Көкейкесті

Торқалы той деп, топырақты өлімді өсіріп алмайық

Абайша айтсақ… «Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе?» Өйткені, осы күні кімді мүсіркейтінімізді білмейміз. Той-жиынға барып, індет жұқтырып, мұрттай ұшқанды ма? Тойшылдарды тарқатамын деп таяқталған топты ма? Тойы топалаң болған  иесін бе? Далаңдап, ебіл-дебілі шыға қашқан қонақты ма? Тойы өтпеген  жас жұбайды ма?  Айтқанын істетіп, айдағанына жүргізе алмаған билікті ме? Табысы кемігенде жұмыртқадан жүн қырыққан тойхананың иесін бе? «Қой» дегенде қоймайтын қазақты ма?  Білмей қалдық. Бір білеріміз –   «тығылыспақ тойды» тыятын, «қонақ қашқан» жаңа «дәстүрді» жоятын пәрменді шара қабылдануы тиіс. Үкімет, мемлекет деңгейінде…

«Тығылыспақ» той

Қазір қоғамның пікірі қаққа айырылды. Бірі – індет жағдайында «тойды біржола тыю қажет». Екіншісі  – «адамды шақтап, санитарлық талаптарды сақтап, той жасауға рұқсат беру керек».  Әлеуметтік желіде мобильді топты көріп, тойды тастап қашқан бейнежазбалар қаптап жүр. Бірақ, «солай екен» деп тыйылған той кәне?! Мейрамхана да мұңсыз. Айыппұлын төледі. Одан әрі тойын өткізіп жатыр әлі күнге.  Мейрамханалардың алдында полиция қызметкері тұрса да, ішінде тойлататын жағдайлар бар. Тексеріс кеткеннен кейін қайта жиналып той жалғасатынын да бәрі біліп отыр. Ендеше, бұл арада, қоғамның пікірінше, екі-ақ жол бар. Ол жоғарыдағыдай. Әйтпесе,  тойды бұзып, өткізбей, ысырап етілуі,  қанша дегенмен, кімге де болса, оңай емес. Бұл мәселе – әлеуметтік желіде де «қыз-қыз» қайнап тұр.

«Не деген сорлы елміз десеңші.

Жұрт ертең, жалғыз баласына той жасай алмады – деп сөз қылады деп, мына өршіп тұрған дертке қарамай той жасауда.

Тойхананың иесі ешқашан ұтылмайды. Тойхананы жалға алу келіссөздер барысында, бірден 600 000 теңге айыппұл салса, оны сіздер көтересіздер деп келісіп алады.

Ақыр аяғанда, той иесі 600 000 теңге айыппұл төлейді, тойхананың арендасын төлейді, тойға алған керек-жарақтар бар….

Сонымен белшесінен шығынға батады. Той жасаушылардың біржола күдерін үзгізу керек деп ойлаймын. Емексітпей. Әйтпесе олар да пенде ғой, анау жасап жатыр, мынау жасап жатыр деп елігіп кетуде», – дейді заңгер Қайрат Жұртболов әлеуметтік желідегі парақшасында.             (Орфографиясы сақталды – автор).

Ұлттық статистика бюросының дерегінше, елде жыл басынан бері маусымға дейінгі қиылған некелердің саны  көп. Былтырдың жарты жылымен салыстырғанда 44,2 пайызға  өскен. Соның ішінде, Қарағанды облысында  бірінші тоқсанда 2094 неке қиылыпты. Қарағанды аймағы алдыңғы үштікте болмағанымен, жуан ортасында. Қазір үшінші тоқсанды тауысып қалдық. Одан беріде қанша неке қиылғаны туралы нақты ақпарат әлі шықпады. Алайда, былтырғы індет кезінде аймақта 9401 неке кесіліпті. Әсіресе, былтырғы жазда, күзде некенің молынан тіркелгенін айтады облыстық статистика департаменті. Осы жылы да бұдан аспаса, кемімеуі тиіс. Бұл – жастар індет кезінде неке қимасын деген сөз емес. Мәселе – осының қаншасында ұрланып той жасалғанында. Нешеуінің  тойын мобильді топтың тұсаулағанында. Ысарап етілгенінде. Бұл дерек   тағы беймәлім.

«Қонақ қашқан» – қазіргі тойдың жаңа «дәстүрі»

Ресми деректер, Қарағанды облысында жыл басынан бері 140 585 нысан тексерілгенін мәлімдейді. Оның арасында, карантин талаптарын бұзғандардың саны  – 2277 екен.

Ал, осы тамыз айының 1-нен 16-сы аралығында мобильді топ тексеруге 8 326 нысанға барған. Соның ішінде, 177 нысан, 37 тұлғаның санитарлық талаптарды сақтамағаны белгілі болған.

«Билікке де,  халыққа да құлаққағыс !

Жалпы кейінгі кездегі аста-төк той-томалақ, ысырап астарды тығылып, жасырын өткізу, мониторлық топтың оларды қоян аулағандай қудалауы, той иелері мен қонақтардың подвал, шатырға тығылып, немесе бір-бір пакетті құшақтап жапа-тармағай қашулары, немесе бір-бірімен төбелесуі жиіркенішті анекдоттағыдай, мысық пен тышқанның ойынына айналды… Досқа күлкі, дұшпанға таба болдық. Осындай жабайы  жағдай Орта Азия мемлекеттерінің бірінде жоқ екен.  Әкімдіктің мониторлық топтары да қажыды, әлеуметтік желіде өшпенділікпен өш алуға да “жақсы тақырып” табылды, “албастыларды аулау да” (охота на ведьм ) белең ала бастады… Осындайда айтқан шығар ұлы Абай түңіліп:   «Тасыса өсек, Ысқыртса кесек, Құмардан әбден шыққаны, Күпілдек мақтан, Табытын қаққан, Аңдығаны, баққаны.  Ынсап, ұят, терең ой, Ойлаған жан жоқ, жауып қой» деп… Осындай ұят, масқара жағдайды тоқтату керек, әйтпесе жағдай бұдан да әрі шиеленісе беруі әбден мүмкін!

Шешу жолы -тойлар мен астар өткізуге ұлықсат берілу керек!  Ол үшін арнайы өткізу ережесін жасап, әр шараға қатысатын адамдар саны, шара өткізу ұзақтығы, санитарлық нормалары  белгіленіп, (мысалға Қыз ұзату, Үйлену тойы 50-150 адам 5 сағаттан артық емес, Ас беру 100 адамға дейін 1,5 сағат т.б. с.с.) СЭС, Мониторлық топ, Тойхана иесі мен Шара ұйымдастырушылар арасында қол қойылып, міндеттері мен жауапкершіліктері белгіленіп,”Ашық” жүйесімен кіргізіп  ретке келтіру керек! Халық та қуанбаса ренжімейді, тәртіпке еріксіз бағынады! Сонда  мониторлық топқа да қадағалау, тексеру жеңіл болады. Бұл – қоғам мәселесі. Сондықтан, халық өкілдері – Қоғамдық кеңестерде атсалысу керек! Егер бекітілген талаптар орындалмаса, кінәлі жақты аямай айыппұлмен жазалау керек! Ал 1 жасқа толу, шілдехана, сүндет тойы, оқу бітіру сияқты отбасылық шараларға ұлықсат бермеу керек, әркім өз үйінде өткізсін, оларға да белгілі бір шектеулер бекітілгені дұрыс!» дейді Facebook парақшасында Ниқанбай Омарханов. (Орфографиясы сақталды – автор).

«Көлікте, базарда санитарлық талап сақталмайды. Соны неге көрмейді? Тойды аңдығанша. Вирус автобуста жүрмей ме?» деген пікір де  жетерлік. Мұнда да санитарлық талапты сақтамайтын тағы өзіміз. Қоғамдық көлікті тоқтатса, ұлардай шулайтын да біз. Тоқтатпаса, «санитарлық талап жоқ» дейміз. Онда кіріп, ескерту жасап та жүр. Бетперде тағуын өтініп. Үзілістерде дезинфекциялауды да жүктеді. Соны құлаққа қыстырғаны кемде-кем. Кімді кінәлаймыз? Біреуді айыптамас бұрын әуелі өзіміз сол кінәдан таза болуға тиіспіз.

Өзге өңірде не тірлік?

«Той десе, қу бас домалайтын» елміз. Қарағандыдан басқа облыстардың да опа таптырғаны шамалы. Әйтсе де, дәл біздей қырға шығып, жолсызбен жортқанын, терезені сындырып, кіруге мәжбүрлегенін, мобильді топты таяққа жыққанын көрмедік. Бар болса, бар шығар. Көзімізге түспеді. Құлағымыз шалмады. Түркістан облысында әр полицияны мейрамхана алдына күзет етіп қойды. Одан соң Шымкентте қайта-қайта той жасап, талапты бұзған бірнеше мейрамхананы  жауып тынды деген де дерек шықты. Қайбір жетіскеннен? Амал жоқтықтан баяғы. Қайтпек керек мұндайда?! Індетті тыю үшін.

Түйін

Тоқсан ауыз сөздің тоқ етері не? Расында, көпшілік айтқандай, я бүк, я ішік қылуды қажет етеді мына жағдай. Не біржола заңды түрде санитарлық бас дәрігердің қаулысымен шегелеп, шегендеп жабылуы тиіс. Не шағын адамға ғана рұқсат берілуі керек.  Дегенмен, соңғысының тәуекелі жоғары. Оның бәсінде – адам өмірі тұр. Оны да естен шығармайық. Торқалы той деп, топырақты өлімді өсіріп алмасақ, болғаны. Ал, індет әлі айылын жиған жоқ. Оны да естен шығармалық… 

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button