Цифрлы жүйе сиқырлы әлем емес
Мемлекет басшысы Қасым- Жомарт Тоқаев 2026 жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жариялаған болатын. Одан бөлек, күні кеше Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысында «Цифрландыру және жасанды интеллект жылын сән қуып, ұрандату үшін жариялаған жоқпыз. Бұл шешім бүкіл мемлекеттік аппаратқа нақты міндет жүктеп отыр. Бұл – стратегиялық міндет. Сондықтан, мемлекет үшін айрықша маңызды осы міндетті орындауға қатысты талап та өте жоғары болмақ. Бұл бағыттағы жұмыстың нәтижесі нақты әрі көзге көрінетін көрсеткіштермен өлшенуге тиіс» деп баса айтты. Бүгінде Қарағандыда қалалық басқарудың тиімділігін арттырып, тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға бағытталған цифрлық және жасанды интеллектке негізделген жобалар кезең-кезеңімен енгізілуде. Солардың қатарында жол жамылғысының сапасын автоматты түрде бақылайтын JoLScan, ақылды автотұрақты басқаруға арналған ParkKing.kz жүйесі, ұялы байланыс сапасын талдайтын CellMap, қаланың жасыл желектерін цифрлық форматта есепке алатын TreeMap жобасы мен интеллектуалды бағдаршамдар, «Жаяу жүргінші өткелі» кешені бар. Бүгінде жасанды интеллект қала инфрақұрылымын басқаруда тиімді әрі сенімді құралға айналып, нақты нәтижелерін көрсетіп келеді.

Камера іздеуде жүрген 268 адамды анықтады
Қазіргі таңда жасанды интеллект нейрондық желілерге деген қоғамдық қызығушылықтың артуына байланысты қолданыс аясы кеңейіп келеді.
– Осы бағыттағы негізгі жобалардың бірі – қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге арналған қалалық бейнебақылау жүйесі. Қазіргі таңда облыс аумағында шамамен төрт мыңға жуық камера орнатылған. Оның ішінде, 180-і аппараттық-бағдарламалық кешен ретінде жұмыс істеп тұр. Бұған жылдамдық өлшегіштер, жол қиылыстарындағы бақылау жүйелері және ақылды жаяу жүргіншілер өткелдері кіреді. Кешендердің саны жыл сайын орта есеппен 300-ге артқан. Биыл да қосымша 300 бейнебақылау камерасын орнату жоспарда бар. Бұл инфрақұрылым бейнеағынды талдап, оны нейрондық желілерге бағыттау арқылы қосымша әрі құнды деректер алуға мүмкіндік береді, – деді Константин Павлович.
Бүгінде қала аумағында бет-әлпетті тану мүмкіндігі бар шамамен 100 бейнебақылау камерасы жұмыс істеп тұр. Өткен жылы бұл жүйе іздеуде жүрген 268 азаматты анықтапты. Аталған платформа Бірыңғай қауіпсіздік ақпараттық ресурстары кешенімен және Ішкі істер министрлігінің іздестіру дерекқорларымен интеграцияланған.
– Бұл жоба аясында орнатылған камералардың негізгі мақсаты – ең алдымен, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Әрбір камераны орнату нүктесі Полиция департаментімен келісілген. Осыған байланысты олар әдейі биікке орналастырылып, мүмкіндігінше кең аумақты қамтуға бағытталған. Мұндай тәсіл нақты бір тұлғаны емес, жалпы жағдайды бақылауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл камералардың техникалық сапасы бет-әлпетті толық әрі дәл тануға арналмаған. Нақты идентификация адамның бет-әлпетін қол созым қашықтағыдай ғана қашықтықта жүзеге асады. Бұл смартфондардың Face ID арқылы құлыптан ашылу қағидасына ұқсас. Сол себепті көз деңгейінде орнатылған. Бет-әлпетті сапалы әрі сенімді тануға мүмкіндік беретін құрылғылардың саны көп емес. Соған қарамастан, былтыр небәрі 100 құрылғының көмегімен іздеуде жүрген 268 азамат анықталды. Яғни, төрт мың камераның ішіндегі жүзге жуығы ғана нақты нәтиже беріп отыр. Демек, мұндай құрылғылардың санын арттыру қажет, – деді ол.
Сонымен қатар, бет-әлпетті тану жүйесін домофон камераларына енгізу ұсынылуда. Мұндай технология жаңа тұрғын үйлерде ішінара қолданылып келеді. Алайда, ол қарапайым бейнедомофон деңгейінде ғана жұмыс істеп тұр. Яғни, жүйе адамды жеке тұлға ретінде танымайды. Тек оның бейнесін құрылғының ішкі жадында ғана сақтайды. Егер бұл жүйе домофонға енгізілсе, адамның бейнесі автоматты түрде серверге жолданып, тиісті дерекқорлармен салыстырылады.

– Осы жүйе арқылы тұрғынның бейнесі серверге жіберіліп, іздеуде жүрген адамдардың бейнесімен салыстыра алатын боламыз. Егер сәйкестік табылса, полицияға хабарлама жіберіледі. Сол арқылы белгілі бір іздеуде жүрген тұлғаның қай мекенжайға келгені анықталады. Осылайша біз камералар санын көбейтіп, бюджетке қосымша жүк түсірмей кешеннің тиімділігін арттырмақпыз. Менің ойымша, көпқабатты үйлерде тұратын тұрғындар үшін бұл маңызды әрі пайдалы жаңалық болар еді. Әрі қала тұрғындарына қосымша қауіпсіздікті қамтамасыз етеді, – деді басқарма басшысы.
Қазіргі таңда осы бағыттағы жұмыстар қарқынды. Жыл басынан бері екі тұрғын үй кешенінің бес подъездінде іске қосылған. Алдағы уақытта әлі де саны артпақ.
Ақылды бағдаршам кептелісті шешпейді
Бүгінде республика көлемінде Қостанайдан кейін екінші болып іске қосылған жобаның бірі – аппараттық-бағдарламалық «Ақылды жаяу жүргінші» кешені. Қазіргі таңда облыс аумағында мұндай кешендердің саны – 22-ге жеткен. Оның 12-сі – Қарағандыда, 10-ы – Теміртауда орнатылған. Бұл аппараттық-бағдарламалық кешендер орнатылғалы бері жаяу жүргіншілер өткелінде жаяу жүргіншілердің қатысуымен бірде-бір жол-көлік оқиғасы тіркелмеген. Соның нәтижесінде жүргізушілердің тәртібі де айтарлықтай жақсарыпты.
– Қостанайлықтардың бізден бір қадам алда болған тұсы – «Яндекс» жүйесімен бірігуінде. Біз бұл жобаны олардан кейін іске қостық. Қазіргі уақытта жүйеде 206 бағдаршам нысаны көрсетілген. Аппараттық-бағдарламалық кешен нейрондық желілер арқылы бейнеағынды талдайды. Егер белгілі бір аумақта жаяу жүргіншілер мен көлік қозғалысының векторына кедергі келтіретін жағдай тіркелсе, жүйе бұзушылықты автоматты түрде анықтап, ақпаратты Әкімшілік полиция басқармасына жолдайды. Жалпы алғанда, жүйенің жұмыс істеу қағидасы қарапайым болып көрінуі мүмкін. Бірақ, кез келген жобаның астарында ауқымды әрі күрделі еңбек жатыр, – деді Константин Павлович.
Айта кетейік, ақылды бағдаршамдар қозғалысты өздігінен басқармайды. Басқарма басшысына: «Көлік кептелісі көп болса, ақылды бағдаршамдардан не пайда?» деген сауал жиі қолданылатын көрінеді. Ал, шындығында бұл жүйе кептелісті азайту үшін емес, басқа мақсатта жұмыс істейтін көрінеді.
– Бағдаршамнан алынатын деректер ағынын нақты басқаруға жеткіліксіз. Мысалы, егер осы жүйеге нейрондық желіні қосып, «Бұқар жырау даңғылында кептеліс бар» деп бағдаршамның жасыл түсін қостық делік. Ол кептелістің кезегі тек келесі бағдаршамға дейін ғана жылжиды. Ал, шынтуайтында мәселені шешпейді. Мұндай жағдайда толық қала аумағындағы қозғалысты бақылайтын кешенді архитектуралық жүйе қажет, – деді.
Қазіргі таңда бастысы дүние – сенімді инфрақұрылымдық база. Ол болмаған жағдайда жүйені басқару, кез келген нейрондық желіні интеграциялау, бағдаршамдарды толықтай бақылау мүмкін емес екен.
– Бұл нейрондық желі немесе жасанды интеллект емес, жай ғана күрделі алгоритм. Олар қосалқы жолдардағы жиналған автокөлік санын өзі бақылап, бағдаршам түсін сол жолда жиналған көліктерді автоматты түрде өткізу үшін өзгертеді. Мысалы, қалаға кіретін негізгі жолдың бәрінде үнемі бағдаршамның жасыл түсі жанып тұрады. Себебі, онда көп көлік жүреді. Ал, қосалқы жолда көлік сирек. Егер сол қосалқы жолға көлік жиылып қалса, онда жүйе автоматты түрде іске қосылып, бағдаршамның жасыл түсі жанады. Қазіргі уақытта база жақсы жұмыс істеп тұр. Әрі «Яндекс» жүйесіне де қосылды. Сондықтан, әрбір бағдаршам әр секунд сайын «Яндекс» навигаторына ақпарат жіберіп отырады. «Яндекс» навигаторын пайдаланатын жүргізушілер үшін, соның ішінде, жеткізу қызметі мен такси жүргізушілері бағдаршамның қай көзі жанып тұрғанын көріп, алдын ала хабар алады, – деді басқарма басшысы.
Алдағы уақытта «Яндекс» жүйесімен интеграцияланған робот-жеткізуші жобасын жасауды жоспарлауда. Мұны жүзеге асыру үшін сенімді инфрақұрылым қажет. Жалпы, роботтар бағдаршамға жақындағанда шамның жасыл немесе қызыл түсін көре алмайды. Ол ақпараттың бәрі нейронды жүйе арқылы берілмек.
Бағалар мониторингі жүйесі қалай жұмыс істейді?
Тағы бір игі жобалардың бірі – бағалар мониторингі жүйесі. Қызықты әрі тиімді бағдарлама осыдан үш-төрт жыл бұрын қолға алынған. Содан бері жоба даму үстінде. Әу баста Қарағанды қаласының кәсіпкерлік бөлімінен дүкен сөрелеріндегі бағалардың өсімін бақылау қажетті жайында тапсырма түскен. Көп жағдайда тауар құны құжатта талаптарға сай бағада көрсетілгенімен, іс жүзінде мүлдем басқа көрінеді. Осы қажеттіліктер жаңа платформаны іске қосты. Ол платформада дүкендегі сөрелердің нақты бағасы ғана емес, орташа немесе минималды, максималды көрсеткіштеріне дейін көрсетеді. Яғни, автоматты түрде тауардың өсімін анықтап, нарықтағы бағасын шығарып береді. Бүгінде «Магнум», «Корзина» және «Аян» супермаркет желісінде іске қосылған. Деректер сайтқа жиналады. Ал, сайтта жоқ сауда желісіндегі бағалар қолмен терілетін көрінеді. Бүгінде аталған платформада 100 000-нан астам әлеуметтік маңызы бар азықтүлік өнімі бар.
– Мәселен, белгілі бір өнімді таңдап, оның нақты бағасын картадан көруге болады. Ол жерде бір тауардың құны 166 теңге делік. Бұл – парсинг арқылы алынған, яғни, дәл сол дүкендегі нақты баға. Аталған деректер ойдан шығарылмайды. Жүйе оны автоматты түрде жинайды. Сонымен қатар, картадан сол дүкеннің нақты орналасқан жерін де көруге мүмкіндік бар. Жоба Android және ІOS платформаларына арналған мобильді қосымша форматында қолжетімді. Бұдан бөлек, кез келген пайдаланушы KrgPrice.kz сайтына логин мен құпия сөзсіз кіріп, қажетті ақпаратты еркін көре алады, – деді Константин Ильницкий.
Алдағы уақытта басқарма басшысы әлеуметтік маңызы бар азықтүлік өнімдерінен бөлек, қала тұрғындары үшін маңызды басқа да өнім бағасын бақылауға енгізуді жоспарлап отыр. Сонымен қатар, Small сауда желісіндегі бағаларды да мониторинг жасамақ. Әрі осы арқылы тауар бағасының салыстырмалы картасы құрылады. Яғни, қант қай жерде арзан, ұн қай жерде қымбат. Осының бәрін тұрғындар осы жоба аясында игілігін көре алады.
Қаланың жасыл желектерін цифрлық есепке алуға арналған TreeMap жүйесі – «Таза Қазақстан» акциясы аясында жүзеге асырылған ең қызықты жобалардың бірі. Жүйенің негізгі мақсаты жасыл желектерді цифрлық түрде есепке алып, барлық ағашты картаға түсіру. Қалада жалпы саны 863 000 ағаш тіркеліп, картада көрсетіліп тұр. Аталған жүйе автоматты түрде ағаштардың санитарлық жағдайына қарай сорттарға бөліп бере алатын қасиетке ие.
– Мысалы, картадағы бір қарайған терек ерекше көзге түсіп тұр делік. Мұны зерттеу қажет. Ағаштың қашан отырғызылғаны, неге дұрыс өспей жатқандығын білу керек. Бәлкім, оған арнайы инфекция әсер еткен шығар?! Одан бөлек, климаттық жағдайдың да ықпалы бар шығар. Мұның бәрін дендрологтар мен экологтар зерттейді. Ал, біздің техникалық мамандардың міндеті барлық деректерді жинап, тиімді әрі жылдам агрегаттап береді. Осы мақсатта мобильді қосымша жасалып, оған нейрондық желі қосылды. Желінің басты функциясы – үш фотосурет арқылы ағаштың түрін анықтап береді. Биыл осы нейрондық желі арқылы ағашқа қажетті күтім шараларын да анықтау функциясын іске қосу жоспарланып отыр, – деді Константин Павлович.
Бұл процесс фотосуреттер арқылы жүзеге асырылады. Дәстүрлі әдісте экология немесе дендрология маманы ағашты зерттеу үшін 763 000 талды жаяу аралап, олардың координаттарын жазып, картаға түсіруі керек. Бұл өте қымбат әрі көп уақытты қажет етеді. Ал, мобильді қосымшаны қолдану арқылы кез келген ерікті ағашты суретке түсіріп, геолокацияны белгілей алады. Сол сәтте ағаш автоматты түрде картаға енгізіледі. Ал, нейрондық желі оның түрін анықтайды.
Жол сапасы – басты назарда
Жол сапасын автоматты түрде бақылауға арналған JoLScan жүйесі қалада бірнеше жыл бойы жұмыс істеп келеді. Әрі уақыт өткен сайын жобаның сапасы да артуда. Бұл жобаның басты мақсаты – жолдың ой шұңқырын анықтау.
– Нейрондық желілерді қолданар алдында біз телефон акселерометрі арқылы жолдағы ой-шұңқырларды анықтайтынбыз. Телефонды автокөліктің панеліне орнатып, көлік ой-шұңқырға түскенде деректерді картаға енгізетінбіз. Мұндай әдіспен көптеген жоба істедік. Ал, нейрондық желілер бұл процесті едәуір жеңілдетті. Қазір біз жолдағы ойықтарды нақты көрсетеміз. Қазіргі уақытта жазғы датасет қолданып жатырмыз, – деді басқарма басшысы.
Жүйе қалалық қызметке тікелей хабарлама жолдайды. Мысалы, құдық қақпағы сынған жағдайда жүйе автоматты түрде картаға белгілеп алады. Қысқы кезеңге арналған датасет қазіргі уақытта үш автобус пен екі жеңіл көлікте пилоттық режимде сынақтан өтуде. Сонымен қатар, инженерлер қаланың ең басты әрі ұзынкөшелерінің бір бөлігін қамту үшін №43, №45, №53 автобусына орнатыпты. Қысқы датасет үшін қытайлық көпфункциялы YOLO моделі алынған. Ал, бұл құрылғы жолдың ой-шұңқырын ғана емес, түрлі деформацияны да дәл анықтайды екен.
– Қытайлық құрылғының көмегімен енді жолдағы 15-тен астам түрлі дефектіні анықтай аламыз. Жарық бағандарының ақауларын, қоқыс қалдықтарын, жол жабынына түскен жырақтар, ойықтарға дейін көре аламыз. Тіпті, сөніп қалған, немесе істен шыққан бағдаршамды да анықтай алады. Бұрын біздің нейрондық желі тек жол ойықтарын ғана анықтайтын. Алдағы уақытта көпфункциялы құрылғыны іске қосамыз. Әрине, көрші Қытаймен бәсекелесу қиын. Өйткені, олардың есептеу қуаты біздікімен салыстырғанда мүлдем басқа. Дегенмен, біз бұл жобаны IT-суверенитет тұрғысынан қараймыз. Міне, осы жылы біз дәл осы бағытта жұмыс істейміз, – деді ол.
Константин Павлович өз сөзінде қазіргі таңда нейрондық желілер мен жасанды интеллектке байланысты адамдарға ақпарат беретін немесе адамның орнын алмастыратын жүйенің көптігін, қойған сұрағыңа адамша жауап беріп, өзіңмен сөйлесетін роботтардың барын айтты. Алайда, мұндай жобаларды насихаттамайтындығын жеткізді.
– Олардың нақты пайдалы жақтары шектеулі. Көбісі тек хайп үшін ғана қолданып жатады. Шын мәнінде, адамды роботқа алмастыра алмайсың. Алмастырғанның өзінде бюджетке тиімсіз, – деді Константин Ильницкий.
Тұрақ көп күттірмейді
«Park.king» жобасын жүзеге асыру үшін қаладағы бейнекамералар пайдаланылуда. Жүйе бейнеағынды нақты уақыт режимінде талдап, әр паркингтің бос немесе толы екенін анықтайды. Сөйтіп, ақпаратты сервиске жібереді. Ал, жүргізушілер осы арқылы алдын ала қай жерде қай тұрақтың бос екенін көре алады.
Қаладағы жалпы камераның ішіндегі тек 350-і паркингтерді түсіреді екен. Биыл осы бағыттағы жұмыстарды қолға алып, сауда орталықтары, халыққа қызмет көрсету нүктелері және ірі тұрғын үй кешендерін іске қосуды жоспарлап отыр.
– Біз әуелі жүйеге қолмен тұрақтағы барлық орынды сызып, енгіземіз. Ал, жүйе нейрондық желіге нақты команданы береді. «А» орынында көлік тұр ма, жоқ па автоматты түрде анықтап береді. Бос болмаса, қызыл түспен көрсетіледі. Ал, бос болса – жасыл жанады. Барлығы автоматты түрде картаға енгізіліп отырады. Біздің негізгі мақсатымыз жүргізушілердің уақытын үнемдеп, жүйкесін шаршатпау. Қаладағы паркингтерде камера саны көп. Өйткені, бұл жерлер түрлі жағдайлар орын алатын басты аймақ есебінде. Сондықтан, ондай жағдайлар туындамауы үшін осындай жұмыстарды қолға алдық, – деді Константин Ильницкий.
Биыл үлкен сауда орталықтары, «Алтын арба» базары мен ХҚО орталығына орнату жоспарлануда. Басқарма басшысы бұл үшін жеке мобильді қосымша әзірлеудің қажеті жоқ екенін айтады. Оның орнына веб-сервис іске қосылып, «Яндекс» платформасымен келіссөз жүргізуді көздеп отыр. Келешекте автотұрақтар «Яндекс.Картада» көрсету мүмкіндігін қарастырып жатыр.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суреттерді түсірген Александр МАРЧЕНКО


