Цифрландыру жемқорлықтың жолын кеседі
Қоғамдағы әділдік пен ашықтықты қамтамасыз етудің ең тиімді жолдарының бірі – цифрландыру. Қазақстан Республикасында енгізіліп жатқан электронды жүйелер парақорлыққа тосқауыл қойып, мемлекеттік басқарудың жаңа мәдениетін қалыптастыруда. Кеңірек тоқталалық.

Жең ұшынан жалғасқан жемқорлыққа қарсы кідіріссіз күрес – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдығы. Ел Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты Жолдауында және «2026 жылды Цифрландыру және жасанды интеллект жылы деп жариялау» туралы Жолдауында цифрландыруды жаппай енгізу арқылы мемлекеттік басқаруды ашық әрі тиімді ету міндеті қойылғаны баршаға аян.
– Қоғамда осы қағиданы түбегейлі орнықтыру үшін барлық құзырлы органдар арасында ортақ көзқарас пен ортақ ұстаным болуға тиіс. Бұл – ең алдымен, ешқандай құқық бұзушылыққа жол бермеу қағидасы, яғни, кез келген заңсыздыққа қарсы тұру деген ұстаным, – деп, баса белгіледі Мемлекет басшысы.
Осы орайда «Digital Qazaqstan» жобасының аясында мемлекеттік қызметтерді электрондық форматқа көшіру, бюджет қаражатын сандық технология жолымен бақылау әрі адами фактордың араласуын мейлінше кеміте түсу – жемқорлық тәуекелдерін төмендетудің нақты жолы.
Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес облыста сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мәселесі үнемі назардан қалмай келеді. Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев түрлі келелі басқосуларда цифрландырудың маңызын айрықша атап өтіп келеді.
– Бүгінде ақпараттық технологиялар мен цифрландыру процестері шешім қабылдауда адами фактордың әсерін барынша азайтуға және сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алуға теңдессіз мүмкіндік береді. Өңірде осы тұрғыдағы ілкімді істер жалғасын тауып қана қоймай, ең орайлы әдіспен іске асырылғаны терең мәнге ие, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Иә, облыс әкімінің парасатты пікірі әсте кездейсоқ емес. Байыптай отырсақ, Қазақстанда мемлекеттік қызметтердің 80%-дан астамы электрондық форматқа көшірілгелі қашан. Әсіресе, eGov платформасы, «eQyzmet» жүйесі және QR-төлем арқылы қызмет алу кезіндегі тынымсыз кезек пен орайлы кезде пара беру, пара алу сынды қатердің ықтималдығы осы күнде нөлге жуықтайды. Ең қызықтысы, цифрлық теңге арқылы бюджеттік қаражаттың қозғалысын нақты уақыт режимінде бақылауға болады. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бұл технология құрылыс саласында да сынақтан өткізіліп, қаражаттың мақсатты жұмсалуын қамтамасыз ететін қауқарға ие болды.
Қарағанды облысында мұның аясында нақты істер бар. Мәселен, ауыл шаруашылығы жерлерін цифрландыру – жемқорлыққа қарсы тағы бір тиімді қадам. Облыста егістіктер мен көпжылдық екпелердің электрондық карталары толық жасалған. Ал, қалған ауыл шаруашылық алқаптары да 100% цифрландырылады. Бұл веб-портал арқылы бос жер телімдерін ашық орналастыруға, субсидияларды әділ бөлуге де, жерді заңсыз пайдалануды болдырмауға сөзсіз септеседі. Түп нәтижесінде фермерлер қауымы мемлекеттік қолдауды ашық негізде ала алады. Есесіне жемқорлық тәуекелі айтарлықтай төмендейді.
Сонымен қатар, аймақта «Antikor Ortalygy» атты онлайн орталығы жұмыс істейді. Президенттің «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында ашылған бұл орталық заманауи техникамен жабдықталған, мүмкіндігі шектеулі азаматтарға да қолайлы. Мұнда жемқорлық жайттары туралы арыздарды жылдам қабылдап, цифрлық платформа арқылы бақылайды. Бұл – азаматтардың тікелей қатысуымен жемқорлыққа қарсы күресінің нақты үлгісі.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің өкілдері де цифрландырудың тиімділігін растайды. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын қашықтықтан мониторинг арқылы 614 азаматтың құқығы қалпына келтірілген. Цифрландырудың арқасында қызмет көрсету уақыты қысқарып, шағымдар едәуір азайған.
Цифрландыру шынымен жемқорлықты азайтудың тиімді жолы. Себебі, ол қызмет көрсету процесіне адами фактордың қатысуын минимум шегіне түсіреді. Шешімдер автоматтандырылады, барлық үдеріс ашық негізде іске асады. Бүгінде халықаралық тәжірибе (Эстония, Сингапур) көрсеткендей, электрондық үкімет енгізілген елдерде жемқорлық деңгейі күрт төмендейді. Қазақстанда да «Цифрлық Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы арқылы барлық сатып алулардың (Goszakup) 90%-ы онлайн өтеді де жемқорлық атаулысының жолын кеседі.
Дегенмен, Президенттің өзі ескерткендей, цифрландыру «хаосқа» айналмауы керек. Сондықтан, биылғы жылғы тапсырмалар шегінде бірыңғай цифрлық платформа құру, жасанды интеллектіні енгізу – мызғымайтын міндетті шарт. Қарағандыда да цифрлық теңге мен жер карталарының жобалары – басым бағыт. Егер осындай жетелі жұмыстар жүйелі негізде жалғаса түскен болса, жемқорлықты тек кемітіп қана қоймай, «адалдық алаңын» кеңейте беретіні рас.
Сайып келгенде, цифрландыру – жемқорлыққа қарсы күрестің технологиялық қаруы. Мемлекет басышысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың атаулы бағыттағы тапсырмалары Қарағанды облысында нақты іске асып жатыр. Бұл – болашақ жолы. Халық цифрлық қызметтерді белсенді пайдаланса, жемқорлықтың өзі «цифрлық өлімге» ұшырайды.
– Халықаралық бағалаулар да еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің әлі де жүйелі әрі терең реформаларды қажет ететінін көрсетіп отыр. Transparency International ұйымының 2025 жылғы сыбайлас жемқорлықты қабылдау индексінде Қазақстан 100 мүмкін балдың 38-ін жинап, 182 елдің ішінде 96-орынға тұрақтады. Бұл – алдыңғы жылмен салыстырғанда екі балға төмен көрсеткіш. Демек, 50 балдан төмен нәтиже мемлекеттегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің әлі де жоғары екенін аңғартады. Рейтингте Дания, Финляндия және Сингапур секілді елдер көш бастап тұрса, Қазақстан аймақ елдерінің ішінде салыстырмалы түрде жоғарырақ орын алғанымен, ашықтық пен есептілік мәселесі күн тәртібінен түспей отыр. Осы үстеме дәйектің өзі-ақ цифрландыру мен мемлекеттік басқарудың ашықтығын арттыру бағытындағы бастамалардың тек уақыт талабы ғана емес, сонымен қатар, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болудың маңызды шарты екенін айқын көрсетеді. Өңірімізде табысты жүзеге асып жатқан жерді цифрландыру, цифрлық теңге сияқты соны жобалар – өңірлік деңгейде реформалардың нақты нәтижесін көрсететін бір шынайы мысал. Егер бұл тәжірибе жүйелі түрде кеңейтілсе, Қазақстан тәуелсіз мемлекеттер достастығы кеңістігінде цифрлық басқару арқылы жемқорлықты азайтудың табысты моделін қалыптастыра алады, – деп түйіндейді ойын тәуелсіз сарапшы, қоғамтанушы Айдос Сарсембаев.
Бақсақ, цифрландыру – қоғам санасын жаңғыртып, мемлекеттік басқаруға жаңа мәдениет әкелетін өркениеттік қадам екен. Сандаған сандық жүйелердің дамуы – әділдікке бастар даңғыл жол, ашықтыққа апарар айқын бағдар. Ұлт болашағына бағытталған ұзақмерзімді стратегия. Әрбір енгізілген электронды қызмет, әрбір ашық платформа – жемқорлыққа қойылған тағы бір тосын тосқауыл. Цифрландыру – болашақтың тілі. Осы тілде қалыпты қарым-қатынас орната білу әрбірімізге әлеует сыйлары тағы да шүбәсіз шындық.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»



