Жаңалықтар

Цифрлы кеден мен логистика

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Қазақстан халқына Жолдауында «Біз жаппай цифрландыру және жасанды интеллект технологиясын барынша енгізу арқылы экономиканы жаңғыртуымыз қажет» деген еді. Президенттің парасатты пайым-пәрменін жөнекей жан емес, жол жайын жиі жүріп, әбден сыралғы болған жолаушының көзімен мойындай түсеріміз айна-қатесіз ақиқат…

Сурет ЖИ көмегімен әзірленді

…Қателеспедіңіз. Бұрынырақ өткізу пунктіне жақындағанда шартабақ күннің қай мезетінде болмасын жүк көліктерінің ұзын-ырғай кезегі әдеттегі көрініс болатын. Журналист болғасын ба, әйтеуір шекара асып жүріп, жөргем іліктіріп жүрерлік шағымыз аз емес. Кеден еденіне табаны тиісімен-ақ «Кеден кеден болды, кеден ісі неден болды?» дейтін әжуә реңді ескі мәтел езуге үйірілмейтіні тосын көрінеді. Себебі де жоқ емес. Кеденге келісімен көксоқта кепке түсіп, көгендеулі марқадай болған түрлі көліктің көлеңкесі көп қысқарды. «Smart Customs» сынды жүйелердің электрондық экрандары жүргізушілерге рәсімдеу уақытын небәрі 15 минуттан асырмай «Сапарыңыз сәтті» болсын дей салады қазір.

– Ескі жүйеде сағаттап күтіп, қағаз толтыратынбыз. Қазір смартфон арқылы бәрін тастәмам етеміз, – деп мақтанады жергілікті тасымалдаушы компания менеджері Айгүл. Оның сөздері облыста жүзеге асатын кедендік модернизация бағдарламасының нәтижесін айғақтайды. Өңірдегі кедендік бекет жаңғыртылды. Өткізу қабілеті күніне 500-ден 3 500 тонна жүкке дейін өсті. Былтырдың соңына қарай «Карағанды» бекетіндегі көлік ағыны 1,8 есеге, ал, кедендік түсімдер 420%-ға артқан. Облыс бойынша мемлекеттік кірістер департаменті атаулы жобаларды «жылдамдық, цифрлық бақылау, экологиялық қауіпсіздік және жергілікті бизнес үшін қолжетімділік» қағидалары бойынша жүзеге асырылуына оң ықпал етіп келеді. Мысалы, «Теміртау» теміржол бекетінде қанатқақты негізде «Электронды кезек» жүйесі енгізілісімен, шойынжол контейнерлерінің тоқтап қалуын едәуір кемітіп, деректердің ашықтығын қамтамасыз еткен. Болат және көмір экспорты үшін маңызы жоғары мұндай сандық шешімдер таудай ауырлықты тарыдай еткені айтпаса да түсінікті.

Былтырдың күрең күзінде Қарағандыда «Кеден» атты жаңа буын ақпараттық жүйесінің аймақтық модулі іске қосылып, ол ескі «Астана-1» платформасын толық алмастырды. Жаңартылған жүйе 20 модульдің 15-ін қамти отырып, ЖИ арқылы рәсімдеу уақытын 40%-ға қысқартады. Орталық облыстың өндірістік деректерін қауіпсіз біріктіреді. Экспресс-жүктерді онлайн декларациялау, жеке заттарды сканерлеу, алдын ала транзит хабарламалары мен автоматтық қауіпсіздік тексеру сынды кезекті амалдар қазір Қарағандының жеке кабинеттері арқылы қашықтан жүргізіледі. Дүниежүзілік банктің қолдауымен орнатылған жаңа серверлер жүйенің өнімділігін еселеп арттырды. Биылдың бірінші тоқсанында облыстағы цифрлық рәсімдеу үлесі 95%-ға жетті. Шекаралық және логистикалық қызметтердің дамуы да аңдалады. 2023 жылғы 420 мың тоннадан 2025 жылдың қазанына дейін 1,2 миллион тоннаға дейін өскен жүк ағыны осы өміршең өзгерістердің тиімділігін растайды.

«E-salyq azamat» мобильді қосымшасы 2024 жылдың соңында жаңартылып, декларацияны толтыруға, төлемдерді жүргізуге, тіпті, чат-бот арқылы кеңес алуға мүлтіксіз мүмкіндік береді. Қосымшада «автоматты есептеу» функциясы бар: жолаушы заттың санын енгізсе, жүйе кедендік алымды (қалыптан артық болса) бірден көрсетеді, төлемді картадан немесе Kaspi-ден жүргізуге болады. 2025 жылдың қазанына дейін Қарағандыда қосымшаны 85 мың адам жүктеп алған, оның 40%-ы – жастар. Әлбетте, «дәстүрлі» қалыптан ұзағысы келмейтін тарап пікірі де толық ескерілген. қағаз декларацияны әуежайдағы терминалдарда немесе кеден қызметкерінің көмегімен толтыруға болады. Бірақ, сандық тұрғыдағы жол таңдағандарға артықшылық көп: кезексіз өту, төлемдердің автоматты есебі, тіпті, «жеке кабинетте» өткен декларациялардың тарихы қаттаулы.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button