Цифрландыру қарқыны артты
Цифрландыру ел экономикасын дамыту мен халықтың тұрмыс сапасын жақсартуға арналған үдеріс. Қоғам үшін өзекті болып отырған тетікті іске асыруда кенді аймақ көшбасшылар үштігінің қатарында.
Кешенді бастамалар қарқынды жүзеге асуда. Әрі өзінің тиімділігін көрсетіп, еңбек өнімділігін арттыруға зор ықпалын тигізуде. Ағымдағы жылы да бірқатар электронды қызметтер қолжетімді болады. Аймақтағы ІТ саланың дамуы туралы ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рустам Байжанов баяндап берген болатын.
Цифрландырудың жетістігі геоақпараттық порталда жер учаскесін беру үрдісі ашық бола бастады. Порталда жер учаскесін белгілеу және өзгерту, жоспарлауды жүзеге асырумен қатар, инженерлік желілер картасы туралы да мағлұматтар алуға болады. Тиімдісі заңды және жеке тұлғалар бос жерлер туралы мәліметтер ала алады. Порталда бәрі ЭЦҚ арқылы жүзеге асады. Яғни деректердің қауіпсіздігі сақталған. Алдағы уақытта қосымша ақпараттармен толықтырылмақ.
«Қауіпсіз қала» жобасыда цифрландырудың көрсеткіші. Нәтижесінде Қарағанды, Теміртау, Саран, Осакаровка кенттерінде 2812 бейнебақылау камерасы және 50 жол жүру ережесін бұзушылықтарды тіркеу камерасы орнатылды. Сонымен қатар, Балқаш, Шахтинск, Абай және Теміртауда жеке бейнебақылау жүйелері болды. Жалпы платформаға 700-ге жуық камера қайта қосылды. Алдағы жылдары 1000-нан астам көше бейнекамералары мен 100 жол қозғалысы қауіпсіздігі кешенін орнату жоспарлануда. Полицияның мәліметінше, «Қауіпсіз қала» жобасының арқасында жол-көлік оқиғаларының саны 12,7%-ға азайды.
Мемлекеттік құрылымдар мен коммуналдық қызметтердің жұмысына шағымдану, құрылыс, медицина, білім беру және басқа да бағыттар бойынша сұрақ қою үшін бүкіл Қарағанды облысының тұрғындары Senim109 Бірыңғай үйлестіру орталығына қоңырау шалады. Жұмыс барысында қызметке 470 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Өткен жылдың өзінде 90 мыңнан астам өтініш келіп түскен. Тұрғындардың басым көпшілігі қар тазалау, аула аумақтарын абаттандыру мен жол қозғалысын ұйымдастыру мәселелерімен хабарласады.
Цифрландыруда интернеттің маңызы зор. Өткен жылы аймақтағы 39 елді мекенде интернет желісі жаңғыртылды. Ақтоғай ауданының Нарманбет, Қошқар, Ақжарық, Қарқаралы ауданының Көктас ауылдарының тұрғындарында ұялы байланыс сапасына қатысты проблемалар болған, кейіннен оларда төртінші буын кең жолақты интернет қосылды. Алайда, 14 мыңға жуық адам тұратын 100-ден астам елді мекен әлі де байланыссыз қалып отыр. Алдағы екі жылда интернетті 250 адамнан аз халқы бар 27 ауылға өткізу жоспарлануда.
– Бір жыл ішінде үш мыңнан астам қарағандылықтар «Террикон алқабы» өңірлік ІТ-хабы ұйымдастырған IT және Digital салаларының өкілдері үшін 150 іс-шараға қатысты. Стартаперлерге арналған инкубатор және бизнесі бар адамдарға арналған акселерация жүйелері бойынша оқыту жалғасуда. Хабта Mining day технологиялық марафоны өтті. Ол 40-тан астам IT-компаниялардың өкілдерін жинады. Жеңімпаздар өнеркәсіптік кәсіпорындармен жұмыс істеуге келісімшарттар алды. Биыл біз ерте кезеңдегі жобаларға инвестиция салу, хаб пен мектеп кеңістігін кеңейту үшін венчурлық қор құруды жоспарлап отырмыз. Танымал бағыттар бойынша курстарды бастау үшін R&D-орталығы мен подкаст студиясын ашқымыз келеді, – деп жоспарларымен бөлісті ақпараттандыру, мемлекеттік қызметтер көрсету және мұрағаттар басқармасының басшысы Рустам Байжанов.
Сағыныш ӘБІЛ.