Цифрлық штаб Президент Жолдауын іске асыру үшін жаңа шешімдер қабылдады
Премьер-министр Олжас Бектеновтың төрағалығымен Цифрлық штабтың отырысы өтті. Жиында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында қойылған міндеттерді орындау мәселелері қаралды.

«Мемлекет басшысы цифрлық қалыпқа көшу арқылы экономиканың барлық салаларын жаңғырту міндетін қойды. Сондықтан ЖИ енгізу нақты нәтижеге бағытталуы тиіс», – деп атап өтті Олжас Бектенов.
Осы жылдың соңына дейін денсаулық сақтау саласында бірқатар маңызды өзгерістер жүзеге асырылмақ.
- 15 қарашаға дейін отандық стартаптардың шешімдерін енгізу үшін нормативтік-құқықтық актілерге толықтырулар енгізіледі.
- 20 желтоқсанға дейін қолданыстағы 7 ақпараттық жүйе екі ірі платформаға біріктіріледі. Бұл процестен жалпы 30 ақпараттық жүйе қамтылмақ.
Мұндай жаңғырту дәрігерлер үшін ЖИ-ассистенттерді енгізіп, онкологиялық және басқа да ауруларды ерте анықтауға мүмкіндік береді. Сонымен қатар, медициналық персоналдың жүктемесі азаяды.
1 желтоқсаннан бастап электр және жылу желілерін диагностикалауда жасанды интеллект пен дрондар қолданылатын болады. Арнайы датчиктермен жабдықталған құрылғылар құбырлардың бойымен қозғалып, инфрақұрылымның жағдайын ішкі жағынан тексеруге мүмкіндік береді. Бұл ақауларды дер кезінде анықтап, жөндеу жоспарларын тиімді жасауға жол ашады.
Жасанды интеллектіні енгізу:
- еңбек шығындарын қысқартуға,
- энергиямен үздіксіз жабдықтауға,
- жылыту маусымының сапалы өтуіне ықпал етпек.
20 желтоқсанға дейін энергетика саласында Салалық ақпараттық қауіпсіздік орталығы іске қосылады. Орталық мамандары энергетикалық нысандарға қойылатын жаңа талаптарды әзірлеп, киберқауіпсіздікті күшейтеді.
Материалды әзірлеген Жамал АКПАРОВА