Бас тақырыпБасты тақырып

Қарағанды облысында 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады

Аймақ экономикасы тұрақты өсім көрсетіп, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауларында белгіленген міндеттердің уақытылы әрі сапалы орындалуын қамтамасыз етуде қамшы салдырмай қара үзіп келеді. Әсіресе, облыс өңдеуші өнеркәсіп көлемі бойынша өңірлер арасында алғы шептен лайықты орнын алды. Мәселен, өткен жылы 3 трлн теңгеден астам өнім өндіріліп, жалпы өңірлік өнімнің 35%-ын құрады. Облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденейдің БАҚ өкілдерімен өткен брифингінде өңірдің өнеркәсіп әлеуеті назарға ұсынылды.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Өңдеу өнеркәсібінің өрісі

Өңірде елдегі кокстелетін көмірдің барлығы, энергетикалық көмірдің үштен бірі, түрлі-түсті және бағалы металдардың елеулі бөлігі әрі жалпақ илемнің 100%-ы өндіріледі. Бұны – өңір мен тұтастай елдің өнеркәсіптік қуатының негізіне баласақ, әсте жаңылыспаймыз.

– Бизнес өсімі мен инвестиция тартуға, экономиканың түрлі салаларын дамытуға жағдай тиісінше жасалу үстінде. Соның нәтижесінде облыс ел экономикасының дамуына айтарлықтай салым қосып, жалпы ішкі өнім көлемі бойынша төртінші орынды иеленіп отыр. Өткен жылы экономикалық өсім қарқыны 8,8%-ға жетіп, осындай оң динамика сақталып келеді. Мұның барлығы – мемлекет пен бизнес тараптарының бірлескен жемісті жұмысының нәтижесі, – деді Әлібек Үсенұлы.

Қуанарлық жайттар бар. Экономикалық өсім деңгейі тікелей инвестициялық белсенділікке байланысты. Мемлекеттік қолдаудың арқасында 2024 жылы негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі өткен жылмен салыстырғанда 64%-ға өсіп, шамамен 1,5 трлн теңгені құраған еді. Биыл болса, 1,5 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделген-тін. Оның ішінде 723 млрд теңге өнеркәсіп саласына бағытталмақ.

Сайып келгенде, қазіргі дүмпулі дәурен – күні кешегі асқаралы арманның жемісі. Жетістігі де – шүмектеп аққан маңдай тер, қол еңбегімен келген халқымыздың ерік-жігерінің көрінісі. Өңдеу өнеркәсібінің өркендеуі – әлдеқашан жасала салған әлдебір құрғақ сан мен пайыздың, инвестицияның жалқы есебі емес. Ел намысы, жұрт тілегі, ұрпақтың болашағы үшін тынбай соғатын жүректер лүпіліндей. Әсілі, өркениет темір мен оттың тіл табысқан сәтінен басталмақ. Әзелде де солай болған еді. Ендеше, бүгінгі өнеркәсіп өрісі сол өркениеттің парықты парағы. Сол сырлы сандар тасасында тұрған шындықты да көре білейік. Ол шындық – зауытта түнімен тер төккен жұмысшының маңдай тері. Бұл – инвестиция тартам деп талмай шапқылаған басшының жанкешті еңбегі! Осынау өркенді жолда тек үкімет емес, мұқым халықтың қайраты, сенімі, ісі қатар тоғысты. Сондықтан да, бұл жеңіс – бәріміздің ортақ жемісіміз.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жұмысшы жылындағы жетістік

Тайманбас талаптың тегеуріні болар, аймақта жалпы құны 3,6 трлн теңге болатын 120 инвестициялық жоба әзірленіп, оның аясында 12 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. 67 жоба өнеркәсіп пен өңдеу секторына тиесілі. Келер жылы 29 инвестициялық жоба іске қосылса, мұның 15-і өнеркәсіп пен өңдеу саласына тиесілі. Дәйектей отырсақ, тек биылдың өзінде ғана ыстық мырыштау зауыты мен «Silk Road Electronics» шеңберінде «Samsung» теледидарлары мен кір жуғыш машиналарын шығару желісі өндірістері қолданысқа сәтімен тапсырылды. Жыл соңына дейін тағы да бірнеше нысан іске қосылады. Санамалайық, «Тэмпо Казахстан» атты болаттан тік жікті құбырлар өндірісі, «Силумин оф Казахстан» дейтін алюминий радиаторларының жаңа легі, «Qaragandy Power Silicon» – кремнийлі қорытпалар ісі, «Гиперборея» атты қуаты 150 МВт жел электр станциясы кезек күтіп тұр.

2030 жылға дейін жаңа жобаларды дамытуға қажетті база дайындалып жатыр. Аймақ өнеркәсіп пен инфрақұрылымдық жобаларды қатар дамытуды көздеп отыр. Әл-әзір келесідей өндірістер іске асырылуда. «Saran Machinery» – HOWO жүк көліктерін шығару, «Karaganda Insolation» жылу оқшаулағыш материалдар өндірісі, «KazClinker» – клинкер плиткасы өндірісі. Және де америкалық «IG Global» және түріктің «Yildirim» компаниялары сирек және бағалы металдарды барлау жұмыстарын жүргізуде. «Құйрықтыкөл» кен орнында барлау амалдары аяқталып, болжамды қоры 28,2 млн тонна сирек металл деп бағаланды. Алтын, мыс пен вольфрамның жаңа басымдықты кен орындары анықталды.

«Сарыарқа» арнайы экономикалық аймағы да бүгінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді. Мұнда жалпы көлемі 211 миллиард теңге инвестиция тартылды. Өндіріс орындары 258 миллиард теңгенің өнімін шығарып та үлгерді. Соның нәтижесінде мемлекет қазынасына 26 миллиард теңге салық түсті. Ал, аймақта 1300 тұрақты жұмыс орны ашылды. Мұнда 24 қатысушы тарап тіркелген, оның ішінде 11 жоба іске қосылып, 13-і жүзеге асырылу үстінде. «Saran» индустриалды аймағында 12 қатысушы жалпы сомасы 472 млрд теңге инвестиция сарп еткен. Бұл – 4,6 мың жаңа жұмыс орны. Қосымша құны 14 млрд теңге болатын үш шағын индустриалды аймақ салынып жатыр. Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін облыста арнайы теңгерімді тетік қалыптасқан. Облыс әкімі төрағалық ететін инвестициялық штаб жұмысы да кідірмейді. Әрбір жобаға жауапты маман бекітіледі. Инвесторларға қызмет көрсету орталығы «бір терезе» қағидаты бойынша құрылысқа рұқсат беру, визалық қолдау, инвестициялық келісімшарттар рәсімдеу бойынша толық көмек көрсетеді.

Қош, Мемлекет басшысы жариялаған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» көзімізге көзайым болар бірқатар игі жайттарды көрсетіп берді. Жетелі жетістікті алғы күндерге орайлы ұластыра түсу үшін облыс индустрияландырумен қаз-қатар ғылым мен инновацияны дамытуға да ерекше көңіл бөлуде. Бүгінде инновациялық өнім көлемі 124 млрд теңгеден асса, экспорттағы үлесі ел бойынша 25%-ды құрады. Арқа атырабында Ғылым және технологиялар кеңесі құрылып, «Картех» орталығы ашылуда. Ордалы орталық жаңа технологияларды зерттеп, стартаптарға қолдау көрсетеді. Президент жариялаған «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында кәсіпорындар мен колледждердің байланысы күшейтілуде. Қазір 8 жоғары оқу орны, 52 колледж бар, оның 40-ы дуалды оқыту жүйесінде. Жалпы 33 мың студент білім алуда. Саран қаласында да өндірістік қажеттілікке сай жаңа мамандықтар ашылды. Атап айтар болсақ, резина-техникалық өндіріс, шиналар өндірісі, «QazTehna» үшін автокөлік бояушысы және автоқұрастырушы мамандықтары. «Qarmet» оқу орталығы базасында корпоративтік университет құрылып, «Jumys tap» және «WorldSkills» жобалары арқылы қайта даярлау мен біліктілікті арттыру бағдарламалары іске асуда.

Иә, жұмысшы жылының жылнамасы осы рәуішті. Құдды бір маңдайдан аққан тердің қадірін, қол еңбегінің құнын ұмытпаған елдің ерлік шежіресіндей екен. Халық осы жолы да бекемдік танытты. Бір кездегі сарсаң болған Саран, үні естілмей қалған зауыттар, бос қалған алаңдар бүгін қайта жанданып, қайта тыныстап келеді. Ел еңбекпен биік. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жұмысшы мамандықтарының жылын» жариялағанда, баянды бастама ұлттың іргесін бекітетін нақты қадам екенін аңғарған едік.

Стратегиялық сала

Таңданарлық нәрсе тағы бар. Өндірісті өңірде сирек кездесетін жер металдарының болжамдық қоры анықталды. Қарқаралы ауданында Құйрықтыкөл деген ірі сирек кездесетін жер металдарының кен орны орналасқан. Іздеу-қазба жұмыстары жақында аяқталмақ. Болжамдық қор көлемі 28 млн тонна деп бағаланып отыр. Бұл алаңды игеру Қазақстандағы пайдалы қазбаларды пайдалану саласының дамуына жаңа серпін беруі бек мүмкін.

– Аймақтың кен байлығын ескере отырып, шетелдік компаниялар барлау жұмыстарын жүргізу барысында. Яғни, минералды-шикізат базасын кеңейтіп, сирек кездесетін және қымбат металдарды қайта өңдеуге арналған жаңа өндірістерді салуға тың мүмкіндік береді. Мысалы, Құйрықтыкөл кен орнында геологиялық барлау жұмыстары аяқталды. Сирек кездесетін жер металдарының болжамдық қоры – 28,2 млн тонна. Алтын, мыс және вольфрамның әлеуеті зор кен орындары да қосымша анықталды, – деді облыс әкімінің орынбасары Әлібек Әлденей осы орайда.

Спикердің сөзінше, жаңа зауыттар мен қажетті инфрақұрылымды салу үшін жобалық-сметалық құжаттама әзірленіп жатыр. Облыс әкімінің орынбасары өңірдің тау-кен және өңдеу өнеркәсібін дамыту бойынша ұзақ мерзімді әлеуеті бар екенін атап өтті.

Темірдің тіні – жер қойнауында. Жер – құт, жер – береке. Осы бір мызғымас ақиқатты ата-бабаларымыз аңдап, түйір топыраққа тәу еткен. Ал, бүгінгі таңда сол құнарлы да құтты топырақтың тереңінен ерек сыр ақтарыла бастады. Құйрықтыкөлдің құпиясы тек Қарқаралының ғана емес, тұтас елдің бағы ашылар күннің нәшті нышаны болмақ. Задында, сирек металл дегеніміз – жеті жиһан таласып отырған асыл қазына. Күннен қуат алатын панельдерден бастап, ғарыш кемесіне дейін керек дүниенің негізі бұл. Бізде сол ен байлықтың бәсіресі төл топырағымызда жатыр.

Байлам

Уыста тұрмас уақыт – өз өрісін өзі таңдайды. Бірде баяу сырғып, бірде екпін алып, алға ұмтылады. Талайлы тарих төре сол уақыттың таңбасын ұмытылмастей етіп тас­қа қашар киелі шежіре ме дерсіз бірде. Өрісті де өркенді кенді өлкенің таңбатасында күйе табы бар алақан, маңдайдан аққан адал тер, жаңа зауыттың ыстығына төтеп берген жүрек жылуы бар. Ертеңіне еңсесін тіктеген елдің, биікті бетке алған болашақтың бейнесі дейміз мұны бір сөзбен. Өндірісі жандана түсіп, ұмыт қалған учаскелерге әр кірді. Қара жер қойнауынан табылған байлық жұртшылық игілігіне айналды. Ғылым мен өндірістің, еңбек пен білімнің, үміт пен сенімнің тоғысқан тұсы – осы бүгінгі Арқа төсіндегі өрлеу. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың баянды бастамалары, аймақтың жүйелі жұмысы мен халықтың жігері тоғысқан сәтте ғана мұндай тарихи белес мүмкін болмақ.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button