«TrikSat» – тиімді жоба
Сәтбаев қаласында ел Тәуелсіздігінің ширек ғасырлық мерейтойы аясында айтарлықтай айтулы шаралар легі іске асырылды. Солардың бірі – тоқыма бұйымдарын өндіретін «TrikSat» шағын кәсіпорнының тұсауы кесілуі. Жағымды жаңалыққа орай өткізілген салтанатты жиынға қатысқан қала әкімі Асқар ЫДЫРЫСОВ жоба жетекшісі Алёна ЭБЕРМАН мен еңбек ұжымына толайым табыс тіледі.
Тиімді жобаның жалпы құны 6 200 000 теңгені құраса, соның жартысына жуығы мемлекеттік қолдау қаражаты – грант есебінен бөлінген, ал қалған қажетті сома – кәсіпкердің өз қаржысы есебінен толықтырылған.
Тоқыма және тігін қондырғылары мен құрал-жабдықтары толығымен көршілес Қытай елінен сатылып алынып, жеткізілген екен. Қазіргі таңда тынысы кәдімгідей кеңейе түскен кәсіпорында, тиісінше, біліктілік деңгейін жетілдірген 9 адам тұрақты еңбек етуде. Жобаның алғашқы аяқ алысы мен оның нақты нәтижелері көңілге шуақ ұялатады. Болашағы зор маңызды іске білек сыбана кіріскен сәт – биылғы жылдың мамыр айынан күні бүгінге дейінгі аралықта 2000 данадан астам тоқыма бұйымдарын өндіріп үлгеріпті. Шығарылған трикотаж өнімдерін тұтынушыға ұсынудың ұтымды тәсілдері де жүйелі негізде қолға алына бастаған сыңайлы. Осы өңірдегі 6 орта мектеп, оның ішінде, Сәтбаевтағы 3 білім ошағы және Ұлытау ауданындағы 3 мектеппен мақсатты мәмілеге келуі – соның айғағы. Осы ретте тұтынушы тараптың ешқандай ұтылысқа ұшырамайтынын да айта кеткен жөн. Оған өнімнің сырт келбеті мен сапасы – берік дәнекер. Іскерлік әрекеттерге аса икемді әрі тәуекелшіл жас кәсіпкер фирмалық дүкен ашу және өз өнімдерін аймақтан сыртқары аумақтарға шығару ниеті бар екендігін де жасырмайды.
Қазіргі жобалық қуаты айына 600 дана бұйым шығаруға мүмкіндік беретін кәсіпорынның келешегі кемел екендігі де күмәнсіз. Жергілікті атқарушы билік жобаға мемлекеттік субсидия бөлу мәселесін қарастыру үстінде. Өз кезегінде, жоба жетекшісі тоқыма цехының жұмыс ауқымы мен өнімділігін ұлғайту мақсатында қосымша 4 тоқыма қондырғысын сатып алып, орнатуды жоспарлап отыр. Жоспарлы шаралар орнықты орындалған жағдайда әр ай сайын өндірілетін өнім көлемі 2500 данаға жеткізілмекші. Бұдан тысқары, шығарылатын бұйымдардың сәні мен сапасына ерекше мән беріле отырып, тұтынушыларға трикотаж өнімдерінің 20 шақты түрі ұсынылатын болады. Кәсіпорын қайыра жаңғырғанда қосымша 5 жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Жаңа жобаның одан әрі жандана түсуіне мүдделі тараптар белгілі бір уақыт кезеңі өте келе, кезінде сапалы бұйымдары Кеңес Одағы аумағынан асып, Еуропа елдерінің сұранысын иеленген Жезқазғандағы трикотаж фабрикасының абыройы мен даңқы Сәтбаев қаласына қайыра ораларына сенімді.
Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ
СӘТБАЕВ қаласы.