Білім

Цифрлық құзырет кабинеті ашылды

Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов Қарағанды облысына жұмыс сапармен келгенде Бөкетов университетінің профессорлық-оқытушылар құрамымен және студенттермен кездескен еді. Кездесу аясында оқытушылар тергеу ісі компьютерлік бағдарламамен емес, қағаз жүзінде оқытылатынын айтқан болатын. Министр болашақ мамандар үшін университетте іс тергеудің электронды моделін орнату қажеттілігін баса айтып, бұл істі облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділовке тапсырды. Күні кеше департамент бастығының пәрменімен Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің заң факультетінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру және цифрлық құзыреттер кабинетінің ашылу салтанаты өтті. Екі жақты меморандум аясында ашылған кабинет студенттер үшін игілігі мол іс болып отыр.

Министрдің университет ұжымымен кездесуі барысында бұл ұсынысты университеттің заң факультетінің аға оқытушысы, Қарағанды облысы полиция департаменті тергеу басқармасының бұрынғы аға тергеушісі Әйгерім Сағындықова айтқан. Кабинеттің ашылуына облыстық полиция департаментінің басшысы Санжар Әділов және университет ғалымдары қатысты.

– Ішкі істер министрі Марат Ахметжановтың нұсқауына сәйкес, Қарағанды университетінде сотқа дейінгі тергеп-тексеру және цифрлық құзыреттер кабинетін ашып отырмыз. Бұл кабинетке біз компьютерлер қойып, қылмыстық істерді электронды түрде тергеу бойынша бағдарлама орнаттық. Негізгі мақсат – дуалды білім беруді жалғастыра отырып, заң факультетінің студенттеріне қылмыстық істерді жаңа формада, электронды түрде тергеуді үйрету. Ішкі істер министрлігінің тергеушілері қылмыстық істерді 89 пайыз электронды түрде тергейді. Мұны болашақ қызметкерлер қазірден-ақ біліп, үйренуі тиіс. Қылмыстық істерді электронды түрде тергеудің ең басты мағынасы – адам, қылмыстық процесті қысқартуға, бұрмалауға жол бермеу және сыбайлас жемқорлықтың алдын алу. Тағы бір айта кететін жайт, облыстық полиция департаменті мен аталған оқу орны арасында тығыз қарым-қатынас орнаған. Бір жыл ішінде университеттің 80 түлегі қатарымызға қосылып, тергеу және жедел-іздестіру қызметінде адал қызмет атқарып жатыр, – деді Санжар Әскенұлы.

– Электрондық іс тергеу бағдарламасын орнату арқылы қағазбастылықтан арыламыз, істі фальсификация жасауға мүмкіндік тыйылады, уақыт үнемдейміз. Тергеуші – прокурор – судьяның арасында үш деңгейде іс ашылған сәтінен бастап, барлық құжаттама прокурордың да, тергеу судьясының да назарында болады. Ішкі істер министрлігінің ведомстволық оқу орындарында бұл бағдарлама енгізілген. Елу жылдан астам тарихы бар университеттің заң факультеті құқық қорғау, сот органдарына, басқа да мемлекеттік органдарға маман даярлайды. Енді біздің студенттер қазақ және орыс тілінде қылмыстық істерді тергеуді электронды нысанда жүзеге асыруға дайын болады. Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және цифрлық құзыреттер кабинетінің ашылуы – жоғары білікті заңгер мамандарын даярлауға ықпал етіп, сапалы білім беру жолындағы біздің миссиямызды атқаруға көмек болады деп есептеймін, – дейді қылмыстық құқық, процесс және криминалистика кафедрасының қауымдастырылған профессоры Болат Сыздық.

Бүгінде Бөкетов университетінің заң факультетінде 700-ден астам жуық студент білім алуда. Қылмыстық құқық, процесс және криминалистика кафедрасының профессоры Ардақ Шәкеновтің айтуынша, Полиция департаментінің көмегімен студенттер хаттамалармен онлайн режимде танысуға мүмкіндік алады және барлық әрекеттерді прокуратурамен келісуге болады. Бүгінгі таңда департамент түлектерге Ішкі істер министрінің 20 сертификатын берді. Бұл оларға полиция департаментінің тергеу бөлімшелері мен прокуратура органдарына жұмысқа орналасуға мүмкіндік береді.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button