, смартфоннан бас алмайды» деп ұлардай шулап жүрміз. Осымыз қаншалықты жөн? «Одан да кітап неге оқымайды?» дейміз тағы да. Әлбетте, баланың кітап оқығаны жөн. Оның тәрбиелік мәнін жоққа шығара алмаймыз. Әйтсе де, әлем жұрты жаппай айға ұшып, одан үлес алып жатыр. Ақпараттық-технология, техника көз ілеспес жылдамдықпен қарыштап дамуда. Бірақ, бізде емес. Сөйте тұра, кейде бала атаулыдан жаппай тілші шығарғымыз бар.

«Біз оқытудың жөні осы деп, қазақ тілін, қазақ әдебиетін кәдімгі филолог маман дайындағандай оқытамыз. Оларға тым тереңдетіп білім беруге тырысамыз. Оның бәрі баланың басын қатырып, уақытын алып қояды. Техникалық білімге немесе жаңа заман технологиясына ұмтылуға көп уақыты қалмайды.

Мысалы, бізде қазақ тілінің балаларға фонетикасын талдап, бастауышта бір, орта сыныпта бір оқытады. Одан соң морфология секілді тілдің басқа да ғылыми жақтарын тереңдетеді. Сөйтіп, филологтыққа дайындаймыз. Содан қазақ мектебін бітірген түлектердің басым көпшілігі қазақ тілі мен әдебиетінің мұғалімдігін ғана таңдап, басқа техникалық мамандықтарға бара алмайтын үрдіс жалғасып келеді» дейді бір замандасым. Ендеше, неге технологияға үйір баладан филолог «жасауға» тиіспіз? Маған тас ата беріңіз. Бірақ, мен бұған қарсымын. Сондықтан да, бізден Цукербергтер мен Джобстар шықпай жүр…

 

Қазір әлемде шекарасыз әлеуметтік алаңға айналдырып алған Facebook-ті ойлап тапқанның бірі – осы жас бала Цукерберг қой. Сол Цукерберг жастайынан компьютермен айналысып, тіпті, сол үшін Гарвардты тастап кеткені аян.

Әлбетте, бала кітап оқымасын деген сөз емес бұл. Қызығушылығына қарай оқиды бала. Баланың ерік-тілегін де ескеруге тиіспіз. Мүмкін бала физикаға қызығар. Немесе химия. Иә, көркем әдебиет. Әлде биология. Оның бәрі кітап емес деп кім айтты?

Бүгінгі заман – мүлдем басқа. Ұғынатын кез жеткен. Техниканың заманы. Кімде техника күшті – сол мықты. Сөз сапырып, қызыл сөзді қыздырумен ешкімнен оза алмаймыз. Озсақ, ендігі АҚШ-тың, я Қытайдың алдына шығар едік. Алайда, жоқ. Шықсақ, кәне?! Ол – мүмкін емес.

Өйткені, Асқар Жұмаділдаев ағамыз айтқандай, бізде «технократтар» әлі жоқ. Есесіне, ақын-жазушы, әнші көп. 30 жылда техникамызбен өзгені таң қалдырған жоқпыз. Ақпараттық-технологиялық бағдарламамызбен дүние жүзін жалт қарата алмадық. Осыдан соң «30 жылдың тәуелсіздігінде басымызға бақ құсын қондырмады» деп Үкіметке, не мемлекетке өкпелеудің еш қисыны келмейді. Себебі, түптің тұқиянында бәрі өзімізге тікелей байланысты. Себебі, мына өзіміз санамызды әлі жаңғыртқан жоқпыз. Себебі, әлі бейімделе алмадық. Себебі, қайткенде бек, қайткенде зор болатындықты ескі түсінікпен өлшейміз.

Жаңылмасақ, бір осы Қарағандыда – 40, әлде 80 ақын бар дегенді құлағымыз шалып еді. Бұл есепте жазушыларымыз жоқ болса керек. Көпсінгеніміз емес, әрине. Дегенмен…

Содан келіп, компьютерде ізденген баланың компьютеріне, смартфонына таласып жүрміз. Қайдан білесіз, бүгін компьютер шұқылаған шынашақтай бала ертең Қазақты әлемге танытатын бағдарламашы, компьютердің басқа бір түрін жасап шығаратын дарын ба? Ал, одан қыстап, санасыз түрде, әдейі емес, бірақ өзіміз де аңғармай филолог «жасаймыз». Жалпы, әдебиетке жақыннан жазушы, не ақын құрып кеткенде, журналист шығатыны «екіге екіні қосқанда – төрт» секілді айқын дүние. Әйткенмен, уақыт «дүниенің кілті – онда емес» дейді бұл күні.

Бұдан бірер жыл бұрын математик-ғалым Асқар Жұмаділдаев «Қазаққа ақын емес, технократ керек» дегенде ақын-жазушыларымыздың көбі ер-тоқымын бауырына алып тулағаны мәлім. Болашақтың шындығын ашып берген ғалымның арада бірнеше жыл өткенде айтқаны ақиқат екенін енді ғана ұғындық емес пе? Меніңше, қазақ дәл қазір рухани тоқырауда емес. Керісінше, технология жағынан «тоқырап» тұр. Сонда не деп еді ғалым?

«Технократтық елге айналмай қазақ ел болмайды. «Ұлттық намыс, ұлттық рух» деген сөзді қазақ көп айтады. Мұның барлығы технократтық реформа болмай, бос сөз болып қалады. Рух деген не өзі? «Ойбай, рух қайда?» деп сіз күніне жүз рет айқайлаңыз. Не өзгерді?

Бір бес минутқа сіздің рухыңыз көзін ашар, «Әй, не болып қалды, бұл не шу?» деп. Содан кейін қайтадан қалың ұйқыға кетеді. Рухыңыз ұйықтамай, мүлгімей, сергек жүру үшін оның артында бір тірек болу керек. Бұл тірек – технократтық. Яғни, қазақтың өзгелерге мойындататын өзінің жасайтын бірдеңесі болуы керек. Қазақ деген ақылды халық. Мінекей, жасаған заттарын қараңыз дегізетіндей.

Мысалыға, жапондық сапа дейтін ұғым бар. Ол не? Toyota-ны айтайық. Оны жұрттың барлығы алады. Sony-ді айтайық. Оған деген сұраныс сұмдық. Жапон компьютер жасаса бүге-шігесіне дейін керемет қылып, түбін түсіре жасап шығады. Сондықтан, жапондық өнімге жұрттың барлығы басын иеді» деген-ді.

Қоғамды дамытқымыз келеді. Ол үшін қайтпек керек? Ең әуелі, ол жөнінде көзқарас өзгеруі тиіс. Көзқарас өзгермейінше, даму жоқ. Мына қоғамға, айналамызға, жалпы маңайға басқа көзбен қарамайынша, тоқтаған тұсымызда тапжылмай тұра береміз.

Соңғы 30 жыл біраз жайтты аңғартты. Көп нәрсені көңілге тоқыды. Сонда нені көрдік? Алдыңғы, орта буын социализм мен капитализмнің арасындағы «кептелісте» қалып қойғанын ішіміз сезіп жүр. Бұл кептеліс ұзаққа созылып барады. Бері өткісі келмейді. Өткел бар. Бірақ, оған ішінара дайын емес. Одан шығуға ұмтылған жас буынды қуалап әкеліп, сол тығынға қайта тоғытқымыз келеді. Бұл – бекер. Идея пайдадан да құндырақ. Оны әлем аузынан тастамайтын Алма (Apple) брендін енгізіп кеткен Джобс көрсетті емес пе?!

Айсұлу Бәделқызы, баспагер:

Балаға кітап оқытуға қарсы емеспін. Оқыту керек. Баланы тәрбиелейді, мотивация береді. Сондай ертегі, ауыз әдебиеті секілді үлгілермен танысуы тиіс деп ойлаймын. «Кітап оқытқан осы» деп, Мұхтар Әуезовті, Абайды, миына құямыз деп, миын ашытудың қажеті жоқ. Балаларға арналған ауыз әдебиетінің үлгілері көп қазақта. Сондайдан бастау керек.

Ал, бала қолындағы смартфон, компьютерге келсек, бұл өте жақсы. Меніңше, техникаға үйренуі керек. Жаңа заман техникасына қызығуы – орынды. Алайда, бізде балаларға арналған контент өте жеткіліксіз. Сондықтан, халық қорқады.Технологиямыз әлі ашық күйінде жатыр. Қауіпсіздік сақталмаған. Сол себепті, балаға көп бермеуге тырысамыз. Десек те, баланы жасынан жоғары технологияларға үйретуге әбден келісемін. Мысалы, бір өзі ғарышқа жол салып, Марсқа адам ұшырып жатқан Илон Маск бала кезінде компьютерлік бағдарламалар жасап, оны сатып, мектеп жасынан бағдарлама жасаумен машықтанған. Соның жемісін бір ғана Америка емес, бүкіл әлем халқы көріп отыр. Баланы еркіндік беріп оқытуға тиіспіз. Бұрынғы Кеңес заманындағыдай партаның арғы жағына отырғызып қойып, «мынаны оқы, мынаны оқыма» дейтін заман өткен.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button