Цифрлы қала – «Ақылды қала»
Төрткүл дүние қазір ақпараттық жүйеге жіпсіз байланған. Сандық технология – төртінші индустриалдық революцияның ошағына айналды. Ақпараттық сандық технологиясыз алға басу мүмкін емес қазіргі уақытта. Қазақстан адами капиталды арттыруға мүдделі. Яғни, дәл бүгінгі еліміздің ақпараттық технология индустриясындағы бос кеңістікті ел ішіндегі ІТ компаниялар толтыруы тиіс. Елді цифрландыру ісінде қоғам ең әуелі өзіміздің жаңашыл идеяларға жүгінуі керек. Ақпараттық жүйе жобаларын жасаушыларға қолдау көрсетіп, олардың дамуына мемлекет ықпалдасуы қажет. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Үкімет алдында цифрландыруға қатысты қойып отырған міндеті – осы.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қарағандыға өткен жұма күні жұмыс сапарымен келген Премьер-министрдің орынбасары, Асқар Жұмағалиев аймақтың цифрландырылуы ісіне ден қойды. Бұл бағыттағы атқарылған шаруа мен кезегін күткен проблемаларға мән берді. Вице-премьердің сапарынан ұққанымыз – Қарағанды аймағында, соның ішінде, денсаулық сақтау саласында еліміз бойынша алғашқы болып, облыстық кардиологиялық орталықта һәм аймақтың жедел жәрдем стансасында автоматты дистанционды ақпараттық жүйе іске қосылған. Бұл жүйенің ғажаптығы сонда – берісі жүздеген, әрісі мыңдаған шақырымдағы аудандардағы ахуалды онлайн тәртіпте бақылайды.
Мәселен, облыстық кардиологиялық орталықтағы жүйе жүрегі ауырған науқастың жедел жәрдем шақырғанынан бастап, жедел жәрдемнің науқасқа жедел түрде қандай көмек көрсеткені, не дәрі-дәрмек қолданғаны, одан соң қандай ауруханаға жеткізіліп, ондағы мамандардың нендей әрекет еткені, бүгінде жағдайы қаншалықты екеніне дейін экранға шығарып, алақанға салып береді. Тіпті, бұған дейін ол науқас жүрегіне шағымданып, емханаға қаралған-қаралмағанын да жүйе жеткізіп беретін ақылды екен.
Кардиологиялық орталықтың жағдаяттық орталығының ұйымдастыру және әдістемелік жұмыс бойынша менеджері Нәзира Базарова жүйенің қыр-сырына тоқталды. Ел ішіндегі қанатқақты жүйе – отандастарымыздың өнімі.
Нәзира БАЗАРОВА, облыстық кардиологиялық орталық жағдаяттық орталығының ұйымдастыру және әдістемелік жұмыс бойынша менеджері:
АДИС-КZ – ақпараттық жүйесі барлық жағдайды көруге мүмкіндік береді. Бұл – еліміздегі қанатқақты жоба Қарағанды облысында бірінші қолданылып отыр. Біздің жүйе арқылы серверге түскен барлық құжаттарды көруге мүмкіндігіміз бар.
Жүйе емханаларда 2014 жылы, стационарларда 2016 жылы іске қосылған. Ақылды сервер арқылы облыстағы барлық емхана, ауруханалардан хабар алынады. Содан соң соған қарай әрекет жасалады.
Мамандардыӊ мәліметінше, Қарағанды облысында қан айналымы жүйесі ауруларымен 120 мыӊнан астам адам есепте тұр. Соныӊ ішінде, 60 мыӊға жуығында артериалды гипертензия, 30 мыӊға жуығында – жүрек-қан тамыры сыр берген. Облыстық кардиохирургиялық орталықта жыл сайын жүрекке ашық 500-ден аса ота жасалады және 6000 астам инвазивті хирургиялық емдеу әдісі қолданылады екен. Ал, оның барлығының тарихы осы жүйеде тайға таңба басқандай жазылып тұрады. Жүйе – жылдам, дереу әрекет етуге бірден-бір мүмкіндік.
Облыстық жедел жәрдем стансасында да осындай жүйе. Станса басшысы Қанат Асқаровтың мәлімдеуінше, жүйе арқылы жедел жәрдемнің жеделдігі артқан. Бұрын жедел жәрдем шақыртуға 40 минут шамасында жетсе, енді көбі – 30, азы – 15 минутта науқастың қасынан табылады дейді. Жеделдік қазір – 92 пайыз. Бұрынғы көрсеткіш бұдан едәуір төмен. Оған қоса, үнем де бар. Станса басшысының айтуынша, былтырғы жылы үнем – 22 пайызды құраған. Соның нәтижесінде, 15 млн.теңге үнемделген.
Қанат АСҚАРОВ, облыстық жедел жәрдем стансасы басшысы:
– Жүйе 100 пайыз ақпараттық материалмен қамтамасыз етеді. Бақылау барлық деңгейде жүзеге асады. Соның нәтижесінде электронды карта қалыптасады. Сонымен қатар, басқару жеделдігін қамтамасыз етіп, жұмысымызды жеделдетті.
Облыста 75 жедел жәрдем бригадасы болса, Қарағандының басында 42 бригада науқастарға көмекке барады екен. Жедел жәрдемге күніне түсетін шақырту орташа есеппен 600 көлемінде. Бұл шақыртуларға 11 диспетчер қызмет көрсетеді. Түскен деректер, мәліметтер архивтеледі, тарих жасалады. Келіп түскен ақпараттар бір жыл бойы және сақталады.
Премьердің орынбасары арнайы барып, танысқан №3 қалалық емханада цифрландырудан құр қалмаған. Вице-премьерге емхана басшысы Сәния Боранқұлова емханада іске асырған цифрлық технологиялар хақында әңгімеледі. Емхананың кіре берісінде электронды-навигатор бар. Биыл ғана іске қосылған, Барселона тәжірибесіне негізделіпті. Келушілерге ыңғайлы болуы үшін бағыттама береді. Кімге және қандай бөлмеге баруын осы бағыттама нұсқайды.
Емхана шартты түрде 5 секцияға бөлінген. Басқару панелі арқылы іздеген дәрігерін, я бөлмесін адаспай таба алады. Мәселен, науқас зертхана талдауын тапсыруға, немесе алуға келсе, навигатор жол нұсқаушы. Ал, емханаға шамамен күніне 200 адам зертхана талдауын тапсырып, алуға келеді екен. Сонымен қатар, электронды кезек те жолға қойылған. Емхананың бас дәрігерінің айтуынша, емхана тіркеуінде 14 мың науқас болса, оның 85 пайызы электронды денсаулық картасына ендігі көшірілген. Қазіргі таңда емханада тіркеу бөлімі жоқ. Өйткені, барлығы науқастың жеке кабинеті арқылы жүзеге асады. Дәрігерді үйге шақыруға жазылуды электронды іске асыруға мүмкіндік бар. Онда қанша бос орын және нешеуі бос еместігі секілді қажетті ақпараттар көрсетіледі. Терминал арқылы номерін алып, дәрігерін, кезегін күтеді. Сонымен қатар, кез келген жерде орналасқан 24 касса терминалы арқылы дәрігерге жазылуды да жүзеге асыра аласыз. Бүгінгі таңда жүйені тұрғындардың үштен бірі қолданатын көрінеді.
Мұнда да «DamuMed» арнайы мобильді қосымшасы белсенді іске қосылған. Қосымшаны AppStore немесе PlayMarket арқылы смартфоныңызға көшіріп алуға болады. Ол дәрігердің қабылдауына жазылуға, зертханалық талдауларға қадағалау жасауға, «SOS» батырмасын басу арқылы шұғыл көмек шақыруға мүмкіндік береді. Мұның барлығын өз атыңыздан ғана емес, балалардың немесе егде жастағы ата-анаңыздың атынан да жолдауға болады.
Вице-премьер арнайы бұрылған төртінші нысан – облыстық денсаулық сақтау басқармасының «Жағдаяттық орталығы». Орталықтың штаттағы бес қызметкері Қарағанды облысының медицина мекемелері мен дәрігерлердің жұмысына қадағалау жүргізіп, ақпаратты өңдеумен айналысады. Кешенді медициналық ақпараттық жүйе «Даму» ақпараттық технологиялар орталығында әзірленген. Бүгінде Қарағанды облысының ауруханалары мен емханаларында қолданыста. Жоғарыда атап өткеніміздей, бұл жүйе де барлық денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын автоматтандыруға мүмкіндік береді. Атап айтқанда, емделушілердің электронды картасы жүргізіліп, дәрі-дәрмек жазбалары, зертхана нәтижелері электронды түрде беріледі.
Бұдан соң Қарағанды мемлекеттік политехникалық университетінің қабырғасында ұйымдастырылған механотроника бойынша жобалар көрмесін тамашалады. Онда аймақтағы түрлі саланы қамтыған тың жобалар назарға ұсынылды. Көрмеге қатысушылар қатары мектеп оқушыларынан басталады. Көрме барысында вице-премьер Шахтинск қаласы білім бөлімінің балабақшаға кезектің электронды енгізу жобасымен танысты. Шахтинск қаласында қанатқақты жоба ретінде заманауи ақпаратты технологияларды енгізу бойынша жұмыстар қолға алынған. Соның бір дәлелі – осы жоба. Жоба арқылы мектепке дейінгі балалар мекемесіне балдырғандарды кезекке электронды қою іске асырылады. Сондай-ақ, көрмеде «Мұрагер», Нұрмақов атындағы мектеп оқушыларының, колледж студенттерінің де жұмыстары назарға ұсынылды. Сол арада Асқар Жұмағалиев ҚарМТУ-дің оқыту орталықтарының жұмысын да бақылады.
Қарағанды облысын цифрландыруға қатысты кеңесте аймақтың сандық технологияны меңгеруі талқыға түсті. Қарағандыны «ақылды» қалаға айналдырудың алғышарттары мен келешегі туралы облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров мәлімдеді. Орынбасар уақыт талабына сай облыста цифрлық технология бойынша өндірістерде енгізілетін көлемнің алдағы уақытта өсетінін айтады.
Әлеуметтік-тұрмыстық сипаттағы сегментке толығырақ тоқталған орынбасар қазір ақылды қала элементтері өңірде бар екендігін жеткізді. Ол білім, денсаулық, көлік секілді әлеуметтік салаларда көрініс тапқан.
Ақылды қала жүйесін қаржыландыру моделі ретінде бірыңғай үйлестіру орталығы құрылмақ. Оның атауы әзірге шартты түрде екен. Оның міндеті – алғашқы жобалау, жедел әрекет ету, автоматтандыру, жағдайды бақылау. Бұл – интеллектуалдық базалық саll-орталық болады. Онда тұрғындардың барлық өтініш-тілектері қабылданатын алаң құрылады. Сол арқылы жеке-дара әрекет еткен қызметтер интергацияланбақ. Ал, әлемдік астаналардың тәжірибесін зерттеу – ақылды қалада қауіпсіз қала элементтерін енгізуден бастағаны мәлім болған. Яғни, бейнебақылау камераларын көптеп орнату. Сондықтан, жергілікті билік мұндай элементтерді әуелі Қарағанды, Теміртау секілді ірі қалалардан бастап енгізуді жоспарлауда екен. Бұған бизнес қауымдастықты тарту көзделуде.
Сонымен қатар, кеңесте бірыңғай әлеуметтік карта жобасы таныстырылды. Қарағандыға бірыңғай әлеуметтік төлем картасын ұсынушы компания «Смарт ЖКХ». Компания карта арқылы барлық қызметті төлеу мүмкіндігін ұсынады. Бұл – қазақстандық бағдарламашылардың өнімі. Олар ұсынған карта – кешенді. Яғни, коммуналдық төлемнен бастап, қоғамдық жолақы төлеуге дейінгі төлемдерді іске асыратын ақылды карта. Бұл картаны мобильдік қосымша арқылы бақылауға болады. Картамен айлық, зейнетақы алуға және рұқсат. Компания жетекшілерінің айтуынша, банктермен келісімдер жүргізілуде. Жалпы, бір сөзбен айтқанда – бұл әлеуметтік төлем картасы тұрғындар үшін ыңғайлы болмақ. Кеңесте онлайн сауда жүйесі де қарастырылды. Кеңесті қорытындылаған вице-премьер ұсыныс білдірген қарағандылық жоба жетекшілерімен бірлесе отырып, мәселені талқылауға әзір екендігін жеткізді. Кеңес барысында күн тәртібіне шығарылған мәселелер алдағы уақытта кеңінен әлі де қаралмақ. Өйткені, уақыт – цифрлы қала – ақылды қала екенін көрсетіп отыр.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
Суреттерді түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.