Жаңалықтар

Цифрлық теңсіздік жойылады

Қазіргі заманғы қоғамда интернет тек ақпарат алу құралы емес, ол өмірдің барлық саласын, ең алдымен, білім мен денсаулық сақтау, кәсіпкерлік пен байланыс жүйелерін өзгертіп, жаңа мүмкіндіктерге жол ашады. Президент тапсырмасымен басталған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы – елдің шалғай ауылдарын жоғары жылдамдықты интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған маңызды қадам. Қарағанды облысының шалғай ауылдарында тұратын миллиондаған адамның тағдыры да осы цифрлық әлеммен байланысты. Әр ауылдың әр үйінде, әр адамда интернетке қол жеткізу – байланысқа қосылу ғана емес, жаңа білімге, жаңа мүмкіндіктерге, жаңа өмір сапасына қадам жасау. Осылайша, «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы арқылы облыс тұрғындары цифрлық әлеммен танысып, жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізуде. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен аппарат жиынында облыстық ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және архивтер басқармасының басшысы Константин Ильницкий егжей-тегжейлі айтып берді.

Инфографиканы жасаған Арайлым Коктаева

Мәселелер мен мүмкіндіктер

Интернетке қолжетімділік – әлеуметтік, экономикалық және мәдени даму көрсеткіші. Қазақстанның шалғай ауылдарында интернеттің болмауы немесе төмен сападағы байланыс халықтың өмір сүру деңгейіне, білім алуына, жұмыс мүмкіндіктеріне және жалпы жағдайына айтарлықтай әсер етеді. Қарағанды облысы бұл мәселелерді шешу үшін ауқымды жоспарларды қолға алып, ауыл тұрғындарын цифрлық әлеммен байланыстыруға ұмтылуда.

– Облыстың 342 ауылдық елдімекенінің 248-і қазіргі таңда интернетке қосылған. Алайда, бұл көрсеткіш аймақтың толық цифрландыру қажеттілігінен толық қамтыды деген сөз емес. Атап айтсақ, интернетке қолжетімділіктің деңгейі әр түрлі. 144 ауыл тек сымды интернетпен, ал, 206 ауыл мобильді интернетпен қамтылған. Бірақ, облыс бойынша интернетке қосылмаған 94 ауыл бар, оның 20-сы тек 2G желісімен шектелген. Бұл, өз кезегінде, ауыл тұрғындарына көптеген мүмкіндіктерден, әсіресе, білім беру, денсаулық сақтау және мемлекеттік қызметтер алу тұрғысынан айтарлықтай қиындықтар тудыратынын атап өткен жөн, – деді Константин Павлович.

Интернетке қол жеткізе алмайтын ауылдардың көбі қашық орналасқан немесе адам саны аз аймақтар екенін атап айту керек. Сондықтан, байланыс желілерін тарту экономикалық тұрғыдан тиімді болмайды деп есептеледі. Бірақ, қазіргі заманғы технологиялар мен мемлекеттік қолдаудың арқасында бұл жағдайды түзетуге болатындығы дәлелденуде.

Елдімекендерге интернеттің қолжетімділігі

Елімізде ауылдарды цифрландырудың маңызды бөлігі ретінде «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы бастау алды. Бұл жоба аясында ауылдарға жоғары жылдамдықты интернет жеткізу, олардың дамуына жаңа серпін беру мақсатында бірнеше негізгі шаралар жүзеге асырылмақ. Осы жоба арқылы жыл соңына дейін облыстың 336 ауылында интернетке қол жеткізу қамтамасыз етілмек. Бұл шамамен 204 мың тұрғынның өмір сапасын арттырады.

Дерекке сүйенсек, «Қолжетімді интернет» жобасы аясында ауылдарға интернеттің соңғы үлгідегі қосылу желісі тартылады. Бұл технология арқылы байланыс желісі әрбір үйге жеткізілмек. 2027 жылға дейін облыстың 97 ауылына интернет тартылып, 151 мың адам интернет қосылады. Бұл, әсіресе, Абай, Ақтоғай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра және Шет сияқты аудандардың тұрғындары үшін өте маңызды. Көптеген ауылдарда тұрғындардың аздығы және әлеуметтік нысандардың жоқтығы байланыстың тартылуына кедергі болғанымен, мемлекет операторларға субсидиялар бере отырып, бұл мәселені шешуге бағытталған шараларды қолға алуда.

Сала мамандары жоғары жылдамдықты интернеттің дамуы үшін ТОБЖ (талшықты-оптикалық байланыс желілері) технологиясы ауылдық жерлерде кеңінен енгізіліп жатқанын айтады. 179 ауылға ТОБЖ желісі тартылып, оның ішінде, 109 мектеп, 90 медициналық мекеме және мемлекеттік органдардың 66 ғимараты қосылады. Бұл интернеттің жылдамдығын бірнеше есе арттырып, ауылдық аймақтардағы әлеуметтік қызметтерді онлайн түрінде алу мүмкіндігін қамтамасыз етеді.

5G желісі: жаңа заманның байланысы

5G желісінің енгізілуі – бұл, әсіресе, қала тұрғындары үшін өте маңызды қадам. Қарағанды қаласында 52 базалық станция орнатылып, желі толығымен іске қосылды. Алдағы уақытта 5G желісін одан әрі дамыту үшін тағы 45 станция орнатылады. 5G желісінің енгізілуі тұрғындардың интернет жылдамдығын арттырып, бизнес пен білім саласына жаңа мүмкіндіктер ашады.

Кең аумақта орналасқан шалғай ауылдар үшін спутниктік интернет ұсынылады. OneWeb технологиясы арқылы 13 ауыл интернетке қосылды, ал, 2027 жылға дейін тағы 33 ауыл спутник арқылы байланысқа қосылмақ. Бұл әсіресе, ең қашық ауылдардың тұрғындары үшін маңызды. Өйткені, олар қалалардан алыс орналасқан және басқа да байланыс құралдарына қол жеткізу қиын. Спутниктік интернет ауылдарға білім алу, денсаулық сақтау қызметтерін алу және мемлекеттік қызметтерге қол жеткізу мүмкіндіктерін береді.

Түйін

Облыс аумағындағы ауылдарды интернетпен қамту – технологиялық жетістік қана емес, бұл ауыл тұрғындарына жаңа мүмкіндіктер ұсынатын әлеуметтік және экономикалық жаңғырудың символы. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы еліміздің барлық ауылдарына бірдей мүмкіндіктер ұсынуды көздейді. Бұл бастама ауыл тұрғындарының өмір сапасын арттыруға, білім мен денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға, жаңа жұмыс орындарын ашуға және ауылдық аймақтардағы кәсіпкерлікті дамытуға ықпал етеді.

Қазіргі уақытта интернетке қолжетімділік тек қалалар үшін емес, ауылдар үшін де маңызды факторға айналуда. Интернет – ауылдық аймақтарды цифрландыру мен жаңғырту жолындағы маңызды қадамдардың бірі. Осының арқасында ауыл тұрғындары да қала тұрғындарымен тең дәрежеде білім ала алады, жұмыс істей алады және дамып, әлемнің цифрлық кеңістігіне қосылады.

Аппарат жиыны барысында Теміртау қаласында ONAY жүйесі жұмыс істемей тұрғандығы, Ақтау ауылында интернеттің баяулығы айтылды. Сонымен қатар, Балқаш қаласы маңындағы Тораңғылық, Шұбартүбек демалыс орындары аумағында интернет желісінің дұрыс жұмыс істемей тұрғанына туристер шағымданғаны да тілге тиек етілді. Одан бөлек, Бұқар жырау ауданы Заречний ауылында интернет желісі жұмыс істемейтіні мәлімденді. Басқарма басшысы бұл бағытта кемшілікті жою үшін жұмыстар атқарылып жатқанын мәлімдеді.

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев облыс аумағын тұтас қолжетімді интернетпен қамту жұмысының барысын және жоғарыда аталған кемшіліктерді хаттамаға тіркеп, орындалуын басшылыққа алуды мұқият тапсырды.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button