Тозығы жеткен жол қашан жөнделеді?
Шет ауданына жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтан тұрғындар ауданға қатынайтын тозығы жеткен тас жолдарды қалыпқа келтіруін сұрады.

Аймақ басшысы Ақсу-Аюлы ауылының Мәдениет үйінде аудан тұрғындарымен кездесті. Ауданның мәселелері көтеріліп, көппен бірге шешу жолын бірге талқылады.
Жиында аудан тұрғындары Босаға мен Ақадыр ауылының арасын жалғап жатқан тас жолдың тозығы жеткендігін баса айтып, жөндеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Алайда, аймақ басшысы бұл мәселенің бүгін-ертең шешіле қалмайтынын айтты.
– Сіздер айтқан тас жолға жөндеу жұмыстарын биыл жүргіземіз деп айта алмаймын. 140 шақырым тас жолды жөндеу үшін қыруар қаржы керек. Ал, ондай қаржы әзірге бізде жоқ. Биыл біз Ақадырдағы 12 көшенің жолын жөндейміз. Бұл жұмыс келер жылы да жалғасады. Ал, сіздер көтерген мәселені уақытымен шешеміз. Және бұл туралы ақпарат та тарататын боламыз – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін ауданда ауыз су мәселесі шешілетіндігі және медициналық көмектің қолжетімділігіне басты назар аударылатыны жайлы жазған болатынбыз.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz