Тозығы жеткен тас тұғыр
Егіндібұлақ сапарында ұлы тұлғаларға тәу етуді күй тәңірі – Тәттімбеттің мазарынан бастағанбыз. «Фатиханы» үш қайтара оқып едік, жылы жаңбырдың себелеп қоя бергені танымымызды кеңейтіп, жанымызды семіртті. Қайран, қасиет қонған мекен. Бірақ, сол жолы көңіліміз олқы қайтып еді. Жолдың жай-күйіне емес. Толғандырған мәселе – Тәтекеңнің басына қойылған еңселі ескерткіштің ескерусіз қалғаны. Бұл – бірінші. Екінші, монумент биік болғанымен, әжептәуір тозығы жеткені менің ғана жанымды ауыртпағаны анық.
Атқа қонған батырға арнап алып ескерткіштердің санын түзіп жатырмыз ғой. Сол секілді Тәтекеңнің қолына киелі домбырасын ұстатып, қара тастан қасқайтып мүсін соқсақ, Балқантаудың бауырындағы Егіндібұлақты ен жайлаған елдің еңсесі тіктеліп қалар еді-ау…
Ескерусіз қалды дедік қой сөз басында. Суретте байқай алмасақ та, бірақ, көзге түрпідей тиетіні – сиырдың жапасы. Тізеге жетпейтін қоршаудың биіктігінен, толық қоршалмаған монументтің кірпіштері кеміріліп, келбетінің әрі кеткен екен.
Бақсақ, ескерткіштің өңі кететіндей уақыт та болыпты. Өйткені, ол 1984 жылы жасалған. Әуелі бұл ескерткіш Егіндібұлақтың тарихи-өлкетану мұражайы алдында бой көтеріпті. Кейін ел азаматтары Тәттімбеттің 175 жылдық мерейтойында (1990 жыл) күйші зиратының қасына көшіруді ұйғарыпты. Кесенесі «Мәдени мұра» мемлекеттік бағдарламасы негізінде қайта өңдеуден өтіп, жаңартылыпты. Міне, содан бері отыз жылға жуық уақыт өтті, Қазақстанның жалпыұлттық деңгейдегі қасиетті орындары мен кешендері тізімінде бар демесеңіз, иен даладағы ескерткіш ескерусіз тұр…
Бізді құрақ ұшып күтіп алған өлке шежіресінің білгірі, тарихшы Нұртас Смағұл ағамыз кесененің тарихы және жанындағы монумент туралы былай деді.
– Тәттімбет Қазанғапұлы секілді ұлы композитордың басына еңселі ескерткіш қойылуы керек. Ол үшін арнайы республикалық конкурс жарияланса, құба-құп болар еді. Арқаға белгілі суретші-скульптор Жаубасар Қалиевтің қолынан шыққан Ұлы бабамыз Қаздауысты Қазыбек бидің Егіндібұлақтағы мүсіні, әнші-сазгер Мәди Бәпиұлының рухты мүсіні секілді Сарыарқа жонын күймен тебіренткен Тәттімбет Қазанғапұлының бейнесі қазақты қарсы алса, қандай керемет. Қара тастан қасқай ған Қазанғапұлы бабамыздың ескерткішінің маңайы келген жұрттың көзін тартып, тарихтан сыр шертсе, Алтай мен Атыраудың арасындағы жұртқа бабалардың киесі қайтып келер еді, – дейді тарихшы Нұртас Смағұлов.
Қарқаралының ел тізгінін ұстаған азаматтары Алаш арыстарына арнап, қала кіреберісінен тартымды ескерткіш орнатқан. Қажы Құнанбай мен бала Абайдың ескерткіші де қала сәулетінің көрікті жеріне айналған. Ал, күй алыбы Тәттімбет Қазанғапұлының құрметіне ескерткіш орнатылса, тіпті, қатып кетер еді. Бұл игі іс қолға алынса, Арқаның адыр белінде Алаштың рухы оянарма еді?!
Қаз дауысын қаңқылдатқан Қазыбек би мен Тәттімбеттің басына барып, қол жайғаннан кейін еңсеміз ерекше тіктелді. Шіліңгір шілдеде жауған жылы жаңбырды қасиет демей көріңіз. Бойға рух дарығаннан болар, Тәтекеңнің ескірген ескерткішін билікке жеткізбекке мойныма аманат етіп қайтқандай болдық.
Мәселенің шет-жағасын білуге тиісті мекемеге, яғни облыстық тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығының басшысы Түлкібай Түлеуовке хабарласқан едік. Ол кісілер де ескерткіштің тозығы жеткенінен хабардар екен.
«Біздің жігіттер 10 шақты күн бұрын барып, монументті көріп қайтты. Қазіргі уақытта мамандар жұмыс істеуде. Егер де ескерткішті қайта қалыпқа келтіретін болса, қанша қаражат жұмсалатынын есептейді. Ал, тіпті, жарауға келмесе жаңа ескерткішке кететін ақшаның көлемін қарастырады. Сосын заң талаптарына сәйкес тиісті құжаттар дайындап керекті қаражатты есептеп, бюджеттік ұсыным әзірлейміз. Қажет қаражатты бюджеттен бөлінгенін немесе демеушілер қолдау көрсеткенін күтеміз. Бірақ, бұл жұмыстың қай уақытта шешілетінін нақты айта алмаймыз», – дейді Түлкібай Сақтағанұлы.
…Құлағымды бірде күмбірлеген Тәтекеңнің «Көкейкестісі» тербесе, енді бірде «Саржайлауы» сағым боп, «Ерке сылқым» елітіп тұрады. Бұл – күй құдіреті һәм кие қасиетінің өзі екені анық…
Қасымхан ҒАЛЫМ.