Жолдаудың басты лейтмотиві – Қазақстанның цифрлық болашағы мен жасанды интеллектті кеңінен енгізу
Мемлекет басшысының биылғы Жолдауында еліміздің болашағын айқындайтын маңызды бастамалар мен стратегиялық міндеттер жария етілді. Әсіресе, жасанды интеллект пен цифрлық трансформацияға баса назар аударылуы – Қазақстанның жаңа даму бағытының айқын көрсеткіші.

Президент Жолдауындағы ең маңызды және өзекті мәселелердің бірі – заңсыз алынған активтерді мемлекет меншігіне қайтару жөніндегі жұмыстардың нақты нәтижелері. Бас прокуратура жүргізген жүйелі жұмыстың нәтижесінде мемлекет қазынасына 850 миллиард теңгеге жуық қаражат қайтарылды. Бұл қаржының есебінен 10 мектеп пен 4 спорттық нысан салынып, 235 денсаулық сақтау және 177 су инфрақұрылымы нысандарының құрылысы мен жаңғырту жұмыстары жүзеге асырылуда. Бұған қоса, республикалық бюджетке қосымша қаражат түседі деп күтілуде.
Алайда, мен үшін Жолдаудың басты лейтмотиві – Қазақстанның цифрлық болашағы мен жасанды интеллектті кеңінен енгізу мәселесі болды.
Бүгінде еліміз әлемде орын алып жатқан тұрақсыздық жағдайыа қарамастан, жасанды интеллект пен толық цифрландыру дәуіріне батыл қадам жасап отыр. Президент атап өткендей, жасанды интеллект қазірдің өзінде адамдардың ойлау жүйесіне, өмір сүру салтына әсер етуде. Сондықтан, бұл салада артта қалу – тек экономикалық емес, технологиялық тәуелділікке де әкелуі мүмкін.
Осыған орай, Мемлекет басшысы Қазақстанды үш жыл ішінде толыққанды цифрлық мемлекетке айналдыру жөнінде стратегиялық міндет қойды. Бұл мақсатқа жету үшін Үкімет «Digital Qazaqstan» бірыңғай ұлттық тұжырымдамалық құжаты әзірленбек. Онда цифрландыру мен жасанды интеллектке қатысты барлық жобалар мен бастамалар тоғысады.
Цифрлық жаңғыру адами капиталға да жаңа талаптар қояды. Қазір жасанды интеллект пен технологиялық өзгерістер жаһандық еңбек нарығын түбегейлі өзгертуде. Бүгінде ІТ саласымен қатар, барлық салада цифрлық сауатты, жаңа технологияларды меңгерген мамандар қажет. Сондықтан, білім беру жүйесін түбегейлі жаңарту – уақыт талабы.
Президент бастамасымен қолға алынған «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында қазіргі уақытта 217 мектептің 150-і жұмыс істеп тұр. Қалғаны алдағы үш айда пайдалануға берілуі тиіс. Сонымен қатар, Al-Sana бағдарламасы іске қосылды. Бұл бағдарлама 100 мыңға жуық студентті жоғары технологиялық жобаларға тартуға бағытталған. Алайда, жасанды интеллектке бейімделу тек студенттермен шектелмей, оның негіздері мектеп қабырғасынан басталуы қажет. Мұғалімдердің өздері де жаңа технологияларды меңгеруі – басты шарт.
Елордада балаларға арналған даму орталықтарын жеке капитал есебінен салу жобасы сәтті жүзеге асырылуда. Мұндай тәжірибені еліміздің барлық өңіріне тарату қажет. Біздің қоғамдық ұйым да осындай жобаны іске асыруда.
Сонымен қатар, Жолдауда айтылған мына екі бастама мен үшін ерекше мәнге ие.
Атом энергетикасын дамыту. Үлкен ауылында АЭС салу жоспарланып отыр. Бұған қоса, Қытай серіктестерімен және басқа да халықаралық компаниялармен бірлесіп, екі жаңа атом электр станциясын салу көзделуде. Бұл – Қазақстанның энергетикалық тәуелсіздігіне жол ашатын, терең әрі салмақты қадам және энергетиканы саясаттан тыс дамытуға бағытталған нақты стратегияның белгісі.
Коммуналдық инфрақұрылым мен экологияны жаңғырту. Әсіресе, су ресурстарын тиімді пайдалану мен үнемшілдік мәдениетін қалыптастыру аса маңызды. Табиғи байлық мол болғанымен, оны тиімсіз пайдалану оның сарқылуына әкелетіні белгілі. Президенттің бұл бағыттағы ескертпесі – өте орынды. Бұл жерде тек материалдық ресурстар ғана емес, жалпы ұлттық байлықтың қадірін түсіну мәселесі тұр.
Жолдау – әр азаматқа арналған бағдар. Бүгінгі таңда әрқайсымыз осы бастамалардың іске асуына үлес қосуымыз керек. Өйткені, Қазақстанның ертеңі цифрлық, қауіпсіз және әділетті болашаққа ұмтылған бүгінгі қадамдарымызға байланысты екенін ұмытпаған жөн.
Дмитрий ПОЛТАРЕНКО,
Қарағанды облысы Азаматтық альянсының төрағасы,
«Қазақстан азаматтары» ҚБ жетекшісі