Трилогия: Тартысты өткелі тұр

Әлем көп күткен трилогия. Жерлесіміз Геннадий ГОЛОВКИН мен Сауль Альварестің кездесуін айтамыз. Біз өз кезегімізде «сары қазаққа» тілеуқор екеніміз анық. Бұйырса, 17 қыркүйек күні Лас-Вегастағы T-Mobile Arena-ға әлем көз тікпек.

Екі мықтының алдыңғы кездесулері де аталған аренада өткен болатын. Бірінші жекпе-жек тең нәтижемен аяқталса, екінші айқас төрешілердің шешімімен «Канелоның» еншісіне бұйырған. Енді, осы сайыста кімнің бабы келісіп, бағы жанса, бокс тарихында есімі алтын әріппен жазылары сөзсіз. Иә, былай да тарихта қалып тұр деп ойлауымыз мүмкін. Дегенмен, үшінші кездесуде екеуі де бар ерік-жігерін көрсетіп, жұдырықтасса, трилогия тарихында қалатыны анық. Біздің айтқымыз келіп отырғаны – осы.
Күні кеше қос боксшының жекпе-жегі алдындағы баспасөз мәжілісі өтті. Онда «Канело» жерлесімізге қарата ауыр сөздер айтты
«Ол өзінше жағымды көрінгісі келеді. Бірақ екіжүзді, сондай адам. Оның мен туралы басқа жерлерде жаман нәрселер айтып жүргенін білемін. Оның мансабының күл-талқанын шығарамын. Оған кәміл сенімдімін. Менің ойымша, оны нокаутпен жеңемін», – дейді мексикалық боксшы.
Біздің «сары қазақ» «Канелоның» бұл өрескел қылығына сабырлылық танытты. Алайда, қарсыласының сөзіне аң-таң болып тұрғанын да жасырмады.
«Канелоның мұндай мінезін түсіне алмай отырмын. Біз екі рет жұдырықтастық. Екі кездесуден кейін де бір-біріміздің қолымызды алып, құшақтастық. Оның артынан жамандаған емеспін», – дейді Гена.
Бұл жолғы көз арбасулары жекпе-жектің сойқан болатынын сездіргендей ме? Бокс кешіне билеттер сатылымға шығады. Мексикалық En el Ring бокс порталының мәлімдеуінше, билет бағасы 305 доллардан басталады.
Билет бағасы әлі ресми болмаса да, бірнеше дереккөз «Канело Альварес пен Геннадий Головкин» жекпе-жегінің ең қымбат билеті шамамен 15 мың долларды (7 миллион теңгені) құрайтынын айтуда.

Қысқасы, біздің байқауымызша трилогия тартысты өткелі тұр. Бірақ, бокс сарапшыларының пікірінше, Головкин басым түсетін сияқты. Мәселен, жеңіл салмақта ең мықты проспектердің бірі, америкалық Райан Гарсия GGG-дің жеңетініне сенім білдірді. Мұның алдында Гарсия бапкер Эдди Рейносодан кетіп қалған болатын. Өйткені, маман бар назарын тек «Канелоға» салады екен. Біз Райанның айтқаны келіп, жерлесіміздің айы оңынан тусын дейміз.

Қасымхан ҒАЛЫМ.