Жаңалықтар

Трансұлттық қылмыс жаһандық сипатқа ие

Диджитал дәуірі адамнан қаржылық сауаттылықпен қатар, ақпараттық тұрғыда да сауатты болуды талап етеді. Түрлі өзгерістер әрқайсымыздың өмірімізге тікелей әсер етіп, жаңа өркениет, жаңа құндылықтарды қалыптастырды. Одан бөлек, өмірімізді оңайлатқан цифрлық технология дамыған сайын, қылмыс та түрленіп, дами түсуде. Жаһандану дәуірінде шекаралардың ашықтығы, еркін нарықтық қатынастар ұйымдасқан қылмыстың өсуіне әкелуде. Әрине, мұндай қылмыстар облысымызды айналып өтпейтіні белгілі. Мәселен, соңғы бес жылдың өзінде 19 адамға қатысты трансұлттық қылмыстық іс тіркелген.

ТРАНСҰЛТТЫҚ ҚЫЛМЫС ЖАҺАНДЫҚ СИПАТҚА ИЕ

Облыс прокурорының орынбасары Талғат Мұқашев трансұлттық қылмыс жаһандық сипатқа ие бола бастағанын және одан ешқандай мемлекет сақтандырылмағанын айтады.

Өкініштісі, мұндай қылмыстарды ашудың өзі күрделі әрі мұқият жауапкершілікті талап етеді. Бірнеше мемлекеттің шекарасында жасалатыны әрі бір-бірімен тығыз байланыста болуы да қылмысты ашу мерзімінің ұзаққа созылуына әкеледі.

Трансұлттық қылмыстық әрекеттің негізгі бағыттары – тыйым салынған тауарлар мен қызметтерді немесе рұқсат етілген өнімдерді контрабандалау болып табылады. Одан бөлек, кедендік, салықтық және басқа да алымдардан жалтару, ауқымды қаржылық заңсыз операциялар, заңды түрде өндірілген тауарларды, ақшаны, зергерлік бұйымдарды, мәдени және басқа да құнды тауарларды ұрлау да осы қылмыс санатына жатады, – дейді Талғат Мұқашев.

Жалпы, трансұлттық қылмыстың тармақтары көп. Тіпті, есірткі бизнесі индустриясы да осы салаға кіреді екен. Ал, қару-жарақ, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғылардың заңсыз айналымы, автомобильдер мен олардың жүктерінің ұрлануы мен контрабандасы да бір тармағы. Адам саудасы, әйелдер мен балаларды сексуалдық қанау, мәдениет объектілері мен өнер туындыларына қатысты жасалған қылмыстар, компьютерлік қылмыстар оның қызметінің негізгі салалары болып танылады.

ҚАРАҒАНДЫ ОБЛЫСЫНДА ЕСІРТКІ БИЗНЕСІ ЕТЕК ЖАЙҒАН

Қадағалау органы басшысының берген мәліметі осындай. Бұл бірқатар трансұлттық қылмыстық ұйымдарға тән.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы қылмыстық заңнамасына сәйкес трансұлттық ұйымдасқан топ, трансұлттық қылмыстық ұйым құру және оны басқару, сол сияқты оларға қатысу аса ауыр қылмыстар санатына жататынын және жиырма жылға дейін бас бостандығынан айыруға жазаланатынын ұмытпау керек. Бірақ, жазаның ауырлығы да қылмыскерлерге тосқауыл болмай тұр. Мысалы, соңғы бес жылда облыс аумағында трансұлттық сипаттағы есірткі құралдарының заңсыз айналымына қатысы бар 19 адамға қатысты 2 қылмыстық іс тіркелді, – дейді Талғат Мұқашев.

Солардың бірқатарына мысал келтіре кетейік. Мысалы, биыл ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелеріне қатысты айыптау үкімі шығарылды. Ал, оның басында Ресей Федерациясының азаматы тұр. Ол Қазақстан Республикасының аумағында тұратын ресейліктермен байланысқа шығып, есірткі заттарын аса ірі мөлшерде өндіруді, дайындауды, сақтауды, өткізуді ұйымдастыру үшін тұрақты трансұлттық ұйымдасқан топ құрған. Мобильді мессенджерлерде курьер ретінде жұмыс ұсынатындары туралы түрлі сайттарда хабарландырулар жариялаған. Нәтижесінде, ұйымдасқан қылмыстық топтың нақты пиғылын білетіні бар, білмейтіні бар, барлығы құқық қорғау органдарының жіті әрекетінің нәтижесінде ұсталып, жазаларын өтеуде. Бұл – бір ғана мысал. Курьер боламын деп, тұтылып, білместікпен ұсталғандардың саны қаншама.

ЕСІРТКІ ӨТКІЗУДІҢ ҚҰЙТЫРҚЫ ӘДІСТЕРІ

Жоғарыда айтып өткен қылмыстық топтың ұйымдастырушысы өзге елде жүріп-ақ серіктестеріне координаттар, яғни, сұйықтық түріндегі есірткі заттары сақталған канистрлердің орналасқан орындары көрсетілген сурет жібереді. Бұл канистрлер одан әрі кептіру және психотроптық заттарды жасау үшін жеке сектордағы үйлерде ұйымдастырылған химиялық зертханаларға жеткізіледі. Дайын зат пакеттерге салынып, белгілі бір жерлерге орналастырылады. Ал, жергілікті жерлердегі ұйымдастырушылар әрі қарай іске өткізу үшін «Signal» жіберіледі.

Сондай-ақ, ұйымдастырушының нұсқауы бойынша есірткі заттары жеңіл автокөліктердің бензобактары арқылы немесе inDriver жүргізушілері арқылы басқа облыстарға жіберіледі. Тіпті, мереке кезі де есірткі өткізушілер үшін таптырмайтын кезең. Жаңажылдық сыйлық ретінде алкоголь өнімінің бөтелкелерінде де жөнелтілетінін айтады құқық қорғаушылар.

«ӨЛЕТІН БАЛА МОЛАҒА ҚАРАЙ ЖҮГІРЕДІ»

Қылмыстық топтық құйтырқы айла-әрекетіне қарамастан, құқық қорғау органдарының қызметкерлері аталған заңсыз әрекетті анықтап, тамырына балта шапты. Сот үкімімен трансұлттық ұйымдасқан топтың 6 адамы 15 жылдан 16 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылды.

Бұл бір ғана факт. Үш жыл бұрын 13 адам, атап айтқанда, ресейлік 2 азамат, қазақстандық 11 азамат трансұлттық ұйымдасқан қылмыстық топтың құрамында аса ірі мөлшерде есірткі құралдарының заңсыз айналымы үшін сотталды, – дейді

Талғат Мұқашев. Талғат Мұқашев құқық қорғау органдарының қызметкерлері астыртын әрекетті күшейткендіктен, есірткі жеткізілетін арналарды анықтай алмағандықтарын айтады. Нәтижесінде, есірткі құралдары айналымының сызбасы анықталып, қылмыс тоқтатылған.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button