Спорт

Аймақта білім беру саласы қызметкерлері арасында республикалық волейбол турнирі өтті

Қарағандыда білім беру саласы қызметкерлері арасында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері Зекен Рахимов атындағы V республикалық волейбол турнирі өтті. Бұған дейін бұл дода тек облыстық деңгейде ұйымдастырылып келсе, биыл алғаш рет республика көлемінде өткізілді. Ашылу рәсіміне облыстық білім басқармасының басшысы Дулат Жекебаев қатысып, спортшыларға сәттілік тілеп, жарыстың маңыздылығына тоқталды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Биыл бесінші мәрте ұйымдастырылған турнир тек спорттық сайыс қана емес, кәсіби білім беру саласының мамандары арасындағы өзара ынтымақтастықты нығайтып, саламатты өмір салтын кеңінен насихаттайтын айрықша шараға айналды. Алғаш рет республикалық деңгейде өткізіліп отырған додаға биыл бес облыстан 21 команда қатысып, екі күн бойы өзара мықтыны анықтады. Әрі тәжірибе алмасып, кәсіби шеберліктерін шыңдады.

– Әуелі сіздерді күні кеше «WorldSkills Kazakhstan 2025» X республикалық кәсіби шеберлік чемпионатында жүлде алып келген облыстық команданың жеңісімен құттықтаймын. Біздің команда жеңіске бір табан жетпей, жүлделі ІІІ орынмен оралды. Былтыр дәл осы чемпионаттан қомандамыз тек бір алтын ғана алып еді. Биыл бес алтын, жеті күміс және 14 қола жүлде алды. Бұл дегеніңіз, өңірдегі кәсіптік білім беретін оқу орындарының білім сапасының жоғары екендігінің айғағы. Жалпы, кәсіптік саланың дамуына үлкен үлес қосқан жандардың көш басында Зекен Рахымұлы тұр. Ол кісінің еңбегін сала мамандары ешқашан ұмытпайды. Әрі ешқашан ұмытылмайды да. Мен ол кісінің тәрбиесін көрдім. Сол кісіден алған білімімді, тәлім-тәрбиемді күні бүгінге дейін өмірлік жолымда қолданып келемін, – деді Дулат Шайкенұлы.

Сонымен қатар, іс-шараның ашылуына Зекен Рахымұлының достары да келіп, естеліктерімен бөлісті.

– Біз – жақсының жақсылығын ұмытпайтын халықпыз. Иә, Зекен Рахымұлының еңбегі әлі күнге дейін ел жадында жаңғырып тұр. Ұмытылмақ та емес. Мен ол кісінің жанында жүріп, өмірлік маңызы бар талай дүниені үйрендім. Кеңпейіл болатын. Зерек еді. Бойындағы асыл қасиеттерінің бәрін бүгінгі өскелең ұрпаққа үлгі етіп келеміз. Оқу мен білім бар жерде спорттың да қатар жүретіні заңды. Ал, спорт – бірлікке бастайтын күш. Сол себепті жыл сайын осы турнирге қатысушылар қатары көбейе берсін деп тілеймін. Бұл турнир барда Зекен Рахымұлының еңбегі халық жадында мәңгі сақталмақ, – деді Зекен Рахымұлының үзеңгілес досы Аманжол Нұрбеков.

Ойындар «Жастар» спорт кешені мен Қарағанды жоғары политехникалық, «Болашақ» жоғарғы колледжі және Қарағанды көлік-технологиялық колледжі базасында өтті. Екі күн бойы командалар өз шеберліктерін сынап, мықтылар анықталды.

Турнир қорытындысы бойынша Түркістан индустриалды-құрылыс колледжінің волейболшылары топ жарды. Ал, ІІ орынға Алматы облысынан келген Есік гуманитарлық-экономикалық колледжінің командасы тұрақтады. Үздік үштікті Ақмола облысының жоғары аграрлық-техникалық колледжі түйіндеді.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button