Бас тақырып

Цифрлық аутизм: «сатып алған» аурудың емі бар ма?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев: «Аутизмге шалдыққан балалардың біздің қоғамға толықтай бейімделуіне көңіл бөлу аса қажет. Олардың арасында қабілетті балалар көп. Мұндай балаларды қолдауды жалғастыра береміз» деген еді кезекті бір мәлімдемесінде. Статистикалық деректерге сенсек, Қазақстанда аутизмге шалдыққан 12 мыңнан астам бала бар екен. Оларға көмек көрсету үшін психологиялық-педагогикалық түзету кабинеттері, оңалту орталықтары жыл сайын ашылуда. Бүгінде елімізде 208 психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті мен 18 оңалту орталығы жұмыс істейді. Арнайы аутизм орталықтары да бар. Бұдан бөлек, арнайы білім беру саласындағы мемлекеттік қызмет көрсету стандарттары әзірленіп, бекітілгенін де айта кету керек. Бұл ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды психологиялық-медициналық-педагогикалық тексеру және кеңес беру, оңалту, үйде тегін оқытуды ұйымдастыруға мүмкіндік береді. Мемлекеттік қолдау да ауқымды.

Сурет: woman.rambler.ru сайтынан

Алайда, соңғы он жылда әдеттегі аутизмнен бөлек, «цифрлық аутизм» ұғымы қалыптасты. Денсау­лық сақтау саласында ресми диагноз болып қойылмаса да, өскелең ұрпақтың денсаулығы мен өміріне қауіп төндіретін ХХІ ғасырдың дертіне айналып үлгерді.

Әлемде бұл «дерт» жайлы айтылып жүргеніне біраз болды. «Виртуалды аутизм» терминін алғаш рет 2017 жылы румын психологы Мариус Замфир қолданды. Шетелдік маман «5 сағаттан артық телефон қараған баланың бойында аутизмнің белгілері пайда болады» дейді. Психомоторлық даму кешігеді, тіл кеш шығады, мінез-құлық бұзылады. Яғни, ол балалар сөйлей алмайды, ойын жеткізе, тіпті, бала болып қатарларымен ойнай да алмайды. Өзінің виртуалды әлеміне «қамалады».

– Аутизмнің бұл түрі қазір әр үйде бар, – дейді логопед Жанагүл Байкенова. – Үйде қанша адам болса, сонша телефон бар. Әркім өз бетінше, адами қатынас азайған. Бұл – бірінші. Екіншіден, баланың білімге деген ынтасы, жалпы, үлкендерді сыйлау, кішіге қамқорлық таныту азайған сияқты. Себебі, телефонда пайдалы да, пайдасыз да ақпарат бар. Бала оның барлығын екшей алмайды. Қазір балалар ойланудан қалып барады, өздері шешім қабылдай алмайды. Бала ғана емес, үлкендер де.

Логопедтің айтуынша, баламен сөйлесіп, көңіл бөлу керек.

– Телефон адамның жарты жа­нына айналды. Үлкендер бала ты­ныш­талсын деп телефон беріп қоя­ды. Сол арқылы өз баласының бо­лашағына балта шауып жатқанын толық сезінбейді деп ойлаймын. Әйтпесе, бермес еді. Баламен ойнау, далаға шығу, сөйлесу, қызығушылығын арттыру әсіресе, оның кішкентай кезінде маңызды. Себебі, цифрлық аутизм белгілері 1,5 жастан байқалады, – дейді маман.

Бесіктен белі шықпаған балаларға да телефон көрсетіп, музыка қосып қоятынымыз рас. «Телефонды өзі ашып алды» деп мәз боламыз тағы да. Алайда, оның салдары ауыр болуы мүмкін екені ол сәт ойға келмейді.

«Қамқорлық» оңалту орталығының дефектологы Гүлзира Қонақбаева бүгінгі ата-аналар баласына ненің дұрыс, ненің бұрыс екенін түсіндірмейді деп санайды.

– Көптеген ата-ана баласының құлына айналған сияқты. Аузынан шыққанның бәрін орындап, бетінен қақпай өсіруде. Гаджеттерге тыйым болуы керек.

Бала дүниеге келгеннен кейін 3 жасқа дейін ойлауы дамиды, сөйлеуі дамиды. Ол жан-жағын танығысы, сөйлегісі келеді. Бірақ оған жауап беретін тек теледидар мен телефон ғана. Ата-ана көбіне баласы үш жасқа келіп қалғанда «сөйлемейді», «өз бетімен отыра береді», «телефонды алып қойсақ, ашуланады» деп шағымданады. Егер ол осы уақытқа дейін өз бетінше өссе, солай қалыптасады. Оны қалпына келтіру үшін апта емес, айлар кетуі мүмкін. Аутизм дегенді естісе, қорқып, шошиды. Ал, өздері телефон беру арқылы балаларында гаджетке тәуелділікті дамытып жатқанын білмейді, – дейді дефектолог маман.

Расымен, аутизм дегенді естігенде тіксінетініміз рас. Ол – мидың, жүйке жүйесінің бұзылуы. Оның емі әлі шыққан жоқ. Ал, цифрлық аутизм дегеніміз – психологиялық мәселе. Ең жаманы біз оны өзіміз өз еркімізбен сатып алып жатырмыз.

– Адам ақпаратты мимен қабылдайды. Қабылдаудан бөлек, ойлану, ой қорыту деген бар. Ойлану режимі мүлдем бөлек. Адамға ойлану қажет болған кезде оған ақпарат қабылдауды тоқтату керек. Бұл өте маңызды дүние. Жаңа ақпарат қабылдап отырмын, посттарды оқып отырмын, ойланып отырмын дегенімізбен, бұл олай емес. Қабылдау және ойлану кезек-кезегімен жұмыс істеуі тиіс. Бүгінгі таңда ақпарат көп. Бала тұрмақ, ересектердің өзі оның керек, керек емесін бағамдай алмай жатады, – дейді психолог Әсел Әрінқызы.

Сол сияқты тамақ ішіп отыр­ғанда телефон көру де зиян екенін айтады мамандар.

– Баласының қолына планшет, телефон ұс­татып тамақ беретін ата-аналар бар. Бұл – өте қауіпті. Телефон қа­рап отырып тамақ ішкен ба­ланың же­ген тамақтарын ми қа­был­дамайды. Әдет­те адамның миы не жеп отырға­нын, дәмін, қалай жеу керегін ба­­­қылап, ағза­ларға сигнал беріп оты­рады. Ал, бұл жағдайда мидың ақ­па­ратты қабылдау функциясы бұзы­ла­ды. Ми тек план­шет­ке қарап отыру­ды қабылдайды. Кейін бала планшет­сіз тамақ жей ал­май қалады, – дейді психолог.

ХХІ ғасырдың дерті мамандар мен ата-аналарды ғана емес, депутаттарды да алаңдатады. Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп бір-екі жыл бұрын «цифрлық аутизм» мәселесін көтерген болатын. Онда сенатор жаңа «дерттің» белгілері біздің қоғамда байқала бастағанын атайды.

– Жеті атасын жатқа білетін ұр­пақ орнына жеті ауыз сөзді әзер айтатын толқын пайда болды. Скринэйджер, зуммер, немесе Z-ұр­пақ – өз өмірін электронды құрыл­ғысыз елестете алмайтын жаңа буын. Қазіргі таңда логоневроз ауруы мен Турет синдромы күшейе бастады. Тұтас ұлт пен ұрпақ үлкен қауіп алдында тұр. Ата-аналардың 65 пайызы балаларына 3-5 жастан гаджет ұстатады. Бір сөзбен айтқанда, қолына «смартфон ұстап туған» буын өмірге келді, – деді сол кезде депутат.

Телефонға түбегейлі тыйым салу мүмкін емесі бәріне аян.

Психолог Әсел Әрінқызының айтуынша, цифрлық аутизмнің алдын алудың бірден-бір жолы – 2-3 жасқа дейін гаджеттерді тежеу.

– Мүлдем көрсетпеу керек, – дейді ол. – Телефонды алып қойыңызшы, не істер екен? Айғай-шу, ашулану, ызалану, жан-жағындағы заттарды лақтыру сияқты әрекеттерді жасауы мүмкін. Бұл – гаджетке тәуелділік, цифрлық аутизмнің айқын белгілері. Бүгінде барлық мектепте үйірмелер бар. Соларға орналастыру керек. Телефоннан мүлдем бас тарта алмайтынымыз анық. Дегенмен, шектеу болуы міндетті.

Америкалық педиатрия академиясы баланы екі жасына дейін гаджеттен аулақ ұстауға кеңес береді, ересек балаларға күніне 2 сағат жеткілікті дейді ол жақтағы мамандар.

Биыл жыл басында Сенат депутаттары білім беру, тәлімгерлік және балалардың қауіпсіздігі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заңды мақұлдады. Енді оқу процесінде ұялы телефондарды пайдалануға шек қойылды. Дегенмен мәселенің отбасынан бастау алатынын аңғару қиын емес. Цифрлық аутизмнен сақтану әр отбасында, ата-ана жауапкершілігінде жатыр.

Мамандардың айтуынша, ата- ананың баламен өткізген уақытының ұзақтығынан бұрын, сапасы маңызды. Әр ата-ана баласына күнделікті сапалы бір сағатын арнаса жеткілікті екен. Сапалы дегеніміз – басқа шаруаны ысырып қойып, баланың жанында отыру, сұрағына жауап беру, бар махаббаты мен мейірімін арнау.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button