Тосын қауіпке – тастүйін дайындық
Өңір басшысы Ермағанбет Бөлекпаевтың қатысуымен өткен аппараттық кеңес жылыту маусымын ойдағыдай өткеру мәселелеріне арналды. Теміртауда ескі қала тұрғындарын жылытатын ҚарГРЭС-1 кәсіпорны апатты жағдайға байланысты мазут отынына көшті. Қажетті температуралық режим 86/64 жоспарымен салыстырғанда 87/65 режимін құрайды. Станцияда жанармай қоры жеткілікті.

– Теміртаудағы жағдайға келсек, кеше түнде сонда болдым. Шұғыл шаралар қабылданды. Қазір станция штаттық режимде жұмыс істеп тұр, – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев аппарат отырысында.
Жылу беру маусымын өткеру барысы туралы Қарағанды облысының энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Ербол Төлеуов пен қала және аудан әкімдері есеп берді.
– Барлық жеті энергия және жылу тарату көзінің қызметі қалыпты. Ал, Теміртау қаласындағы екінші жылу электр орталығында бүгінде бес қазандық пен үш турбина жұмыс істеп тұр. №1 қазандық пен бір турбина жөнделуде. Облыс қоймаларында 1 миллион 473 мың тонна көмір, 19 мың тонна мазут бар. Көмірдің нормативтік қоры барлық энергия көздерінде бірдей сақталады, жағдай тұрақты. Теміртауда ГРЭС-1-де температуралық қызмет кестесі қалпына келтірілді. Кешкілік мезгілде жүйе іске қосылып, қалада жылу штаттық режимде беріледі, – деп мәлімдеді Ербол Төлеуов. Өз кезегінде облыс әкімі барлық қазандықтар мен әлеуметтік қамсыздандыру нысандарында тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыруды қадап тапсырды.
Аудан мен қала әкімдері де жағдайдың тұрақты екендігін бірауыздан жеткізді.
– Бірінші жылу электр орталығының температурасын 105 градусқа дейін көтеруге мүмкіндігіміз бар. Өйткені, кешке қарай аяз көтерілуі мүмкін. Халықтың түрлі шағымы мен өтінішіне тап сол жерге барып жауап береміз. Әлдебір көмек қажет болған жерге барып, ел тілегін назарсыз қалдырмаймыз, – деп сендірді қала әкімі Мейрам Кожухов.
– Өмірлік маңызы бар нысандардың жұмысына бақылауды күшейту қажет. Әсіресе, энергетикалық қадағалау амалдарымен бірге барлық жылу электр орталығының жай-күйіне мұқият болу маңызды. Төтенше жағдай орын алған жағдайда жедел топтар легі даяр болуы керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Штаттан тыс жағдайларға жедел ден қою үшін Ербол Төлеуов барлық кәсіпорындарда авариялық-техникалық топ құрылып, жалпы саны 128, ал жеке құрамда 2 118 адам даяр тұрғанын жеткізді. Материалдық-техникалық құралдар мен жанар-жағармайдың қажетті қоры да бар. Барлық қажетті нысандар 647 бірлік көлемінде көлікпен және арнайы техникамен жабдықталғандығын қосымша хабарлады салалық басқарма басшысы.
Қарағанды облысында жосықсыз жүзетін 824 су көлігі тіркелді. Бұл деректі бақылау патрульдері тіркеді. Құқық бұзушылар айыппұл арқалайды.
– Бұл мәселені табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасымен бірлесіп шешеміз, – деді Қарағанды облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясының басшысы Серік Башимов сөз алып. Оның айтуынша, тексеру нәтижелері бойынша осы маусымда өзен қайықтарын пайдалануға тыйым салуға ондаған нұсқама мен ескерту берілген. Су көліктерін бақылау саласында 81 әкімшілік іс қозғалып, 450,2 млн. теңгеге айыппұл салынды.
Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев су көлігін пайдаланудағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жұмысты жалғастыру қажеттігін атап өтті. Бұл судағы жазатайым оқиғалардың қаупін барынша азайтады.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz